Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғасыр белесіндегі ғибрат һәм еңбекпен келген береке

23.10.2025, 11:20 202

Күз – табиғаттың сарғыш түске боялып, молшылық пен берекенің бастауына айналар тамаша мезгілі. Әсіресе, ауыл еңбеккерлері үшін бұл уақыт – жыл бойғы маңдай тердің жемісін көріп, еткен еңбектің нәтижесіне көз жеткізетін мерейлі шақ. Қызылорда облысында дәстүрлі түрде аталып өтетін «Алтын күз» мерекесі – егіс даласындағы ерен еңбек пен ауыл шаруашылығы саласындағы толағай табыстарды ұлықтайтын  ерекше  күн.

Биылғы «Алтын күз – 2025» мерекесі Қызылорда қаласының  астана  болғанына  және қазақ атауының қайтарылғанына 100 жыл толу мерейтойымен тұспа-тұс келіп, айтулы қуанышты еселей түсті. Бас қаласының бір ғасырлық тарихы бар облыстың дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ауыл  еңбеккерлерінің құрметіне арналған  мереке  өңір  тынысының, ел еңбегінің  шынайы  көрінісі  іспетті.

Аталған мереке биыл да өзіндік сән-салтанатымен, мазмұнды бағдарламаларымен, еңбек  адамын ардақтаған кештерімен облыс төрінде кеңінен аталып өтті. Аталған  күн – тек молшылықтың ғана емес, халықтың еңбексүйгіштігін, туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігін паш ететін рухани іс-шара. Әрбір ауылдың, әрбір еңбеккердің үлесімен маңызға ие болған бұл сәт – ұрпаққа үлгі, еңбекке  тағзым.

17  қазан  күні  Қызылорда  қаласындағы Өнер  орталығында  өткен  салтанатты іс-шараға  облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  қатысып, ауыл  шаруашылығы еңбеккерлерін  марапаттап, мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, айтулы күннің кеш қонағы ретінде Абай облысының әкімі Берік Уәли, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің  депутаттары,  мемлекет және қоғам қайраткерлері,  Қазақстанның Еңбек ерлері,  ғалымдар,  өнер  майталмандары,  республиканың  барлық  өңірінен  келген  облыстық  мәслихат  төрағалары   арнайы  қатысты.

ЕРЕН  ЕҢБЕКТІҢ  ӨТЕУІ  –  ЛАЙЫҚТЫ  ҚҰРМЕТ

Салтанатты жиын барысында алғашқы сөз аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлына берілді. Өз сөзінде ол ауыл шаруашылығы сала­сында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, аграрлық сектордың алдағы даму бағыттарын атап өтті. Сондай-ақ, береке мен бірліктің үлгі­сін көрсетіп, ел қамбасын толтыр­ған диқандарға ерекше ілтипатын  білдірді.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялау туралы шешіміне тоқталып, Президенттің ел алдына қойған маңызды міндеттерін  жеткізді.

– «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан­да құрметті, сыйлы болуы керек» деген  болатын.

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын  ұрпақ санасы­на сіңіру, еңбек адамының мәрте­бесін көте­ру – біздің басты мақсат­тарымыз­дың  бірі. Сыр өңірінің даңқын респуб­ликаға танытқан, дала академигі атанған  Ыбырай Жа­қаев бастаған 102  Социалис­тік  Еңбек  Ері  мен  тәуел­сіздік жылдарында­ғы Қазақстанның Еңбек Ерлерінің жетіс­тіктері – ел тарихында алтын әріптермен жазылған аңызға айналған еңбек үлгіле­рі. Саналы ғұмырын туған жерінің өсіп-өркендеуіне арнаған ардақты ардагер ағаларымыз бүгін ортамыз­да отыр. Облысымыздың дамуына  қос­қан өлшеусіз үлестеріңіз үшін барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды білдіремін. Ел үшін атқарған  ерен еңбектеріңіздің жемісін, бейнетіңіздің зейнетін көру – сіздердің    лайықты   енші­леріңіз, — деді  Нұрлыбек  Машбекұлы.

Келесі  сөз Абай облысының әкімі Берік Уәлиге берілді. Өз сөзінде ол Сыр елінің еңбекқор жұртына ризашылығын жеткізіп, екі өңір арасындағы байланыстың одан әрі нығая  түсетініне  сенім  білдірді.

– Қазақ халқы тағдырының тайғақ кешулі кезеңдерінде жағасына келіп тыныс тапқан, суына бетін жуып, үмітін ертеңге жалғаған қасиетті Сырдарияның бойында, ежелгі Ақмешіт, бүгінгі Қызылорда төрінде өздеріңізбен  жүздесіп отырғаныма бек  қуаныштымын!

Біз бүгін аймақтарыңызға үлкен делегациямен, яғни өнер жұлдыздары, зиялы қауым өкілдері және жақында ғана  республикалық  байқауда бас жүлде алған театрымыздың арнайы қойы­лымымен келіп отырмыз. Бұл өңіраралық рухани-мәдени байланыс­тарды нығайтып, бізді бауырластыра түседі  деп  сенеміз, — деді  Берік   Уәли.

Мерекелік кеш барысында өңір­дің ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, ерекше көзге түскен қызметкерлер түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды.

Атап айтқанда, ауыл шаруашы­лығы саласына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарға «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» меда­лі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, сондай-­ақ Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Сонымен қатар, ауыл шаруашы­лығы саласындағы озық мамандар арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Мал шаруашылығы бағыты бойынша озат шопан, бақ­та­шы, жылқышы, түйекеш және ветеринарлар анықталып, лайық­ты түрде алғысқа ие болды. Ал егін шаруа­шылығы  саласында  озат бидай өсіруші, жоңышқа өсіруші, көкөніс өсіруші, мақсары өсіруші, бақша өсіруші, картоп өсіруші, күріш өсіруші, үздік агроном, комбайншы және бригадир сынды номинациялар бойынша үздіктерге сый-құрмет көрсетілді.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласының дамуына белсенді үлес қосып отырған үздік аудан анық­талып, «Балық шаруашылығы сала­сы бойынша озат аудан» номина­циясымен Арал ауданы, «Су үнемдеу технологиясын қолдану бойынша озат аудан» номинациясымен Жаңақорған ауданы, «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» номинациясымен Жалағаш ауданы, «Мал шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Қармақшы ауданы, «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Қазалы ауданы, «Егін шаруашылығы саласы бойын­ша озат аудан» номинациясымен Сырдария  ауданы марапатталды.  Ал «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда  биылғы  жылы  ең  жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» номинациясын  Шиелі  ауданы жеңіп алды. Сондай-ақ салалық ақпараттық қолдау көрсетіп жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де арнайы марапат  төрінен  көрінді.

Іс-шара барысында ауыл шаруа­шылығы саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, жоғары нәтижелерге жеткен мамандарға ерекше құрмет көрсетілді. Ерен еңбектің өтеуі  ретінде  жоғары  көрсеткіштерге  қол  жеткізген «Абзал және К» ТС, «Мағжан және К», «Абай-Дәулет» ЖШС-нің бір­қатар  қызметкеріне Hyundai Santa Fe, Chevrolet Cobalt, Jetour T2, Toyota Camry 80 маркалы заманауи авто­көліктері  сыйға  тартылды.

Міне, ауыл еңбеккерлеріне арналған салтанатты басқосу осылайша жоғары деңгейде ұйымдастыры­лып, жүректерге жылу сыйлаған әсерлі кешке айналды. Бұл – ел ырысы мен жер ырыздығын өндіру жолында аянбай еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек адамдарына көрсетілген шынайы құрметтің айқын көрінісі. Елдің азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етіп, ауыл мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып отырған агроөнеркәсіп саласының орны қашан­да ерекше. Бұл сала – тек экономиканың ғана емес, ел бірлігі мен тіршіліктің де берік негізі. Сондықтан ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбегі әрдайым елеулі, ерлікке  пара-пар.

Мерекелік іс-шара барысында әсем ән шырқалып, күмбірлеген күй төгілді. Би өнерпаздарының орын­дауындағы  ұлттық және заманауи билер, сахналанған әсерлі қойылымдар кештің сәнін келтіріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жиынға қатысқан барлық қонақ пен ауыл еңбеккерлері көтерің­кі  көңіл  күймен  тарқасты.

Келесі күні мереке аясында Қызыл­орда қаласы бойынша барлық ауданның  ауыл шаруашылығы өнімдерінің  жәрмеңкесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге өңірдің үздік шаруашылықтары қатысып, тұрғындарға өз өнімдерін ұсынды.

Қорытындылай келе, осындай мазмұнды іс-шаралар еңбек адам­дарының мерейін өсіріп қана қоймай, жас ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Алдағы уақытта да адал еңбек пен кәсіби шеберлікке негізделген жетістіктеріміз арта берсін. Ауыл шаруашылығы саласындағы табыс­ты  еңбек  жалғасын  тауып, ел  ырысы  молая  бергей!

БАҚ  БАЙРАҚТЫ  ҚЫЗЫЛОРА

Қазақ елінің қасиетті төрінде орналасқан, Сыр бойының жүрегі – Қызылорда қаласы ежелден тарих пен мәдениеттің, білім мен өнердің ордасы болып келген ерекше шаһар. Бұл өлке – ұлтымыздың  рухани  тамырын тереңдеткен,  елдік  мұрат жолында  талай  ардақты азаматтарды  дүниеге  әкелген қасиетті  мекен.

Қызылорда – тек  аймақтық маңызы бар қала ғана емес, ол қазақ мемлекетінің алғашқы астанасы ретінде тарихта ойып тұрып орын алған аймақ.  1925 жылы Алаш рухы асқақтап, қазақ елі өз атауын қайта иеленген тарихи сәттер дәл  осы Қызылорда топырағында  өтті.

Бүгінде  Қызылорда – заманауи  келбеті  қалыптасқан, экономикалық және әлеуметтік дамуы ілгерілеген, мәдениеті мен дәстүрі  жарасқан, болашаққа  нық  қадам  басқан  қала.

Биыл тамыры тереңге жайылып, тағдыры берекелі болған Сыр елінің бас қаласының  астана болғанына  100 жыл толып отыр. Осы айту­лы мерей­той аясында 17 қазан күні жаңадан бой көтерген «Қайсар Арена» стадионында «Мерейлі мере­кеңмен, Қызылорда!»  атты гала-­концерт  ұйымдастырылды.

Ауқымды іс-шара Сыр өңірінің ғасырлық шежіресін дәріптеп, қаланың мәдени, рухани дамуына үлес қосқан тұлғаларды ұлықтау, елдік рухты көтеру мақсатында өткізілді.

Кеш барысында ұлттық өнер мен заманауи музыкалық қойылымдар үйлесім тауып, көрерменге мазмұны терең, көркемдігі жоғары сахналық мәдениет ұсынылды. 500-ден аса дронның көкке қалықтап көтерілуі бұл мерекелік іс-шараны одан са­йын әсерлендіре түсті. Аспан әлемі түрлі-­түсті жарыққа бөленіп, дрондар арқылы өңір тарихындағы маңыз­ды кезеңдер мен Қызылорданың симво­лына айналған бейнелер әуеде көрсетілді. Бұл көріністер көрермендерге терең әсер қалдырып, кештің көркемдігін  арттырды.

Тамаша кештің шымылдығын елімізге танымал эстрада жұлдыз­дары, жергілікті өнер ұжымдары мен жас таланттар түрді. Олар Қызыл­орданың бай тарихы мен бүгінгі өркен­деуін, келешекке деген сенімін өнер тілімен шебер жеткізе білді. Мерекелік жиын Сыр елінің рухын асқақтатып, тұрғындарға ерекше көңіл  күй  сыйлады.

Сондай-ақ салтанатты концертке аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлі­баев пен Абай облысынан келген  қонақтар да қатысты. Мерекелік кеш аймақ басшысының құттықтау сөзімен ашылды. Облыс әкімі өз сөзінде Сыр өңірінің тұрғындарын Қызылорда қаласының мерейтойы­мен шын жүректен құттықтап, бұл тарихи датаның маңыз­дылығына тоқталды. Сонымен қатар, ел дамуы­на үлес қосып келе жатқан қызыл­ордалықтардың ең­бегін ерекше атап өтіп, барша  жұртты  мереке­лік  кешті  бірге  тамашалап, қуаныш­қа  ортақ­тасуға  шақырды.

– Құрметті қызылордалықтар! Қадірлі қонақтар! Биыл Сыр елінің жүрегі, тарихы терең, тағылымы мол Қызылорда қаласының астана атан­ғанына 100 жыл толып отыр. Бұл – тек бір қаланың ғана емес, бүкіл елдің тарихындағы маңызды кезең. Себебі, Қызылорда – ұлтымыздың сан ғасыр­лық рухани-мәдени дамуына, тәуелсіз­дігіміздің қалыптасуына зор үлес қос­қан киелі мекен. Осыдан бір ғасыр бұрын басталған сапар бүгінде дамудың, жаңғырудың даңғыл жолына ұласып отыр. Бүгін біз осы бай тарихты, халқымыздың еңселі бірлігін, Сыр елінің биік  рухын бірге ұлықтап отырмыз. Бұл – әрбір қызылордалық үшін зор мақтаныш, айрықша сәт! Баршаңыз­ды Қызылорда қаласының астана бол­ғанының 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық, өңірімізге бере­ке мен бірлік тілеймін. Мерекелік кештен әсер алып, шаттық көңілмен тарасу­ларыңызға тілектеспін. Мерей­тойымыз құтты болсын! Қызылордамыз көркейе берсін!  — деді  Нұрлыбек  Машбекұлы.

Гала-концерт Қызылорда қа­ла­сы­ның астана  болғанының  100 жылдығы  аясындағы  ең ірі мәде­ни  іс-шаралардың  біріне айналды. Бұл кеш тек өңірдің ғана емес, рес­публикалық деңгейдегі маңызын айшық­тап, сырбойылықтардың жү­регіндегі мақтаныш  сезімін  одан  әрі  күшейтті.

Кештің соңында ерекше әсерлі отшашу ұйымдастырылып, еліміздің танымал эстрада жұлдыздары орындаған әрбір ән көрермендерді рухтандырып, мерекелік көңіл күйді ерекше  көтерді.

Сөз  соңында,  бір  ғасырлық тарих  қойнауына енген, тағылымы мол өңіріміздің алдағы күндері де жарық, берекелі әрі табысты болып, халқымыздың ырысы мол, жемісті жеңіс­тері көп болып, болашақта жаңа биіктерді бағындыруына  тілектеспіз!

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ.

Б.Есжанов,  Н.Нұржаубай  (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: