Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Келесі Нұрай мен боламын ба?» Қызылордалық бойжеткен дабыл қақты

16.01.2026, 16:30 147

Threads әлеужелісінде Жазира Қуанышбай есімді пайдаланушысы парақшасында сталкердің өзін аңдып жүргенін хабарлады.

Оның жазбасында соңғы жарты жылдан астам уақыт бойы stalking яғни үздіксіз аңду-қудалаудың құрбаны болып жүргенін, қауіптеніп үйіне бармай, түрлі жерге паналап жүргенін айтады. Бойжеткеннің сөзінше, ата-анасы, туыстары мен әріптестері бұл жағдайға куә, ал өзі полиция мен прокуратураға 2-3 рет арыз жазғанын жеткізген.

Скриншоттардағы мәтінде бойжеткен қудалаушының әрекеті тоқтамағанын, тіпті «туыстары да сөзін тыңдамай жатыр» деген уәж айтылған. Сонымен бірге «жүрген жерімде 102 шақырамын немесе жалғыз жүрмеймін, тек бір ғана жауап – мен тірімін» деген мазмұнда қауіпсіздігіне алаңдағанын жазады. Оның айтуынша, прокуратура арызын полицияға жолдағанымен, полицияға барғанда барлық деректі тапсырғанын, аңдуға қатысты фото-видео дәлелдері барын атап өтеді. Алайда, бойжеткеннің сөзінше, іс «номенклатуралық іс» ретінде жабылған. Ол осы жағдайды айтып, «Нұрай секілді қайғылы оқиға қашан қайталануы керек?» деген сарында дабыл қаққан.

Бұл жайтқа үн қосқан Нәзия Жоямергенқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба арнады. Белсендінің постында «кеше ғана қаскөйдің қолынан қаза тапқан жас қыз – Нұрайға заң да, қоғам да араша түсе алмады, енді дәл сондай қауіп тағы бір қыздың басында» деген алаңдаушылық айтылады. Ол құқық қорғау органдары адамның жеке қауіпсіздігін заң шеңберінде қамтамасыз ете алмаса, бұл мәселе қоғам үшін өте қауіпті дағдарысқа айналатынын меңзейді.

Қазіргі таңда аталған ақпарат әлеуметтік желідегі жарияланымдар негізінде тарап отыр. Редакция құқық қорғау органдарынан және тиісті мекемелерден ресми түсініктеме күтіп отыр. Егер көрсетілген деректер расталса, бұл мәселе бойынша қауіп төндіру, қудалау және қорғау тетіктерінің тиімділігіне қатысты нақты шаралар қажет.

Еске салайық, қауіп төнген жағдайда 102 нөміріне хабарласу қажет. Сондай-ақ жақындарыңызға жағдайды дереу жеткізіп, қауіпсіз маршрутпен жүру, дәлел материалдарын (скриншот, фото, видео, қоңырау жазбалары) сақтап қою маңызды.

Коллаж: halyqline.kz


Әлеужеліде таралған скриншоттар:

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: