Иран аумағында тұратын қазақ диаспорасы Қазақстанға жаппай көшу туралы мәселе көтермеген. Бұл туралы Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукар баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Елшінің айтуынша, Ирандағы қазақтар сол елдің қоғамдық ортасына әбден сіңісіп кеткен және өздерін иран қоғамынан бөлек қарастырмайды. Оның сөзінше, олар ел басынан өткен күрделі кезеңдерде де жергілікті халықпен бірге болған.
Дипломат қазақ диаспорасы өкілдерінің осы уақытқа дейін Қазақстанға қоныс аудару жөнінде ресми түрде мәселе көтермегенін айтты. Оның сөзінше, Ирандағы қазақтардың басым бөлігі өзін сол мемлекеттің толыққанды бір бөлігі санайды.
Сондай-ақ елші екі ел азаматтары тарапынан түсетін өтініштердің көбіне тұрмыстық және күнделікті мәселелерге қатысты болатынын жеткізді. Мәселен, бұл Иранға немесе Қазақстанға сапарлау, құжаттық не өзара қатынасқа байланысты жайттар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тараптар қажетті көмек көрсететінін айтты.
Фото: Adyrna.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!