Электр энергиясы нарығында электронды шот-фактураны рәсімдеу мерзімі кейінге шегерілді. Мұндай шешім Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 11-отырысында қабылданды.
Жиында «Электр қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ мен «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС үшін шот-фактура жазу мерзімін қайта қарау мәселесі талқыланды. Бұл мәселе бұған дейін де қаралғанымен, қосымша талдау қажет деп танылған еді.
Мамандардың айтуынша, электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында нақты тұтыну көлемі мен есептік көрсеткіштер есептік айдан кейінгі айдың 20-сынан соң ғана белгілі болады. Соның салдарынан нарық қатысушылары алдымен алдын ала мәліметпен құжат өткізіп, кейін нақты көрсеткіш шыққанда оны қайта түзетуге мәжбүр болып келген.
Ал 2026 жылдан бастап түзетілген электронды шот-фактураны алушы тарап міндетті түрде растауы тиіс. Бұл қазіргі тәртіппен жұмыс істеуді күрделендіріп, құжаттарды уақытында әрі дұрыс рәсімдеуге тәуекел тудырып отыр.
Осыған байланысты Үкімет саланың ерекшелігін ескеріп, шот-фактура тапсыру мерзімін ұзарту туралы ұсынысты қолдады. Енді нарық операторы мен Бірыңғай сатып алушы үшін электронды шот-фактураны есептік айдан кейінгі айдың 27-сіне дейін тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Бұл өзгерісті Салық кодексіне 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап кері күшпен енгізу жоспарланып отыр.
Жиында бұдан бөлек тау-кен-металлургия саласына қатысты салық мәселесі де қаралды. Атап айтқанда, кокстелетін көмірге пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты қолдану тетігі талқыға түсті. Алайда мәселенің күрделілігіне байланысты оны қарау тағы бір айға ұзартылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!