Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Инклюзивті парламент»: Мүгедектігі бар адамдар салық төлей ме?

03.02.2026, 15:40 52

Мәжілісте Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі аясында мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктеріне қатысты салықтық реттеу мәселелері көтерілді. Ерлан Әбдиевтің жетекшілігімен «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының отырысы өтіп, күн тәртібінде Салық кодексінің жаңа редакциясына енгізілген өзгерістердің әлеуметтік салдары қаралды.

Отырысқа Мәжіліс депутаттарымен қатар Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерінің және Еңбек ресурстарын дамыту орталығының өкілдері қатысты.

Депутаттық топтың жетекшісі Ерлан Әбдиев жаңа Салық кодексінде көзделген талаптарға ерекше тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген кодекске сәйкес, салық жеңілдіктерін алу үшін мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға қойылатын талап күшейтілген. Бұрын мұндай ұйымдар үшін екі адамды жұмысқа орналастыру жеткілікті болса, жаңа редакцияда бұл көрсеткіш 10 адамға дейін артқан.

– Қазіргі таңда елімізде 740 мың мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның 410 мыңы – еңбекке қабілетті жаста. Алайда солардың небәрі 100 мыңы ғана жұмыспен қамтылған. Бұл – жүйелі түрде назар аударуды қажет ететін мәселе, – деді Ерлан Әбдиев.

Отырыс барысында депутаттар мүгедектігі бар адамдарды нақты жұмыспен қамту мен салықтық жеңілдіктердің тиімділігін қайта бағалау қажеттігін атап өтті. Қорытындысында Үкіметке соңғы 10 жыл ішінде салық жеңілдіктерін алып келген ірі ұйымдарға кешенді талдау жүргізу жөнінде хаттамалық тапсырма әзірлеу ұсынылды. Бұл талдау арқылы нақты қанша мүгедектігі бар адам тұрақты жұмыспен қамтылғаны және мемлекеттік қолдаудың қаншалықты тиімді пайдаланылғаны анықталмақ.

Алынған нәтижелер негізінде Салық кодексіне қосымша түзетулер енгізу мүмкіндігі де қарастырылатын болады. Депутаттардың пікірінше, мұндай қадам инклюзивті еңбек нарығын қалыптастыруға және әлеуметтік қолдаудың әділ тетіктерін күшейтуге жол ашады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: