Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ерлікке, елдікке тағзым

15.02.2025, 19:05 180

Бүгін, 15 ақпанда – Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 36 жыл толды.

1979 жылы Кеңес әскерінің қатарындағы 22 мыңға жуық сарбаз интернационалдық борышын өтеу үшін Ауғанстан жеріне аттанып, 942-сіне туған жердің топырағы бұйырмады.

Соның ішінде, Сыр өңірінен 827 адам қатысып, оның 18-і Ауған жерінде мәңгілік мекендерін тапты.


Атаулы дата аясында бүгін Ауған жерінде әскери борышын өтеу барысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу митингісі өтті.


Еске алу митингісіне Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ауған соғысының ардагерлері, әскери қорғаныс органдарының, жастар, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері қатысты.


Шара барысында сөз алған қала әкімінің орынбасары Д. Тұрсынбаев қаза болған жауынгерлердің жарқын бейнесі ұрпақ жадында жаңғырып, ерліктің үлгісі болып қала беретінін атап өтті. Тағылымды шара ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майданда опат болған сарбаздардың рухына құран бағыштаумен қорытындыланды.


Ауған ардагерлерін еске алу және құрмет көрсету шарасы салтанатты мерекелік жиынға ұласты. Салтанатты шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Р.Каюпов қатысып, ауған соғысы ардагерлерін атаулы датаның 36 жылдығымен құттықтады.


«Тарих жылнамасынан өзінің қаралы жылдарымен есте қалған зұлматтың бірі – Ауған соғысы. Жылдар өтсе де, ержүрек жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде.


Жыл сайын ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Олар мәңгілік біздің жүрегімізде» – деді Руслан Мұхамедәліұлы.

Іс-шара барысында басқарма басшысы Р.Каюпов бірқатар ауған соғысы ардагерлеріне облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатын табыстады.

Салтанатты шарада қала өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, ардагер қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.


Еске алу күні ардагерлер ұйымдарының үйлестіруімен «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде қаза болған жауынгерлердің рухына ас беріліп, Ақсуат ауылдық округіндегі спорт кешенінде ардагерлер арасында шағын футбол турнирімен жалғасты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: