Газ құю бекеттеріне қойылатын талаптар күшейтіледі
Қазақстанда газ құю бекеттері мен газбен жүретін көліктерге қатысты қауіпсіздік талаптарын қатаңдату көзделіп отыр. Мәжіліс тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, алдағы уақытта салынатын жаңа газ құю бекеттері тек жерасты сыйымдылықтарымен жабдықталуы тиіс. Ал қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған бекеттер 2031 жылға дейін газ сақтайтын ыдыстарын жер астына көшіруге міндеттеледі. Сонымен қатар, заң жобасында рұқсат етілмеген орындарда автокөліктердің газ баллондарын, сондай-ақ тұрмыстық газ баллондарын толтыруға тыйым салу нормасы қарастырылған. Бұл талап тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Мәжіліс депутаттары талқылау барысында елде газ тапшылығының бар екенін және газ айналымына қатысты бақылаудың әлсіздігін атап өтті. Осыған байланысты өңірлік атқарушы органдарға газ құю бекеттерінің санын шектеу құқығын беру ұсынылып отыр.
Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, енгізілетін өзгерістер газ инфрақұрылымын ретке келтіруге, қауіпсіздік деңгейін арттыруға және саладағы заңсыз әрекеттердің жолын кесуге мүмкіндік береді. Құжат алдағы уақытта екінші оқылымда қаралып, кейін Сенатқа жолданатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!