Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Инфрақұрылым игілігі

30.07.2024, 12:00 224

Қала тынысы

Аймақ ажарлана түсуде. Олай деуге себеп көп. Соңғы жылдары Қазақстанның «Дубайы» саналатын Сыр өңірінің инфрақұрлымы жоғары деңгейде іске асырылып, шаһар тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Мәселен, 2024 жылы қала көшелерін, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру үшін облыстық бюджеттен 12,7 млрд теңге қаралған. Ол өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Қаланың көркі кіріп, көгалдандыру жұмыстары да тыңғылықты іске асып жатыр. Биылдан бастап «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, шаһардың жасыл кейіпке енуіне мықтап кіріскен. Мекемеге биылғы жылға жалпы жергілікті бюджеттен 702,2 млн теңге бөлініп, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Осыдан тура бір апта бұрын қала әкімі Серік Қожаниязовпен бірге осы атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысып, бірқатар нысанды аралап қайттық. Кем-кетік болмау үшін шаһар басшысы сала мамандарына тапсырма беріп, тұрғындарға сапалы жағдай жасалу керек екенін еске салды.

Қалада 11 000 ағаш көшеті мен гүл отырғызылған

Қала көркін келістіре түсуде атқарылып жатқан һәм атқарылатын жұмыс аз емес. Шаһардың шырайын кіргізуде 11000 дана ағаш көшеті мен түрлі әсем гүл отырғызылып, «Жасыл Қызылорданың» жұмысы қызу үстінде. Жасыл желекке керегі – су. Бұл мәселе Серік Салауатұлының күн тәртібінен түскен емес. Аяқсуды арттыру мақсатында жаңа насос және мотопомпалар алынып, ескі техникалар жаңартылды. Алайда, кейбір аймақта егілген көгалдың қурап қалуы сияқты мәселелер де кездесуде. Қала әкімі Н.Назарбаев даңғылы бойындағы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан нысанға барып, кемшіліктерді өз көзімен көрді.

  • Біздің бүгінгі міндет – қаланың тынысын ашатын, тұрғындардың бос уақытын өткізетін әдемі және ыңғайлы кеңістікке айналдыру, серуендеу аймағын құру, заманауи орындар жасау. Сол себепті сәні мен сәулеті жарасымды өң беретін, ұнамды көрік сыйлайтын орындар жасауға күш салып келеміз. Әлі де біткен істен бітпегені көп. Маңызды мәселеге жанашырлық жетіспей жатыр. Ең бастысы, тапсырма тиянақты атқарылуға тиісті.

Халықтың уәжі орынды, кейбір жерде көгал, сәндік гүлдер қурап қалған. Оның себеп-салдарын анықтап, ауырған екпелер дәріленуге тиісті. Бізде осы шаруамен және күтіп-баптаумен айналысатын арнайы мекеме құрдық. Неліктен істің нәтижесі төмен?

Ағаштар мен талдар – таза ауа, табиғаттың тыныс алар «өкпесі», аптап ыстықта жан рақаттанатын салқын сая. Сондықтан жыл сайын жергілікті жердің табиғи климат жағдайына жерсінетін ағаштар мен көгал, гүлдер егу жұмыстарын жалғастыра береміз. Ал, су арнасы тартылмаған орындарға автоматты тамшылатып суару жүйесін енгізу керек. Уақытылы суарып, балақтап, тазалық жүргізіліп отырса, табиғатымыз түрленіп, жасыл желекті жайқалта аламыз, – деп шаһар басшысы Серік Салауатұлы жауапты мекемелерге қатаң талап қойды.

Қаланы көгалдандырумен қатар, сол аумақтың кіші архитектуралық формасы жаңаша кейіпте көркейіп, жол жағасында спорттық тренажерлар, балалардың ойын алаңдары мен веложол салу жұмыстары жүріп жатыр.  Бүгінде бұл жұмыстардың 70 пайызы аяқталған.

Мұнан бөлек, Қорқыт Ата әуежайының аумағын абаттандыруға 1,3 миллиард теңге бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Әуежайдың іргелес аумағын абаттандыру жобасына 634 миллион теңге бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда.

Қала және кент пен ауылдық округтерде ұзындығы 81 шақырымды құрайтын 75 көшеге жарық бағаналары орнатылуда. Қалада 54 көшеге жарық бағаналарын орнатуға 1,3 миллиард теңге бөлінген, ал кент пен ауылдық округтерде 21 көшеге жарық бағаналарын орнату үшін 55,5 миллион теңге қарастырылған.

Шаһар басшысы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізіп, түрлі жоба жасатып жатқанын тілге тиек етті.

Жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жолға қойылған

Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыс атқарылуда. Биыл бюджеттен 35 миллиард теңге қаралып, 127,7 шақырымды құрайтын 97 көшеге жол құрылысы, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артық.

Қала аумағында жалпы ұзындығы 88,4 шақырымды құрайтын 59 көшеге орташа жол жөндеу, қайта жаңғырту, жол және көпір құрылыстарын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаларға 33,7 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар, кент және ауылдық округтерде ұзындығы 39,5 шақырымды құрайтын 38 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда және оған 942,8 миллион теңге бөлінген.

Алдағы уақытта жоспарға сәйкес жалпы құны 6,5 миллиард теңгеге ұзындығы 99,3 шақырымды құрайтын жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оның ішінде екі көшені қайта жаңғырту, бір көше құрылысын салу және 96 көшеге күрделі, 10 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары көзделіп отыр.

Атап айтқанда, Сағымбаев көшесін қайта жаңғыртуға 760 миллион теңге, М.Шоқай көшесін жаңғыртуға 460 миллион теңге, Тәуелсіздік даңғылында магистральды көше құрылысын салуға 1,5 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар, 96 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарына 7,3 миллиард теңге, 10 көшеге орташа жол жөндеуге 351 миллион теңге қаралған.

Ал жаяу жүргіншілер мен ойын алаңдарының құрылысына келсек, қалада 50,1 шақырымды құрайтын 40 көшеге тротуар салынуда. Бұл жобаларға 1,8 миллиард теңге бөлінген. Кент пен ауылдық округтерде ұзындығы 10,7 шақырымды құрайтын 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда.

Сонымен қатар, өткен жылы құрылысы басталған 23 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін 452,8 миллион теңге бөлінген. Қала орталығында орналасқан 32 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттеріне күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін 925,9 миллион теңге қарастырылған.

Қала аумағындағы 25 көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы балалар ойын алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу үшін 1 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – басты мақсат

Қызылорда қаласында апаттық деп танылған 68 көпқабатты тұрғын үй бар. Бұл үйлердің басым бөлігі Тасбөгет кентінде орналасқан. Жақында кенттің Амангелді көшесіндегі №3 үй тұрғындарынан өжіреге су толып, маса мазалайтыны туралы шағым түскен.

Осыған байланысты қала әкімі Серік Қожаниязов аталған аумаққа арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Үйдің өжіресіне түсіп, жағдайды өз көзімен көрген әкім тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жауапты мекемелерге өжірені тазартып, масаны улау туралы шұғыл тапсырма берді. Әкімнің тапсырмасы бойынша, бұл мәселе дер кезінде шешімін тапты.

Қаладағы апаттық үйлер мәселесі өте өзекті. Қала әкімдігі бұл мәселелерді шешу үшін арнайы шаралар қабылдап, тиісті жұмыстарды жүргізуді жалғастыруда. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында әрбір үйдің жағдайы мұқият тексеріліп, қажетті жобалар қолға алынып жатыр.

Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысының қолдауымен облыс орталығына іргелес жатқан Тасбөгет кенті шаһармен бірдей қарқынды дамып келе жатыр. Қазір тұрғындардың сұранысына сай, тозығы жеткен бірнеше ескі үйдің шатырын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, кентті көркейту, абаттандыруға байланысты жобалар жүзеге асуда. Енді жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға Титов мөлтек ауданынан салынып жатқан тұрғын үйден 135 пәтердің кілті табысталатын болады. Жыл сайын осыншама пәтерден табыстайтын болсақ, бұл мәселе бірер жылда түбегейлі шешімін табады, – деді шаһар басшысы Серік Салауатұлы тұрғындармен кездесуде.

Айта кету керек, бүгінде меншік иелері «жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар» санатында тұрғын үй алу кезегіне құжат тапсырған 673 отбасы тіркелген.

«Аяқсу беру кезінде қиындық болмауы тиіс»

«Жасыл Қызылорда» мекеме қызметкерлері көгалдандырумен қатар, аяқсу беру маусымында атқарылуы тиіс жұмыстарды қадағалап, арықтарды бақылауда ұстады.  Ескі насостарды жөндеп, жаңасын алып, мотопомпаларды пайдаланды. Қазірде мекеме материалдық-техникалық базамен жарақтандырылып,түрлі жұмыс атқаруда.

Тыңғылықты дайындықпен жылдағыдан ерте көктемде қалаға аяқсу берілді. Дегенмен, уақыт өте келе кейбір аумақтың тұрғындары тіршілік нәрінің жетіспеушілігін айтып, шағымданды. Әлеуметтік желілерде осы тақырып бойынша қызу пікірталас та туындады. Жағдайға байланысты жауапты саланың мамандары әрбір арықтың бойын жағалап, бөгелген жерлердің көзін ашты. Бұл тұста ерекше атап өту керек, арықтардың бөгелуі кейбір тұрғындардың, кәсіп иелерінің жауапсыздығы мен немқұрайды көзқарасынан туындап отыр. Осындай олқы ниет салдарынан су діттеген жеріне жетпей келеді.

Қаладағы бірқатар нысандарды аралау барысында қала әкімі Серік Қожаниязов БАҚ өкілдерімен бірге К.Шөкенов көшесінде орналасқан жеке балабақшаның әрекетін әшкереледі. Олар арықты қоршаулап алып, судың жолына кедергі жасаған.

  •  Су жолы ортақ мүдде үшін қызмет етеді. Арықты жеке иелігіне бұрып алуға және бөгеуге болмайды. Реті келсе, арықтарды таза ұстап, жолын ашып, жұртқа жақсылық жасағанға не жетсін! Қазақта «Бір құдықтан мың кісі су ішеді» деген сөз бар ғой, бұл да дәл солай. Бір арықтың суы қаншама аумақты суландырады. Осыған қала тұрғындары түсіністікпен қараса деймін, – деді шаһар басшысы.

Қызылорда қаласының климаттық жағдайын ескерсек, көгалдандыруда судың маңызы өте зор. Егілген гүлзар мен көшеттер аптап ыстықта солып қалуы мүмкін. Атқарылған жұмыс шығынға ұшыратпау үшін аяқсудың ахуалын қадағалау маңызды.

Осы мәселе бойынша қала әкімі тиісті сала басшыларына бөгелген су арнасын ашып, оған кедергі келтірген азаматтарға заң шеңберінде шара көру жөнінде тапсырма берді.

Айта кеткен жөн, қаланың ескі жолдарын түгел жөндеуден өткізіп, оны абаттандыру кезінде Қожа-Ахмет Ясауи көшесін құрылымдауға 725 миллион теңге, Н.Назарбаев даңғылын абаттандыру үшін 262,9 миллион теңге бөлінген.

Шаһар басшысымен бірге осы жұмыстарды көзбен көріп, аралап, атқарылып жатқан тірліктің жай-күйін көріп қайттық. Мұнан өзге орталық алаңды абаттандыруға меценат Асқар Әубәкіровтың демеушілігімен және облыстық бюджеттен жалпы 2 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қала аумағында заман талабына сай 10 аялдама салу үшін 52,5 миллион теңге қаралып, олар толығымен орнатылды.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына сәйкес 332,6 миллион теңге қаралып, көшелерге науа желісі мен орталық зиратқа қоршау орнату, көппәтерлі үйлерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру жұмыстары тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қаланың келбетіне оң әсерін тигізуге бағытталған. Қала әкімдігі алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, Қызылорданы жайлы әрі әдемі қалаға айналдыруға бар күш-жігерін салмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: