Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кездесуде келелі мәселелер көтерілді

24.02.2023, 10:30 198

HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы Ахатов құқық қорғау органдарының басшыларымен және де дербес бөлім басшыларымен бірге тоқсан сайын халықпен кездесуді үрдіске айналдырды.

Кездесулердің басты ерекшелігі, енді аудан басшысы сағаттап баяндама оқудың орнына, үш ай бұрын көтерілген мәселелердің шешімін тапқанын бір бөлек, алдағы уақытта шешілетінін бір бөлек баяндап, тұрғындардың өзге де мәселелерін тыңдауға басымдық беруде.

Мәселен, Ақмая ауылдық округінде өткен кездесуде шаруа қожалығынан бөлініп шығып, жер үлесін өздері пайдаланғысы келетін бірнеше ауыл тұрғынына жер үлесін алудың заңды жолы түсіндіріліп, қожалық басшылығымен бірге ортақ шешім шығарылды. Сондай-ақ, мектеп ғимаратының жылу жүйесін көгілдір отынға ауыстыру мәселесі айтылып, бұл жай бойынша білім бөлімінің өкілдері білім басқармасына 3 млн 600 мың теңге көлемінде өтінім берілгенін айтып, «мәселе жуырда шешіледі» деді.

Ал, Тұран ауылдық округінде өткен кездесу барысында тұрғындар трансформатор қажеттілігін айтып, аудан басшысы барлық ауылдық округке өткен жылы бір дана трансформатордан алынғанын, биыл олардың іске қосылатынын жеткізді.

Еңбекші елді мекені тұрғындары болса, жедел-жәрдем көлігінің тозғандығын, ауылға жаңа көлік керектігін айтты. Бұл мәселе турасында ауданаралық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әмір сөз кезегін алып, «Барлық ауылдарда осыған ұқсас жағдайдың қайталанып отыр, алдағы уақытта басқарма тарапынан жедел-жәрдем көліктері берілсе қажеттілігіне сай ауылдарға кезең-кезеңімен беріледі», деді. Мұнан соң, аудан әкімі ауылдық округке қарасты Қосүйеңкі елді мекеніне қатысты ақжолтай жаңалықта жеткізіп, тұрғындарды бір қуантты. Дәлірек айтқанда, биылғы жылы Қосүйеңкіде көптен бері шешімін таппай келген ауыз су мәселесі шешімін табатын болады. Сондай-ақ, ауданға қарасты Ақтам, Қызылқайың ауылдарының да ауыз су мәселесі оң шешілуге жақын.

Жиделіарық елді мекенінің тұрғындары болса, «биыл ауылға газ кіреді» деген қуанышты жаңалықты естіп бір марқайып қалған сыңайлы. Ендігі жалғыз алаңдайтын жайлары, осы газ жүйесі жүргізілген сәтте асфальт жабындысына зиян келмесе дейді. Бұл уәжді тыңдаған аудан әкімі Нұржан Ахатов газ жүйесі жүргізілген сәтте ел азаматтары бірігіп бақылау жасаса деген ұсыныс айтты. Мұнан бөлек тұрғындар ауыл көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу, егістік жерлерге қатысты туындаған мәселесін айтып, жауапты сала мамандарымен бірге шешу жолдарын қарастырды.

Керделідегі халықпен кездесу барысында тұрғындар ауылда айтарлықтай мәселенің жоқтығын айтып, аудан басшыларына алғыстарын білдірді. Мәселен, өткен жылы Керделі көшелеріне толықтай асфальт жабындысы төселген. Көшелерінің көп бөлігі түнгі жарық шамдармен жарықтандырылып, спорт кешені, медициналық амбулатория секілді нысандар ел игілігіне жарап тұр. Дегенмен, тұрғындар кездесу барысында «ауыл әкімдігіне жаңа ғимарат берілсе» деген өтініштерін де айтып қалды.

Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: