Аудандар арасында рейтинг жүргізілсе, даму динамикасы жағынан жүз жырау шыққан мекен кенжелеп келе жатқанын мойындауға болады. Дегенмен, Қызылорда облысы дегенде, бірінші кезекте «Қорқыт ата» мемориалды кешенін айтамыз. Бұл тарихи жер Қармақшы ауданының бойында орналасқан. Одан бөлек, ресейліктер жалдап алса да, қазаққа тиесілі «Байқоңыр» ғарыш айлағы да Қармақшының кең жерінде екені ақиқат. Мұндай том-том тарихы бар мекенге кімнің көңілі бөлінбей қалған? Әлде өз қалтасынан артылмаған басшылар бұл ауданға «қызмет» етуге келген бе? Неде болса, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшыға биыл облыстық бюджеттен қыруар қаражат бөлді. Кезінде елдің жайын жырлаған жыраулардың ұрпағына қомақты қаражат қажеттіліктеріне жұмсалса игі. Осындай құнары бар топырақта туып-өскен азаматтар өзінің мекеніне елеулі үлес қосып жүр. Бұған өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткізілген баспасөз турында көзіміз жетті.
Тірліктің жемісін көру үшін еселі еңбек қажет
Таң азанымен шыққаннан кейін көлікте көздің шырымын алуды ұйғардық. Сөзімізді киноның жасанды сценариіне ұқсатып, әсірелеп сабақтауға болады. Бірақ шындығы шаршағандықтан ба, түк сезбей қалың ұйқыда жаттым. Бір кезде шошып оянсам, киелі мекен Дүр Оңғар ауылына келіппіз. Жақында ғана әлемжеліден ән мен күйі өрнектеліп жатқан ауыл ортасында субұрқақ барын көрген едім. Нағи Ілиясов ауылымен тең дәрежеде келе жатқан ауыл екені есіме түсті. Тұрмағамбет Ізтілеуов:
«Қаратамыр ол – Оңғар,
Ақмарал, бұғы һәм арқар.
Қоныстанған қысы-жаз,
Асқар таудың үңгірі» деп жырға қосу арқылы тау ақынға ешкімнің өресі жете бермейтінін сипаттаған еді. Сол ауылдың кіреберісіндегі алма бағынан баспасөз турымызды бастауымыз керек. Алайда Дүр Оңғарға асыққандай бақты көрмей өтіп кетіппіз. Кері бұрылып, Жаңажол ауылдық округінің кіреберісіне биыл егілген алмабақтың жасыл желекке айналғанын тамашаладық. 4 гектар жерді қамтитын аумақта 8600 түп алманың 5 сорты егілген екен. Атап айтсақ, «Голден Делишес» – 6300 түп, «Старкримсон» – 1250 түп, «Мельба» – 450 түп, «Столовка» мен «Қызылай» – 300 түптен. Бұл шаруашылықтың директоры Орынбасар Төлепов – алма егуде тәжірибесі бар адам. 2017 жылы 2 гектар, 2018 жылы 2 гектар жерге алманы егіп, қазір жемісін көріп отыр. Бірақ оны жабайы түрде, яки арықтың суы арқылы еккенін айтты.
– Алма бағы негізінен көп күтімді талап етеді. Уақытылы дәрі-дәрмегін беру, отақтан тазарту да жемістің мол болуына септігін тигізеді. Былтырдан бастап, мына жердің бәрі жыңғыл еді. Соны тазарттық, жерді тегістедік. Сосын тұзы 2,5 есе көп екен. Бұны атыздап суардық. Қазір жамбылдық жас агрномды жұмысқа алдық. Польша мемлекетінде білім алып келген бала. Ол біраз шаруашылықты қарайды. Соның кеңесі бойынша «Голден Делишесті» көптеп ектік. Әрбір алма сортының қарау ерекшелігі де әртүрлі болғаннан кейін қалғандарын аздау еккен жайымыз бар. Бұйырса, 3 жылдан кейін өнімін береді. Оған дейін біраз тер төгу керек. Бұл Сыр халқына етене таныс күріш емес, сондықтан бұл жеміс ағашының күтімі жайында үнемі ізденісті қажет етеді, – деді ол.
Тірліктің жемісін көру үшін жемісті еңбекті қажет етеді. Алдағы уақытта алма бағы нәтижелі болса, кәсіпкер өрік, шабдалы, жүзім жемістерін егуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде жарты гектар жерге қарбызды еккенін айтты.
Аллеяның айналасы суға толды
Бақтан шығып, Жосалы кентіне қарай жол тарттық. Мұнда Қармақшы ауданы бойынша кент және ауылдық округтерді аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 11 жерден аяқсу ұңғымаларын орнату жобалары жүзеге асырылуда. Жалпы жоба құны – 202 136 000 теңге. Бұл жұмыстың жай-жапсарын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің әдіскер маманы Нұрбек Шегебаев таныстырды.
– 2022 жылы облыстық бюджеттен аяқсуға қаржы бөлінді. Оның ішінде, Жосалы кенті – 4, Төретам кенті – 2, Ақай ауылы – 1, Қармақшы ауылдық округі, Жосалы ауылдық округі, Иіркөл мен Ақтөбе ауылдық округтеріне 1 ұңғыма орнату тапсырылды. Жосалы кентіндегі Қазақ хандығының 550 жылдық аллеясындағы №17-ТВ техникалық су ұңғымасын орнатуға «Құрылыс Бизнес и К» ЖШС жеңімпаз атанған, жоба құны – 12 320 000 теңге. Сондай-ақ, Шығыс және Мырзағалиев көшелерінің қиылысынан №16-ТВ техникалық су ұңғымасының құрылыс жұмыстары аяқталды, – деді жауапты маман.
Аудан халқы ем алуға алысқа бармайды
Аллеяға су келсе, ал жергілікті тұрғындарға томография қызметін алу биыл бұйырыпты. Бұған дейін қармашылықтар облыс орталығына немесе Арал, Қазалы аудандарына баруға мәжбүр болған. Жақында ғана бұл мәселе шешімін тапқан сыңайлы. Міне, аудандық ауруханада компьютерлік томография кабинеті ашылды. Халыққа наурыз айынан бастап қызмет етуде. Күніне 20 адамды қабылдап, бастан бастап, бұл құрылғы барлық органды түсіреді екен. Дәрігер-нарколог Айгүл Жамитованың айтуынша, көбіне бел омыртқа, артрит, артроз, остехондроз, грыжа, бас миын түсіруге келетінін мәлімдеді. Жастар арасында бұл аурулар дендеп келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, Қармақшы аудандық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша «Мұнайқұрылыс» көпсалалы құрылыс фирмасы» ЖШС 176 931 943,94 теңгеге жұмыстарын жүргізуде.
Жалынды жастарға қолдау бар
Жастар арасында түрлі дерт алқымдап келе жатыр. Олардың денсаулығына көңіл бөлуге мүмкіндіктер ашылғаны көңілді қуантады. Еліміздің болашағы жастар деп жиі айтамыз. Жастарға қолдау да жоқ емес. Бірақ аудан жастары көп бағдарламадан геолокациясы сәйкес келмей, тасада қалып жатады. Сондықтан биыл алғаш рет аудан әкімі Жандос Еркінбектің қолдауымен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Жастар бастамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы іске асырылды.
– Жоба аясында 14 жастың әлеуметтік бастамалары қаржылай қолдау тауып, әр жобаға 150 мың теңге көлемінде шағын гранттар табысталды. Қазіргі таңда, грант иесі атанған белсенді жастар қажетті құрал-жабдықтарын алып, жобаларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, қазіргі уақытта аудан бойынша 11 теннис үйірмесі, 2 домбыра үйірмесі, 1 жылжымалы кинотеатр аудан жастарының игілігі үшін тегін қызмет көрсетуде. Жастар орталығы ауданда жеті күн қызмет етеді. Ауданда бұрын болмаған аулалық клуб жобьасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаров.
Қармақшыда зауыттың түр-түрі бар
Құс зауытын жарнамалап келе жатқан Қармақшыда басқа да зауыттардың құрылысы басталды. Өндірістік аймақтың біріне 200 миллион теңге қаржы бөлінген. Биыл ауданда «АНК-Дәулет» ЖШС газоблок өндіретін шағын зауытының құрылысы іске қосылды.
– Жобалық қуаттылығы – тәулігіне 160 текше метр өнім шығару. Жоба іске қосылғанда тұрақты 10 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыруға аудан әкімінің қолдауымен, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген пайыздық үстемемен 60 млн теңге несие берілді. Шағын зауытты іске қосу ауданда заманауи құрылыс материалы газоблоктардың жаппай өндірісін жолға қояды. Мекеме 2005 жылы құрылды. Бізде 20 адам жұмыс істейді және барлық қажетті техникалар толық қамтамасыз етілген, – деді өндіріс бастығы Талғат Құлымбаев.
Балалардың қалауы – басты назарда
Ғарыш айлағының жанында орналасқан Төретам кенті мен Ақай ауылына сапарымыз жалғасты. Төретам кентінде жеке кәсіпкердің идеясымен балаларға демалыс қызметтерін ұсыну кәсібін бастаған екен. 2022 жылдың басында құрылысты бастап, сол жылдың желтоқсан айынан бастап қызмет көрсетуде. «ALI KIDS PARK» деп аталған ойын орталығы кентте алғаш рет ашылғаннан кейін бүлдіршіндердің ағылып келіп жатқанын аңғаруға болады. Бұған қоса, «Төретам кенттік клуб үйінде» 5 үйірме балаларға тегін қызмет көрсетеді. Ал, Ақай ауылындағы Талғат Жасанбаевтың инновациялық жобасы көпті тәнті етеді. Оның күріш таяқшалары өнімі балаларға арналып жасалған. Қысқасы, кукурузды білесіз ғой. Бірақ күріштен оны бұған дейін де, кейін де ешкім жасамаған. Дәмін татып көрдік. Шыны керек, бүлдіршіндердің диабетін болдырмауға, тілі уылып кетпеуіне септігін тигізеді. Қазіргі таңда бұл өнім біршама облысқа экспортталуда.
Демек, Қармақшыда қарқынды қозғалыс бар. Енді өңірдің өзгемен ілесіп келе жатқанын ауыз толтырып айтуға болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!