Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Интернет алаяқтық көбейіп барады

17.08.2022, 12:10 846

Заман ағымына қарай технология мен цифрлық даму үрдісі өсетіні белгілі. Осыған байланысты алаяқтық жолдың көбеюі де байқалады. Әлемде түрлі хакерлер мен алаяқтықпен айналысатын қаржы пирамидалары жетіп артылады. Біздің елімізде де дәл осы алдапсоғарлардың құрбандары жетерлік. Қазір қарапайым халық ішінде жеңіл ақша іздейтіндердің саны аз емес. Олар оңай жерде олжа жоқ екенін қашан түсінеді екен? Бұл интернет алаяқтарды табу да өте қиын. Себебі олар сізді әлемнің әр бұрышында отырып алдап соғуы мүмкін. Бүгінгі күннің өзінде интернет алаяқтары қазақстандықтардың есепшоттарынан 7 млрд теңгені алып кеткен. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері интернет желісінде 12 мыңға жуық алаяқтық тіркеліп, 7 миллиард теңгеге залал келтірілген, 571 интернет-алаяқ ұсталып, 17 қылмыстық топтың іс-әрекетінің жолы кесілген екен. Ал біздің өңірде бұл ахуалдың жайы қалай?

Облыста интернет алаяқтықтың саны күрт өскен. Жыл  басталғалы жалпы алаяқтық қылмыс бойынша 500-ден аса іс анықталса, оның 288-і интернет алаяқтық деп табылды. Осыдан бір жыл бұрын өңірімізде алаяқтық қылмыс бойынша 320-ға жуық іс қарастырылса, биыл өсу қарқыны тым жоғарылағаны байқалады. Бұл интернет алаяқтық қылмыс барысында аймағымызда көптеген жастар алданып, қарттарымыз сан соғып қалып жатыр. Ал облыстық ішкі істер органдары бұл интернет алаяқтарына қарсы қандай тиісті іс-шараларды қолға алуда? Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу қажет? Халық неліктен қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамай жүр? Осы және өзге де сұрақтарға брифинг барысында жауап берген Қызылорда облысының полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел өкілі Данияр Денесұлы: «Бүгінгі күнде алаяқтар жиі қолданатын алдау тәсілдерінің бірі, ұялы телефонға хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіні әртүрлі тәсілдермен алдау арқылы, атынан несие рәсімдетіп немесе есепшотындағы қаражатын бейтаныс тұлғалардың есеп шоттарына аудартып алуда. Осыған ұқсас, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, «жақының есірткі затымен ұсталып, сотталайын деп тұр» деп алдау тәсілдері де бар. Өткен айда осындай 31 алаяқтық қылмысын жасаған күдікті құрықталып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде» дейді.

  Алаяқтық қылмыстарының, оның ішінде интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында Қызылорда облысы полиция департаментімен арнайы жоспар құрылып, қажетті іс-шараларды атқаруда. Сондай-ақ, қазір алаяқтық қоғамның өзекті әрі өткір мәселесіне айналуда екенін айтқан полиция басқармасының өкілі  қолында компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адамның кез келген уақытта ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алатынын ескертіп өтті.

Жоспарға сәйкес, азаматтарымызды алаяқтардан сақтандыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түсіндірмелік жұмыстар жүргізіліп, бейнероликер жасалып, көпшілік жиналатын орындарда плакаттар мен билбордтар ілінуде. Сонымен қатар, ІІМ мен Цифрлық даму министрлігінің бірлескен жоспарына сәйкес, осы айдан бастап халықты алаяқтық әрекеттер туралы СМС арқылы ескерту жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түсіндірмелік жұмыстар жүргізілуде, – деді  Данияр Денесұлы.

Сөз соңында Криминалдық полиция басқармасының аға жедел өкілі интерет алаяқтарынан сақ болумен қатар, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, жеке құжаттарыңыздың суретін ешкімге жібермеуге, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: