Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халің қалай, Сыр орманшысы?

10.08.2023, 11:00 674

Абай облысындағы 15 адамның өмірін қиған өрттен соң еліміздегі орман шаруашылығындағы, өрт сөндіру қызметіндегі өткір мәселелер анық байқалып, әр облыс етек-жеңін жинай бастады. Білікті кадрлардың жетіспеушілігі, құрал-жабдық пен арнайы киімдердің аздығы, техникалардың ескіргені де назардан тыс қалмай, ашық айтылды. Кейіннен орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінің жалақасы да көбейетіні мәлім болды. Осы орайда біз «Сыр орманының жай-күйі мен қызметкерлерінің хал-ахуалы қалай?» деген сұраққа жауап  іздеп  көрдік.

ҚЫЗЫЛОРДАДА 7 МИЛЛИОН ГЕКТАР ОРМАНДЫ АЛҚАП БАР

Қызылорда облысындағы орманды алқаптың 83%-ын сексеуіл ағашы құрайды екен. Ал, өңірдегі мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі – 7 млн гектар, оның 3,8  млн  гектары – орманды  алқаптар.

Облыста орманды қорғау, молықтыру, сақтау және орман өртінің алдын алу мақсатында 8 орман шаруашылығы мекемесінде 700-ге жуық  қызметкер жұмыс  істейді.

Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­масының дерегінше, мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың 2021-2025 жылдар ішінде  Арал  теңізінің  құрғаған  ұлтанында   1,1 млн гектарға сексеуіл көшетін егу жөніндегі  тапсырмасы өз деңгейінде атқарылып жатыр. Биыл 250 мың гектарға (100 мың гектар – облыстық  деңгейде, 150 мың гектар – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті арқылы) фитоорманмелиорация­лық жұмыстарын жүргізу жоспарланып, кезең-­кезеңімен ат­қарылуда. Көктем айларын­да 53 000 га сек­сеуіл көшеттерін отыр­ғызу және 7777 гектарға галофитті тұқым себу жұмыс­тары  жалғасын  тапқан.

Сонымен қатар, осы жылы Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 150 мың гектарына топы­рақ зерттеу және жобалау жұмыстарына облыстық  бюджеттен  59  млн  теңге  және  орман мекемелерінің материалды-техникалық базасын нығайту мақсатында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес тиісті  жұмыстар  атқарылған.

ОРМАНШЫЛАРҒА  ҚОЛДАУ  ЖОҚ  ЕМЕС

Өңірдегі орман шаруашылығы қызметкерлерінің техникалық базасы туралы Қызыл­орда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаев толы­ғырақ  айтып  берді.

– Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен орман шаруашылығы мекемелеріне өрт сөндіру автокөліктері, көшет  қазу агрегаттары, тракторлар, УАЗ таб­летка автокөліктері, арнайы мотоциклдар, патрульдік автокөліктер және радиостанционариялар, байланыс құралдары мен қолда ұстап жүру рациялары сынды көптеген техника мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуда. Бұл техникалар орман қорғау, молықтыру бағытында орманшыларға көп септігін  тигізетін  болады, – дейді  ол.

Сыр өңірінде орманды молықтыру және көгалдандыру жұмыстарына қажетті сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін 158 гектар уақытша орман тұқымбақтары бар. Орман қорының санитарлық жағдайын бақылау үшін 376,3 мың гектар жерге орман патологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жақында ғана облыстық орман, аң және балық шаруашылығы саласы бастауыш ұйымы­ның ардагерлері Қазалы және Арал аудандарының мәдени-тарихи маңызы бар ескерткіштер мен кесенелеріне сапарлап қайтыпты.

– Ардагерлер алдымен «Мүсірәлі әзіз» кесенесіне, одан соң Қазалы ауданы орталығынан батысқа қарай 4 шақырым жерде орналасқан «Жанқожа баба» кесенесіне ат басын бұрды. Сапар  барысында  олар Қазалы және Арал орман шаруашылығы мекемелеріне арнайы барып, орман­шылармен кездесті. Мекемелердің орман­ды қорғау, молықтыру, сақтау және орман өртінің алдын алу бағытындағы атқарып жатқан жұмыстарын көріп, материалдық техникалық базасымен танысты. Орманшы әріптестермен кездесуде ардагерлер өзара тәжірибемен бөлісіп, қызмет барысына сәттілік тіледі, – деп хабарлайды Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспа­сөз  қызметі.

ОБЛЫСТА  БІЛІКТІ  ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ  МАМАНДАРЫ ЖЕТІСПЕЙДІ

Сонымен қатар, мемлекеттік орман қоры учаскелерінде заңбұзушылықтардың алдын алу, оны анықтау мақсатында 130-ға жуық рейд ұйымдастырылып, орман тәртібін бұзу бойынша  14  жағдай  анықталыпты.

Орман шаруашылығы саласының ардагері Мырзамұрат Ибраевты әңгімеге тартып, салаға қатысты ұсыныс-пікірін тыңдап көрген едік.

– Семейде болған өрт бәрімізге ауыр тиді. Ондай жағдай енді қайталанбасын, болған күннің өзінде өртті өшіруге сақадай-сай тұруымыз керек. Соған орай бірнеше ұсынысымды айтқым келеді. Жалпы, жыл сайын тиісті органдардың өрт  қауіпсіздігіне  байланысты бірлескен іс-шара жоспары жасалады. Бұл жоспар тек қағаз жүзінде қалып қоймауы керек. Меніңше, осы жоспардың нақты орындалуын қамтамасыз етудің маңызы зор. Сондай-ақ, орманшыларды облыстық Төтен­ше жағдайлар департаменті базасында өртке байланысты тұрақты түрде оқытып, қысқамерзімді курстар ұйымдастыру керек. Осы орайда, орманшылардың айлығын көбейту мәселесін айтпай кетуге болмайды. Әрине, мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтып отыру да – күн тәртібіндегі жұмыс.

Шыны керек, облыста білікті орман шаруа­шылығы мамандары жетіспейді. Қала­мыздағы жоғары оқу орындарында орман, аң және балық шаруашылығы саласының жоғары білім мамандарын дайындайтын факультеттер ашылса  деймін, – деді  ол.

ЖЫЛ  БАСЫНАН  БЕРІ  20-дан  АСА  ӨРТ  ОҚИҒАСЫ  ТІРКЕЛГЕН

Қызылорда облысы аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Орман өртін болдырмау және алдын алу мақ­сатын­да орман шаруашылығы мекемелерінде 11  дана  өрт  сөндіру  автокөлігі мен 53 тұ­рақ­ты өрт сөндіруші қызмет атқарады. Өрт қауіпті учаскелерде жаңадан өрт жолақ­тары жүргізіліп, ескі өрт жолақтарын қалпы­на келтіру жұмыстары да жалғасын тауып отырады.

– Бізде жыл басында бір жылдық жұмыс жоспары бекітіледі. Әр жұмыс жауапты маман­дарға тапсырылады, сол бойынша жұмыстар жүргізіледі. Көктемде және күзде өрттің алдын алу, тілсіз жауды сөндіру, оқшаулау мақсатында минералданған жолақтар саламыз. Биыл 15 шақырым жолақ жырту жұмысы жүргізілсе, 3030 шақырым ескі жолақтарға  күтім  жасау  жоспарланған.

Жыл басынан бері орман өртінің алдын алу және қаупі бар кезеңдерге дайындық жұмысы туралы жауапты тұлғаларға 80 дана ескерту хаты таратылып, өрт сөндіру автокөлігіндегі арнайы дыбысзорайтқышпен хабарламалар айтыл­ды. Ауылдық округтерде еркітілерден өрт сөндіруші жасақтары құрылуға да ықпал жасадық, – дейді «Қызылорда орман және жануарларды қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ директорының Орманды күзету және қорғау саласы жөніндегі орынбасары Мұхтар  Қаппарұлы.

Өрт қауіпті кезеңінде орман қоры жерлерінде 100,89 гектарды құрайтын 21 өрт фактісі тіркелген (2022 жылы – 16 өрт, 38,39 га). Оның ішінде, 25,29 гектары – орманды, 75,6  гектары – ормансыз  алқаптар.

Әлбетте, орманшылардың, өрт сөндіру­шілердің жалақысы аз екені бұған дейін де айтылды.

– Орман шаруашылығы мекемелері қызмет­керлерінің жалақасы 2021 жылы орташа есеп­пен алғанда 115 000 теңге болса, 2022 жылы жалақы мөлшері 22%-ға көбе­йіп, 163 000 теңге болды. Биыл бұл көрсеткіш тағы да 23%-ға өсіп, орманшылардың жалақысы 191 000 теңгені құрап отыр. Алдағы уақытта да орманшылардың жала­қысын өсіру жоспарда бар, – дейді Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының  баспа­сөз  қызметі.

ЖАЛАҚЫСЫ  КӨБЕЙІП, ТЕХНИКАЛЫҚ  БАЗАСЫ  НЫҒАЯДЫ

1 шілдеден бастап орманшылардың жалақы­сы көбейіп, материалдық-техника­лық базасы 2027 жылға дейін 100 пайыз жаңаратыны  туралы ҚР Экология және таби­ғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айт­қан  болатын.

– Биылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанның табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің  жалақысына 100% үстемақы қосыла­ды. ҚР Үкіметі мемлекет басшысының аталған салада еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында тиісті  қаулы  қабылдады.

Құжатта адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмыс үшін қосымша ақы белгілеу көзделген. Еңбек жағдайлары ерекше құрылымдардың қатарына жануарлар дүниесін қорғау, орманды қорғау және қалпына келтіру, мемлекеттік орман қорғау және т.б. мамандандырылған ұйымдар жатады.

Енді қызметкерлердің орташа жалақысы атқаратын қызметі мен жұмыс өтіліне байланысты 101 мыңнан 320 мың теңгеге дейін ұлғаяды.

Жалпы осы салада 12876 қызметкердің жалақысы көтеріледі. Бұл білікті кадрлардың тұрақтап қалуына және жалпы жұмыстың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік бере­ді деп күтілуде, – деп хабарлады Үкіметтің баспа­сөз  қызметі.

Жалпы, осы жылы елдегі орман шаруа­шылығына 8,1 млрд теңге бөлінсе, өртті ерте анықтау жүйесіне 4,1 млрд теңге қарас­тырылып  отыр.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер:
  • Осы орман шаруашылығында қызмет жасап жатқан кадр, бухгалтер, юрист, программист, жүргізуші секілді мамандардыңда айлығын көтерулеріңізді сұраймыз.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: