Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды

26.03.2025, 14:45 158

Облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы өкілдігі Діни басқарманың 35 жылдығына және қасиетті Рамазан айының құрметіне қызылордалық БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырған «Менің алғашқы оразам» атты эсселер байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Салтанатты шараны ашқан облыстың Бас имамы Дастан Жанасұлы байқаудың алдына қойған мақсат-мұратына тоқталып, қатысқан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өз алғысын жеткізді.

– Бұл байқаудың басты мақсаты – Ислам құндылықтарын, асыл дініміз бен ата салтымызды кеңінен насихаттау, исі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының артықшылықтарын дәріптеу. Тәлімдік, тәрбиелік мәні бар шығармалар жазу арқылы қоғамды ізгілікке, жақсылыққа, қайырымдылыққа шақыру. Сондай-ақ, осы байқау арқылы өңірлік БАҚ өкілдерін ынталандырып, шығармашылық ізденістеріне қолдау білдіру, аймақтық басылымдар арқылы Рамазанның құндылықтарын әрбір оқырманға сезіндіру. Байқаудың әділқазы алқасының мүшелері аймағымызға танымал журналистер мен белгілі дін мамандарынан жасақталды. Сондықтан, шын жүйріктер анықталғандығына кәміл сенімдіміз. Барлық қатысушыларға айтар алғысым шексіз! Қаламдарыңыз мұқалмасын! Баршаңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін! – деді облыстың Бас имамы.

Байқауға барлығы 48 өтінім келіп түсті. Әділқазы алқасы оларды сараптау барысында тақырыптың өзектілігі, мазмұнның ашылуы, шынайылығы, сапасы, жанрлық шартқа сәйкестігі, тілінің көркем, шұрайлы болуына және стилінің ұғынықтылығына баса мән берді.

Эссе байқауының қорытындысы бойынша жүлделі І орынды «Қармақшы таңы» газетінің тілшісі Ақнұр Сағынтай еншілесе, ІІ орынды «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Ақтолқын Нұрлыбайқызы, ІІІ орынды «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Гүлнәр Дүйсебаева иеленді.

Бұдан бөлек, үздік деп танылған 10 жұмысқа ынталандыру сыйлықтары берілді. Атап айтқанда, оған облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Шынар Бекбан, «Ақмешіт жастары» газеті бас редакторының орынбасары Айдана Жұмадинова, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Гүлдана Жұмадинова, «Жаңақорған тынысы» газетінің бөлім меңгерушісі Мақпал Марқабайқызы, «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің тілшісі Мөлдір Кенжеғұлова, «Damu.qaz» консалтинг компаниясының баспасөз хатшысы Әбдісамат Әбдіш, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының баспасөз хатшысы Нұрбике Құдайбергенова, Қызылорда облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз хатшысы Аида Абилхан, «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ-нің тілшісі Мұхаммедшах Каюп ие болды.

Барлық жеңімпаздарды Қызылорда облысының Бас имамы Дастан Құрманбаев марапаттап, дипломдар мен қаржылай сыйлықтарды табыс етті.

Айта кетейік, аталған байқау Рамазан айының алғашқы күні басталып, 21 наурызға дейін жалғасты. Оның шарты бойынша байқауға Қызылорда облысында тіркелген кез келген БАҚ өкілдері қатысуға (облыстық, қалалық, аудандық дәстүрлі, мерзімді баспа басылымдары, ақпарат агенттіктері, интернет-сайттар, теле, радио тілшілері) мүмкіндік алды. Қатысушыларға жас шектеуі қойылмады. Сайысқа тек эссе жанрында және қазақ тілінде жазылған шығармалар ғана қабылданды.

Барлық жүлдегерлердің шығармалары өңірлік басылымдарда жарияланатын болады.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: