Иесі жоқ қаңғып өскен қабаған,
Сәбилерді жан-жағынан талаған.
Әділетті Қазақстанда жаңашыл,
Үкіметке ит артық па баладан?
Иттер талап ұл баланы қаршадай,
Борбай етін қылса дағы боршадай
Қазақты атқан қиналмайды қаңтарда,
Итті атқандар сотталады – заң солай!
Итті атпа, деп көтергесін бастама,
Ақтөбеде өліп жатыр жас бала.
Бар обалын депутаттар көтерсін,
Бұдан артық керек қандай масқара?
«Ит жесін» деп өсірмеймін баламды,
Қорғасын деп өсіремін даламды.
Бақылауға алмағасын бұл істі,
Атырауда қанша оқушы таланды?
Депутаттар ақылы жоқ киесіз,
Сәбилерден ит артық па иесіз.
Неше бала өлу керек таланып,
Теріс заңды өзгертуге жүйесіз.
Миллиондап жемқорларға жем берді,
Ит үшін деп жасайсыңдар тендерді.
Қит еткенге заң шығарған ойланбай,
Ит етінен жек көремін сендерді!
Сырымбек ЖАҚСЫБЕКҰЛЫ.
«Жас Алаш» газетінен алынды.
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!