Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кентауда 1953 жылғы ретро көлік бар

03.03.2025, 0:25 108

Кентау көшелерінде 1953 жылғы ретро көлік жүр. Ретро көлік ұзақ жылдар гаражда тұрып қалған.

Бұл туралы halyqline.kz тілшісі Kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Кентау қаласында «Москвич-401» көлігі жүр. 1953 жылы зауыттан шыққан машина көпшіліктің қызығушылығын туғызғалы біраз болды. 

Тіпті, көшеде жүрген жерінен сигнал басып, тоқтатып алатындар да бар. Ал, базарға барса, жан-жағына жиналып, жөн сұрайтындар көп. 

— Бәрі мініп көргісі келеді. Әсіресе жастар жағы қатты қызығады. Көшеден көрсе, артымнан қалмай қуып жетеді. Суретке түсіп, оны-мұны сұрайды.«Сат» дейтіндер де бар. Қазіргі шетелдік көлікке айырбастайық деген ұсыныс та айтылды. Оны қайтемін. Өз көлігім жақсы. Сатуға да қызықпаймын. Өзім мініп жүргім келеді, — дейді көлік иесі Амангелді Таңатов. 

Ретро көлік гаражда көптеген жылдар бойы тұрып қалған. Содан, биыл иесі жөндетіп, игілігіне мінуді жөн көріпті.

— Қажетті қосалқы бөлшектері бізде жоқ. Петропавл, Қостанай жақта бар екен. Бірақ барып алып келу тиімсіз болды. Содан «Жигулидің» құрылғыларын салдым. Дөңгелегі «Шевролеттікі». Мотор, беріліс қорабы — бәрі «Жигулиден» алынған, — дейді көлік иесі. 

Бүгінде Амангелді Таңатов ретро көлікпен немерелерін сабаққа апарып-әкеледі. Өз шаруаларымен Түркістан, Шымкент қалаларына жиі барып тұрады. 

Сондай сәтте видео мен суретке түсіріп алатындар жиі кездеседі. 

— Бірде немерелерім «Ата, сіз тик-токта жүрсіз гой» дейді. Басында түсінбедім. Кейін телефоннан видеоларды көрсетті. Жалпы, көлікке көпшілік өте қатты қызығады. Қазір гаражымда екінші ретро көлік тұр. Дәл осы маркадаға машина. Оны да жөндетіп жатырмын. Бірақ сатпаймын. Ұл-қыздарымның қажетіне жарап тұрса, сол маған жетеді, — дейді ол.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: