Бүгінде интернет арқылы тарайтын ақпарат көлемі көз ілеспес жылдамдықпен өсіп келеді. UNESCO мәліметіне сүйенсек, жыл сайын цифрлық ақпарат көлемі 60 пайызға артуда. Әр минут сайын YouTube-қа 500 сағаттық бейне, Twitter-де 350 мыңға жуық твит, WhatsApp-та 69 миллион хабарлама тарайды екен. Осынша дерек ағынында жалған ақпарат пайда болып, қоғамға зиянын тигізе бастады.
ФЕЙК ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
UNESCO-ның ақпараттық сауаттылық жөніндегі сарапшысы Хосе Мануэль Перес Торнероның айтуынша, цифрлық дәуірде тек технологияны меңгеру жеткіліксіз, ең бастысы – ақпаратпен жұмыс істеудің жаңа мәдениетін қалыптастыру қажет.
Бұл пікір орынды. Өйткені бүгінгі ақпарат ағынында жалған мен шындық, ақиқат пен дақпырт астасып, қоғамдағы сенімге селкеу түсіретін жағдай жиі кездеседі.
Сарапшылардың дәйегінше, қазір жалған ақпараттың үш формасы бар.
Біріншісі – фейк (fake). Бұл – шындыққа жанаспайтын, ойдан шығарылған ақпарат. Мақсаты – адастыру немесе сенімге селкеу түсіру.
Жақында әлеуметтік желілерде Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны жайлы хабар тарап, кейін бұл дерек жалған екені ресми түрде жарияланды.
Екіншісі – дезинформация (disinformation). Яғни қасақана жасалған жалған дерек таратып, қоғамның пікірін өзгертуге немесе саяси шешімге ықпал ету. 2016 жылы АҚШ-тағы сайлау кезінде Демократиялық партияның кандидаты Хиллари Клинтонға қарсы Facebook, Twitter, YouTube-те дезинформация тарады. Сөйтіп, әлеуметтік желілер алғаш рет жалған ақпараттың қоғамға, саяси шешімге, тіпті әлемдік саясатқа ықпал ете алатынын айқын дәлелдеді.
Үшіншісі – манипуляциялық контент (manipulative content). Шынайы ақпаратты өңдеп, адамдардың эмоциясына әсер етуге арналған тәсіл. COVID-19 кезінде «вакцина қауіпті» деген бейнелер мен жалған фотосуреттер – осының айғағы. Соның салдарынан адамдар вакцина салудан бас тартып, ел арасында түсініспеушілік болды.
ТАРАЛУ АРНАЛАРЫ
2000 жылдары әлеуметтік желінің пайда болуымен жалған ақпараттардың таралу жолы кеңейді. 2008 жылы АҚШ-тағы сайлау науқаны кезінде алғашқы саяси фейктер белең алды.
2010 жылдан бастап «жаппай фейк дәуірі» басталды. Бұл кезеңде жалған ақпарат тек жекелеген елдердің ішкі мәселесімен шектелмей, жаһандық сипатқа ие болды. Нәтижесінде жалған жаңалықтар саясаттан бастап экономикаға, денсаулық сақтау мен қауіпсіздікке дейін әр салада қоғамға ықпал ете бастады.
2020 жыл – пандемия кезеңі фейктің жаңа толқынын әкелді. COVID-19 вирусы, емдеу тәсілдері мен вакцинаға қатысты жалған ақпараттар адамдардың өміріне қауіп төндірді.
Фейктердің ең жылдам тарайтын алаңы – әлеуметтік желі. Facebook, Instagram, TikTok, Twitter сияқты платформалар жалған ақпарат үшін қолайлы ортаға айналды. Бұған қоса, WhatsApp, Telegram секілді мессенджер арқылы да қауесет жылдам тарайды. Кейде блогерлер немесе жаңалық сайттары тексерілмеген деректі жариялап, жалған ақпараттың көбеюіне себепкер болады. Министр Мұрат Нұртілеуге байланысты кейс соған дәлел болады. Тексерілмеген, дәлелденбеген ақпаратты ондаған отандық сайт шығарып, әлеуметтік желіде бөлісті.
Елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін айта кету керек.
ҚОҒАМҒА ТИГІЗЕТІН САЛДАРЫ
Жалған ақпараттың ең қауіпті қыры – оның қоғамда жаппай дүрбелең тудыру қабілетінде. Бір ғана жалған хабар халықтың сеніміне селкеу түсіріп, қоғамдық тәртіп пен экономикалық тұрақтылыққа кері әсерін тигізе алады.
Әлеуметтанушы Айнұр Анарбек фейк тек әлеуметтік-психологиялық ахуалды құлдыратып қоймай, экономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік институттарға деген сенімге де тікелей ықпал ететінін айтады.
– Жалған ақпараттың таралуы қоғамдық пікірге ғана емес, азаматтардың құқығы мен мүддесіне зиянын тигізеді. Әлеуметтік желі мен мессенджерде «инвестициялық жоба», «жеңіл несие» сынды хабарлама жиі тарап, азаматтарды алдайды. Нәтижесінде адамдар қаржылық шығынға ұшырап, мемлекетке деген сенімге селкеу түседі, — дейді әлеуметтанушы маман.
Бұған мысал көп. 2019 жылы Венесуэлада әлеуметтік желіде «банктер жабылады» деген жалған ақпарат тарағаннан кейін халық жаппай қаржы институттарына ағылып, депозитін шешуге асықты. Бұл қысқа уақыт ішінде шамамен 1,3 миллиард долларға жуық қаржының айналымнан кетуіне және ұлттық валютаның құнсыздануына әкелді.
Қазақстан да пандемия кезінде осындай жағдайды бастан кешті. Әлеуметтік желіде «нарықта азық-түлік бағасы қымбаттайды» деген қауесет тараған соң, халық азық-түлікті көптеп сатып алып, кей өңірде сөрелер босап қалды. Сауда және интеграция министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2020 жылғы наурыз айында тек екі апта ішінде халықтың артық сатып алуына байланысты бөлшек сауда нарығына шамамен 12 млрд теңгеден астам қосымша жүктеме түскен. Кейіннен бұл тауар тапшылығына, логистикалық шығындардың артуына және бағаның жасанды қымбаттауына әкелді.
Мұндай мысалдар фейктің тек ақпараттық емес, нақты қаржылық салдары болатынын көрсетеді. Бір ғана жалған жаңалықтың әсерінен ел экономикасы шығынға ұшырап, қоғамда әлеуметтік тұрақсыздық туындайды.
ҚОРҒАНУ ЖОЛДАРЫ
Парламент Мәжілісінің депутаты Данабек Исабек мәселенің маңыздылығын айқындай отырып:
– Қазіргі уақытта әрбір азаматтың ақпаратты тек қабылдап ғана қоймай, оны талдау және сараптау қабілетіне ие болуы аса маңызды. Қоғам сыни тұрғыда ойлай алатын аудиторияға айналған жағдайда ғана жалған ақпараттың теріс ықпалына тиімді түрде қарсы тұруға мүмкіндік туады, — деді.
Қазіргі шындық – біз жалған ақпарат дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Фейктің жылдам таралуы мен ауқымын ескерсек, оның алдын алудың ең сенімді жолы – ақпараттық сауаттылық пен медиамәдениетті дамыту. Әрбір азаматтың сыни ойлау қабілетін жетілдіруі, дереккөздерді тексеруге дағдылануы ұлттық қауіпсіздіктің маңызды тетігіне айналуда.
Цифрлық этика және медиасауат саласындағы халықаралық сарапшы Чарльз Эсс те осыған назар аударады. Яғни ақпараттың дәлдігі мен шынайылығын тексерудің бірнеше тәсілі бар – дереккөздерді салыстыру, ресми ақпаратқа жүгіну, сыни тұрғыда ойлау мәдениетін дамыту және фактчекинг әдістерін қолдану.
Сарапшының пікірінше, бұл қағидаларды күнделікті тәжірибеге енгізу әрбір қоғам мүшесін жалған ақпараттың ықпалынан сақтайды.
P.S. Америкалық саясаттанушы Ноам Чомскидің: «Ақпаратты кім басқарады, сол қоғамдағы сана мен пікірді де басқарады» деген сөзі бүгінде ерекше өзектілікке ие. Жалған ақпарат кейде қарудан да қауіпті. Ол қоғамды дүрбелеңге әкеліп, саяси және экономикалық тұрақтылыққа сызат түсіреді. Сондықтан ақпараттық сауаттылық – әр азаматтың ғана емес, мемлекеттің де қауіпсіздігінің басты кепілі.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
журналист.
Астана қаласы
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!