Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ХҚО: «15 мыңға жуық қызмет үйде көрсетілген»

07.07.2020, 10:00 441

HALYQLINE.KZ Мемлекеттік қызметтерді үйде отырып І және ІІ топтағы мүгедектер, 70 жастан асқан қарттар, ҰОС қатысушылары мен мүгедектігі бар балалар ала алады. Ол үшін олардың өздері немесе қамқоршылары 1414 қысқа нөміріне қоңырау шалып, өтініш қалдыруы керек. Бұдан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары оларға хабарласып, үйіне барып мемлекеттік қызметті көрсету күні мен уақытын белгілейді.

Биылғы жылдың 5 айында Азаматтарға арналған үкіметтің филиалдары тұрғындардың үйіне барып, 15 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетті. Ал, Қызылорда облысы бойынша 600-ге жуық тұрғынның үйіне барып, құжаттандыру жұмысын жүргізді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, үй-үйге барып мемлекеттік қызмет көрсету – корпорация құрылған сәттен бастап пайда болған қызмет және осы күнге дейін ол өзектілігін жоғалтқан емес.

«Азаматтардың үйіне барып көрсетілетін ең танымал қызметтер – паспорттар мен жеке куәліктерді беру, мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиена құралдарымен қамтамасыз ету, мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету үшін құжаттарын рәсімдеу», – деді Балташева.

Ол сондай-ақ Алматы қаласы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында мобильді топтардың жиі шақырылатынын айтты. Ең сирегі – Батыс Қазақстан облысында.Мемлекеттік корпорация қызметкерлері коронавирус пандемиясын ескере отырып, қызмет көрсету барысында барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды. Барлық маман маскалармен және антисептиктермен жабдықталған. Қызмет алушылармен байланысты азайту үшін ХҚО мамандары дәлізден ары өтпей, әлеуметтік қашықтықты сақтайды.

Айта кету керек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мүгедектерге мемлекеттік қызмет көрсету жұмысына көп көңіл бөледі. Азаматтардың үйлеріне барып мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, ХҚО мамандары есту және сөйлеу қабілеті нашар адамдарға мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін ым-ишара тілін меңгерген.

Сондай-ақ, мүгедектігі бар 807 азамат мемлекеттік корпорация мен оның филиалдарында түрлі лауазымдарда жұмыс істейді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: