ЖАНБОЛАТ пен ЖАЗИРА:
Қазақ эстрадасындағы жарасымды да әдемі жұптардың бірі – Жанболат пен Жазира. Өнер сахнасында да, өмір жолында да қол ұстасып бірге келе жатқан дуэт елге етене таныс. Жанболат көпшілікті аспайтын, тасымайтын, байсалды, орнықты мінезімен тәнті ететіндей. Ал жары Жазира нәзіктігімен, жылы жүзімен, қазақы болмысымен баурап алатындай. Біз әншілермен өнер, өмір, отбасы және адами құндылықтар төңірегінде сыр-сұхбат құрдық.
БАҚЫТТЫҢ БАҒАСЫ
– Сахнаға жарқ етіп шыға келер жарасымды бейнелеріңізге көпшілік әркез тәнті болып жатады. Шығармашылықта бірге жүрудің қиындығы бар ма?
ЖАНБОЛАТ: – Өнер жолында бірге жүргеннің ешқандай қиындығы жоқ. Халық әрдайым бірге жүргенімізді қалайды. Кейде жалғыз, жеке шығып жатсам, «Жазира қайда екен, шығып қалар» деген көзқарастарды байқап тұрамын. Кейде «Жазираның өзі ғана келсе болады» деген сұраныстар да түседі. Ондай кезде Жазира бірден жалғыз бармайтынын айтады. Негізі, қыз балаға, әйел адамға өнер жолында жүру өте қиын. Оларға мықты қорған болып, қолдап жүретін адам керек. Ал егер өнерде жүрген қыз бала өнерге қатысы жоқ жігітке тұрмысқа шығатын болса, мәселені басынан келісіп шешіп алғаны дұрыс деп ойлаймын.
Жазира екеуміз Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде оқып жүргенде таныстық. 1996 жылы отбасын құрдық. Міне, қазір отыз жыл болыпты. Өнер айдынында бірге келе жатқандықтан болар, бізде ешқандай түсініспеушіліктер болмайды. Үйде де, сахнада да, жиын-тойда да, гастрольдік сапарларда да біргеміз. Сондықтан бір-бірімізді қас-қабағымыздан, сөзсіз, үнсіз-ақ түсіне қоятын кезіміз көп.
– Репертуарларыңыздағы қай ән шынайы өмірлеріңізбен көбірек үндес деп есептейсіз?
– «Асыл жарым», «Орындалған арманым», «Бақыттың бағасы», «Ғаламның ғажабы» деген әндеріміз өзімізбен үндес деп ойлаймын. Тыңдармандарымыз «Жан жарым» деген әнімізді де жиі сұрайды. Бұл ән маған да қатты ұнайды.
СЕЗІМ ПЕРНЕСІ
– Ән таңдағанда қандай қағиданы ұстанасыздар?
– Алдымен сөзіне үңілеміз. Ғашықтардың бір-бірімен қоштасуы, екі жаққа кетуі, қосыла алмауы сынды тақырыптарды қозғаған әндерді алмауға тырысамыз. Біз отбасылы жұп болғасын осы жағына мән береміз. Негізінде ақындарға ерлі-зайыпты әншілерге арнап сөз жазу қиындау тиіп жататыны бар. Кейбір әндердің сөзін ақындармен ақылдасып, өзіміздің табиғатымызға жақындатып өзгертетін сәттер де болады. Менің ерекше жақсы көретін, Жазираға арнап жеке айтатын әнім бар. Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған Арман Дүйсеновтің әні «Ғашықтар бақытты» деген. Осы әнде мынадай тамаша сөздер бар.
Көздерің сенің мөлдір тұнық,
Жолықтың бақытыма жаратылып.
Жаным-ау бұл жалғанда арманым жоқ,
Өзіңмен бірге жүрсем таңды атырып.
Біздегі бір ерекше сезім жалын,
Жылуын сол сезімнің сезін жаным.
Кейде мен жасап алған қателікті,
Сабырмен түзетерсің өзің жаным.
Сөздері қарапайым да шынайы. Дәл менің сезімімнің пернелерін дөп басқан сөздер.
– Кейінгі жылдары қазақ эстрадасы жаңа бағыттарға бет бұрып келеді. Осы өзгерістерді қалай қабылдайсыз?
– Өнер – тірі ағза секілді ғой. Ол да заманмен бірге дамиды, түрленеді. Бірақ біз үшін ең бастысы – қазақы болмыс пен ұлттық үнді жоғалтпау. Әрине, біз де заманауи бағыттарды зерттейміз, бірақ әндерімізде ұлттық әуен, таза сезім мен шынайылық сақталғанын қалаймыз.
МЕЙІРІМ МЕКЕНІ
– Көрерменнің ықыласын жоғалтып алмау үшін ең маңызды не деп ойлайсыз?
– Халықтың алдында жақсы әндеріңмен, жақсы сөздеріңмен, қарапайым қалыбыңмен, түзу жолыңмен жүру маңызды. Әрине, қоғам болған соң түрлі адам, түрлі көзқарастың болуы заңды. Баршаның көңілінен шығу мүмкін емес шығар. Дегенмен, қазір көрерменнің талғамы жоғары, жақсы, жаманды өзі-ақ елеп-екшеп, таразылап алады. Біз де тек жақсы жағымыздан көрініп жүре бергіміз келеді. Ол үшін уақыт көшінен де қалмай, көптің сұранысын да дөп басып, ұдайы еңбектене беруге дайынбыз.
– Отбасыңызда қандай құндылықтар ең басты орында?
– Шүкіршілік, адалдық, сабыр, мейірім. Осы құндылықтар болса, отбасы да, өнер де берекелі болады.
ДАРА ҚЫЗ
– Кішкентай Дараның қандай дара қасиетін атап айтар едіңіз? Кейбір танымал өнер адамдары ұл-қыздарының артықшылығын, өнерін көрсетіп, әлеуметтік желіге жүктеп отырады. Ал сіздерде ондай ой жоқ па?
ЖАЗИРА: – Даратайымыз әзірге әлі кішкентай. Мейірім мен адалдықты бойына сіңіру міндетімізді мүмкіндігінше орындап жатқан сияқтымыз. Ал болашақта өз жолын өз қабілетіне қарай таңдайды. Ешкімнің затына тимейді, жануарларды жақсы көреді, мейірімді, еркелігі де бар.
– Ең алғаш өз табыстарыңызда үйге не сатып алғандарыңыз есте ме? Екеу болып жүріп мал құраудың артықшылығы қандай?
– Ең алғаш қандай зат алғанымыз есімде жоқ. Зат жинау, дүние жинау, қымбат әшекей сақтауға келгенде аса пысық емеспін. Пәтер жалдап тұрып, одан бір бөлмелі пәтер сатып алып, екі-үш жылдан кейін екі бөлмелі пәтерге, үш-төрт жылдан кейін үш бөлмеге қол жеткізгеніміз, солай баспалдақпен жай-жай ақырындап көтерілгендей баспанамызды үлкейткеніміз ғана есімде. Әр көшкен сайын ішіндегі заттарды жас отбасыларға таратып жіберіп отыратынбыз.
ҚАДІРДІҢ ҚҰНЫ
– Уақыт өте келе адамның құндылықтары өзгереді дейді. Сіздерде не өзгерді, не өзгермеді?
– Жас күнімізде күнкөрістің қамын ойлаумен көбірек уақыт өтсе, қазір осы күнге дейін қалай өмір сүрдік, балаларымызға дұрыс тәрбие бердік пе, әрі қарай қоғамға қалай пайдалы бола аламыз деген ізденістермен жүрміз. Бұрынғыға қарағанда қазір шүкіршілігіміз бен бір-бірімізді бағалау, қадірлеу басымырақ.
– Сіздерге дем, шабыт беретін адамдар кімдер?
– Бірнеше жыл бұрын жетпісшақты өнерлі қыз-жігітпен «Агугәй» атты продакшн құрғанбыз. Барлығы – консерватория, академия бітірген кәсіби мамандар. Соларға біз мотивация берсек, олар бізге шабыт береді.
ҚЫЗ ҰЗАТУ
– Осы күнге дейін қанша қыз ұзаттыңыз? Олардың ішінде әдемі болмысымен, тәрбиесімен есте қалғаны бар ма?
– Ұзатқан қыздарымды санап көрмедім. Қыздың қолынан ұстап ән айтқаным осыншама үрдіске айналып кетеді деп ойламадым. Жай ғана әдемі ұлттық киім киген қыздың қолынан ұстап ән айтқым келген. Мұным дұрыс болды ма, бұрыс болды ма, білмеймін. Есте қалған қыздар өте көп. Солардың арасында екі қалыңдыққа қатты ғашық болып (ене ретінде), қимай жылап қалғаным бар (күледі).
– Бірде «Көпшілік ортада жұбайым құс жүзеді, балық ұшады десе, ол – солай. Ол сөз ары қарай талқыланбайды» деген жазба қалдырдыңыз парақшаңызда. Осы сөзіңізді тарқата отырсаңыз.
– Жалғызбасты адам ғана тек өзінің ойымен ғана жүріп-тұрады. Ерлі-зайыпты ғана емес, бауырлар да, достар да, туыстар да бір-бірінің ойын, идеясын, қалауын таңдау керек кездер болып тұрады. Біздің үйде соңғы шешім – қалай десе де Жанболаттікі.
ЖҮРЕКТІҢ ҚАЛАУЫ
– Бір жылы қоларбада отырған қарапайым жігітті келіншегімен ауызашарға шақырып, үйлеріңізге мейман еткендеріңіз есімізде. Жақсы істер мен амалдар неден туындауы мүмкін?
– Бұл – жүректің қалауы. Жаратқан иеміз бізге қайырымды істер жасауды миымызға құйып тұрады. Ондай сәттердің бәрін әлеуметтік желіге сала бермейміз.
– Сізді Алматымен байланыстыратын үш нәрсе?
– Анам дүниеге келген қала. Жанболат екеуміз танысқан, табысқан қала. Алматы – біз үшін берекелі қала.
– Газет оқырмандарына айтар тілегіңіз?
ЖАЗИРА: – Қазақтың әр шаңырағына береке мен махаббат тілеймін.
ЖАНБОЛАТ: – Жүректеріңізден өнерге, өмірге деген сүйіспеншілік өшпесін. Ел аман, жұрт тыныш болғай!
Сұхбаттасқан
Нұржамал ӘЛІШ,
журналист.
Алматы қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!