HALYQLINE.KZ Автокөлік мінген имамға жабылған жала, жағылған күйе, қазақтың имамына емес иманына жағылған күйе деп түсіндім. Имансыздық бізде бұрын-соңды болмаған дәрежеде өршіп, белең алды. Күмән көбейді.
Жамандаудан жан, қаралаудан қара салмаймыз алдымызға. Елбасыдан бастап, Президент, Министр, Әкім тағы басқа кім??? Құдай-ау арысы әнші, берісі жазушы-сыншыға дейін аямай сынап тастаймыз. Халық сыншы дейміз. Жә! Жетер енді. Бүгінгі сыншылық, міншілдік, біле білгенге, кәдімгі күншілдіктің ауылынан алыстамай тұр. Түбіне терең үңілсеңіз, тап-таза көреалмаушылық һәм қазақтың қанында қайнап тұрған кесірлік. Бірін-бірі көре алмайтын, біріне-бірі бере алмайтындар қарасы молая түсті қоғамда. Бұның барлығын әлеуметтік теңсіздікке, жетімсіздікке әкеліп тіреп қоюға болмайды. Бұл – аса қауіпті кесел. Түртпектей тарту, аяқтан шалу. Біздің қоғамда үдеп бара жатқан осынау үрдістің желкесін ертерек үзбесе, бұның аяғы жақсылыққа апармайды. Баяғы НКВД үштігі кезінде қазақ бір-бірін неге аяусыз ұстап берді? Көреалмаушылықтан. Қырылып қалған жоқпыз ба? Салдары сұмдық. Өз жерімізде 24 пайызды ғана құрап, жойыла жаздадық. Себебі неде? Себебі сол ұлттың бойына рухани құндылықтарды енгізе алмадық, жалпы көпті текті ұрпақ етіп тәрбиелей алмадық. Тасада жатып тас атарлық тексіздікті төрге оздырдық. Бүгінде сол ауру қайта өрши түсті. Бұның түп төркіні құқық қорғаудан тамыр тартып тұрғаны өкінішті. Қорғаушылары да, қолдаушылары да, үррриит-соқтаушылары да солар деген әңгіме желдей еседі қоғамда. Содан шайпау қатын, кесір келіннен шыққан осындай пайымсыз пікірлерге әй дерлік әже мен қой дерлік қожада дәрмен болмай тұрғандай. Бәледен машайық қашыпты дейміздағы демімізді, дымымызды шығармаймыз. Өзі жақсы адам, жақсы маман қалды ма бізде? Кім бар жақсы, міне, біздің ұлттың ұстыны деуге тұрарлық, ұлықтауға тұрарлық тұлғалы, тұрпатты адам, маман бар ма? Жоқ! Барлығы жаман. Соңғысы соңғы сапарыңа дайындап, жаназаңды шығаратын жандарға дейін жағасынан алынып, жаман болып шықты. Кәріні сақалынан сүйреп сабайтын, Жаратушыға да тіл тигізіп, жаратпай сыбайтын кім? Әрине біз. Неге? Өзімшілміз. Тәкәппармыз. Имамға автокөлік бергенше бір мұқтажға неге пәтер бермеді дейміз. Сіз, біз қайдан білдік, бәлкім он мұқтажға пәтер берген атымтай-жомарттың жүрегіне жаратушы осылай жақсы іс жасауды жазып қойған шығар. Жаратушының жазғанына да қарсымыз ба сонда? Шайтан өте ілімді, мәртебелі, Аллаға ең жақын жаратылыс болған бір кездері. Мұқым періштелерге имамдық еткен. Бір сәтте бейшаралық күйге еніп, шерменде болып, Жаратушы дәргейінен шеттеліп қала берді. Неге? Көреалмаушылық. Тәкәппарлық. Түсінеміз бе осыны. Әй, қайдам. Барлығын естуші үкімет, естисің бе??? Кейде кей нәрселерді естімеген де жақсы секілді. Әйтпесе бұл түрімізбен, бүгінгі осы сиқымызбен жақсыларымызды, жақсылығымызды жоғалтып алуымыз кәдік. Түртпектей тартып, аяқтан шалып, ғайбаттап қалып жатамыз. Қалмады жақсы, барлығы бақсы, кімге енді тасты атамыз?
Нұрболат ПІРІМБЕТ,
әлеуметтік желідегі жазбасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!