Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ізденістегі адам бір бұтақтан жүз жеміс жейді

08.02.2024, 10:00 183

Ауданға әкім болып келген қайбір азамат облыстың басшысы сенім артқаннан кейін халық алдында абыройлы жұмыс істесем деп өзіне мақсат қояды. Осы саналы өмірімде ауданды басқарған он бір басшының қарамағында қызмет етіппін. Әрине, әр басшының жұмыс істеу мәнері әртүрлі, біріне-бірі ұқсамайды. Жылдар өтіп, атқарған қызметтің бағасын халық беріп жатады. Жақсы қызмет істеп, артында жақсы із қалдырғандарының жұмысын аудан тұрғындары осы уақытқа дейін ұмытпай, көпшілік жиналған жерде өнеге қылып, тамсана айтып отырады. «Жақсы іске жан сүйінер» деген сөз осыдан шыққан болу керек. Елдің ортасында жүріп істелген қыруар жұмысқа куә болғаннан бөлек, бірге етене араласып серік бола білдік. Түсінген адамға, бұл өз уақытына жарасқан, заманына сай өткен қыз­меттің  бақыты  деп  ойлаймын.

Менің түсінігімде ел басқарған адамда қызметіне сай мінез де болу керек. Сол әкімдердің бірі – Ғанибек Қазантаев. Ол Сыр­дария ауданын басқарған алты жарым жылдың ішінде талай шаруа бітіріп, абырой биігінен көріне білді. Әрине, бәрін тізбелеп айту қазір мүмкін емес. Олар туралы да уақыты келгенде айтыла жатар. Әзірге мен куә болған, қарапайым аудан тұрғындары біле бермейтін мына оқиғаны  әңгімелеп  берейін.

Ғанибек Қонысбекұлы ауданда көптеген әлеуметтік мәселенің түйіні шешілмей тұрған кезінде әкім болып келді. Бірінші кезекте уақытпен берілетін ауызсу, жарық, сапасыз жол, қирап, үңірейіп тұрған егесіз ғимараттар, жұмыссыздық, тағы басқа да халықтың сұранысындағы мәселелер тұрды. Облыстан, орталықтан берілетін қаражаттан бөлек салық базасын ұлғайтудың жолын іздеді. Мәселе­нің бәрін қаражат шешетінін ке­шегі бизнес өкілі түсініп, оны табуды алдына мақсат тұтты. Өзі шыққан мұнайшы бауырларына үміт артып, олардың басын қосып, ойласуға әкімдікке шақырды. Кеше­гі әріптестер жергілікті биліктің шақырғанына онша мән бермей немқұрайды қарап, жиналысқа орынбасарларын, бөлім басшыларын, болмаса мәселені шешпейтін көмекшілерін жіберумен шектелді. Ауданға қарасты жерде орналасып, содан табысқа кенеліп ба­йып отыр­ған мұнай компаниялары басшыларының жергілікті билікке деген қомсыну көзқарасы жаңа бекітілген әкімді ойландырып тас­тады. Ол мұнайшылар өкілдерін қабылдамай, қайтарып  жіберді.

Жаңа әкім табыс табуға келген компанияларға жергілікті би­ліктің өкілдігін мойындатып, жер­дің нағыз егесі халық екендігіне көздерін жеткізуге жұмыс істеді. Аудан әкімдігіне қарасты мекемелерден (қаржы, жоспарлау, жер, салық, сәулет, әділет, статистика, құрылыс бөлімдері) комиссия құрып, олар соңғы бес жылда салын­ған, мұнайшылардың теңге­ріміндегі нысандарға ревизия жасады. Салыққа тіркелмеген объектілердің тізімін дайындады. Уақытпен санаспай мамандардың біршама зерделеген жұмыс­тарының арқасында жүзге жуық тіркелмеген құрылыс анықталды. Дайындаған құжаттарды Сырдария ауданында орналасқан барлық мұнай компаниясына мемлекеттік тіркеуден өткізуге міндеттеу тура­лы хатпен жолдады. Алғашқыда жергілікті биліктің ұсынысын орындауға мұнай компанияларының басым бөлігі құлықсыз болды. Болмаған соң мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты­на бір үлкен шетелдік мұнай компаниясының теңгеріміндегі Сыр­дария ауданында орналасқан жылжымайтын мүліктерін мемлекеттік тіркеуден өткізуді міндеттеу туралы талап арыз берілді. Атынан ат үркетін компанияны сотқа бергенде, «ойпырмай, арты қалай бола­ды екен?» деп уайымдағанымыз рас. Бірақ Қазантаевтың иілмейтін мінезі сұс көрсеткен дүние иелерінің айдауына көнбеді. Соттың шешімімен барлық объекті мемлекеттік тіркеуден өтті. Осы жұмыстардың нәтижелерін көрген басқа мұнайшы компаниялар тіркелмеген нысандарын тіркеуден өткізіп, ауданның салық базасы ұлғайып, өз кірісі миллиардтаған теңгеден асып жығылды. Аудан әкімінің осылай талап қойған батыл шешімінің арқасында аудандағы маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік  ашылды.

Сырдария ауданы осы қаражаттың арқасында құрылыс алаңына айналды. Барлық ауызсу, кәріз су жүйесі жөнделіп, аудан бойынша күніге 24 сағат су ағатын жағдайға жетті. Коммуналдық шаруашылық мекемесінің техникалық базасы жаңаланып, қызмет ету мүмкіндігі кеңейді. Ауданда жергілікті бюджеттің есебінен жаңадан мәдениет үйлері, балабақша, басқа да әлеуметтік мекемелер салынып немесе түгел  жөндеуден  өтті. Тереңөзекте, ауылдарда жолдар, көпірлер салы­нып, жүздеген нысанға жобалар дайындалды. Алғашқыда мұнайшы әріптестері қатты ренжігенмен, артынан халқы бар жергілік­ті билікпен  санаспауға болмайтынын түсінді. Олар аудандық әріп­тес­тік-кәсіпкерлік форумында өзара әлеу­меттік жобаларды міндеттейтін меморандумға аудандық мә­дениет  үйінде елдің алдында қол қойды. Осы қыруар жұмыспен қатар  мұнай  компаниялардың  президенттері аудан әкімінің шақырған мәдени-әлеуметтік іс-шараларына өздері келіп қатысып, демеушілік жасап, елмен араласып, «Әлеуметтік  дүкен»  ашуға  себепші  болды.

Ілгеріде Айтуар шешен «Қара қазаққа хан ие. Қара жерге халық ие» деп айтқан екен. Ізденістегі адам бір бұтақтан жүз жеміс жейді дейді. Осындай үнемі ізденіс жұмыстарының арқасында Ғанибек Қонысбекұлы ауданымызды басқарған алғашқы жылдары, артында халқы бар жергілікті биліктің өз жерінде алмайтын қамалы болмайтынын дәлелдеді. Алдына жоспарлы мақсат қойған әкімді қиындығы  мол  сауапты  оқиғалар­ға толы  жұмыстар  күтіп  тұрды.

Марат  ОМАРОВ,

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: