Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кері қайт, карантин!

18.06.2021, 17:00 912

– Ешқандай ауру жоқ, бәрін қолдан жасап отыр екен ғой…

– Коронавирус деген қып-қызыл өтірік!

– Жер бетінде адам көбейіп кеткен, соны азайту керек дейді. «Политика» ғой бұл да!

– Коронавирус дегенге сенесің бе? Ауырып жатқан танысың бар ма?

Бұл – пандемия басталған кездегі ең көп айтылған сөйлемдер. Иә, ол уақытта алып-қашпа әңгімелер, фейк ақпараттар, жаңалықтар желдей есті. Ел-жұрт үрей құшағындағы өмірге қадам басты. Ойлау жүйесі жоғары жандар ресми ақпараттарға ғана сенетін болды. Адамдар жаңалықты сараптауды, ақ-қарасын ажыратуды үйренді, алдына келгенін оңды-солды орып, жұтып әкететін комбайн секілді болудан арылды. Рас, халықтың ақпараттық тынысы ашылды. Әлеуметтік желілердегі өсек-аяңға, өтірікті шындай етіп айтатын көрші жеңгеге, «подписчиктері» мен заң алдында жауапкершілікті сезінбейтін блогерлерге емес, Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігіне заңды тіркелген, БАҚ туралы заңға бағынатын, соның аясында жұмыс істейтін журналистерге сенетін деңгейге жетті. Мұның өзі түсіне білгенге үлкен сабақ болды.

2020 жылдың 15 наурызында елімізде төтенше жағдай енгізілді. Жарлыққа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

«Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16) тармақшасына және «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН» делінген еді Ақорда таратқан хабарламада.

Шынында, өткен жыл көктеммен бірге келген карантинімен, төтенше жағдайымен ерекше есте қалды деп жүрміз. Біз бұған дейін бұндай күйге түсіп көрмедік. Орда бұзар жасқа қадам басқан ел тарихында да мұндай қатаң шектеу шаралары болған емес-ті. Сондықтан шығар, әуелгі кезеңдерде төтенше жағдай режимінің механизмдерінде көптеген қателік болды. «Бас ал десе, шаш алу» фактілерін де кездестірдік. Басшылық қара халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай жасай алмады. Кей кезде биліктің оң шешімін дұрыс түсінбеген тұрғындар да табылды.

Жалпы, коронавирус өрт секілді. Таралуы да соған ұқсас. Өрт кей жерлерде лаулап жанса (ауру кейбір елдерде тым асқынып кетті – авт.), енді бірнеше жерде жалыны қалды. Айтқандай, көзге тек түтін болып көрінетін аумақтар бар. Күллі әлем «инфекцияның емі – оқшаулану» деген шешімге, тұжырымға келді. Ол рас. Шекарасын ерте жауып, «өрттің» алдын алған елдерде тәжтажалдың тіркелуі аз болды. Уақыт – бәріне емші. Пандемиямен жағаласып жүріп бір жылды артқа тастадық. Адамдар өзге үшін де, өзі үшін де сақтық шараларын сақтау қажеттілігін ұғынды. Карантин режиміне қоғам бірте-бірте сіңісті. Қалыпты өмір сүруді жалғастырды. Иә, алғашқы кезде ақпараттық үрей басым болғанға ұқсайды. Коронавирус тақырыбындағы түрлі-түрлі жаңалықтардан көз ашпағандықтан, әр адамда психологиялық қысым болды.

Иә, біз қашаннан бір нәрсені салыстырудың хас шеберіміз ғой. Төтенше жағдай, карантин режимі орнағаннан бері мұның да ағы мен қарасы турасында толғанып, түрлі-түрлі пікір білдіріп үлгердік. Басқасын айтпағанда дәл осы шектеу шараларынан заңбұзушылық, құқықбұзушылықтың едәуір азайғаны жайлы мәліметтерді уақытында жылы қабылдағанбыз. Бірақ, кез келген істің де көлеңкесі мен күнгей жағы болатынын да ұмытпадық. Айтпақшы, індет індеп жатқан шақта мынадай ақпаратқа көз жүгіртіп, таңғалғанбыз. Қызылордада 3 айға жететін дәрі-дәрмек қоры 1 аптада сатылып кеткен. Қарап тұрсақ, тапшылықты туындататын да – өзіміз. Жарға жығатын жалған ақпаратты оқып алып, азық-түлік алуға ағылғандар жайлы да жазуға болады. Шынын айту керек, «Бірінші байлық – денсаулық» деген мәтелдің мән-мағынасын барынша түсіндік. Бір жағынан карантин бізді ақша жинауға үйретті. Артық жүріс-тұрысты, той-томалықты тыйды. Теңге тиыннан құралатынын түсіндірді.

Пандемия кезінде онлайн сауданың жақсы жолға қойылғаны жасырын емес. Бұл өз кезегінде цифрландыруға да оң әсер етті. Халыққа қызмет көрсету орталықтары онлайн қызметтің артқанын, тұрғындардың электронды қызмет түріне үйреніп-ақ қалғанын жиі-жиі айтумен болды. Карантин тойдағы аста-төк болудың, ысырапшылдықтың алдын алды.

Үй карантині – індетті жоюдың бірден-бір жолы. Дәл осы ұранмен бірқатар қауіптің алдын алғанымыз рас. Осы күні бұл ұран басқаша сипат алуда. Қазір «Ұжымдық вакцина індетті індетпейді» деген түсінік қалыптасып үлгерді. Әрине, сақтансаң, сақтайды. Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен адас! Ел аман, жұрт тыныш болсын! Ал, карантин, сен кері қайт!

Рыскелді ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: