Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еріктілер – қоғам дамуының қуатты күші

13.04.2026, 18:00 32

Қызылорда облысында волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Бүгінде өңірде 1000-нан астам ерікті мен 30-ға жуық волонтерлік топ белсенді жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, «Ассамблея жастары» қозғалысы мен бірқатар еріктілер ұйымдары қоғамдық бастамаларға тұрақты түрде атсалысып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім болды.

Жиында аймақтағы еріктілер қозғалысының бүгінгі ахуалы, жаңа бастамалар және алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Уалихан Ибраевтың айтуынша, өңірдегі волонтерлік қызмет бірнеше бағыт бойынша жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Bilim», «Sabaqtastyq», «Asylmura», «Qamqor», «TazaÁlem», «Úmit», «Saýlyq», «Ayala» бағыттары аясында түрлі әлеуметтік, экологиялық, мәдени және қайырымдылық шаралары қолға алынған.

Жыл басынан бері облыста 20-дан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 600-ден астам ерікті тартылған. Алдағы уақытта да ауқымды жобалар жалғасын таппақ. Атап айтқанда, тамыз айында республикалық волонтерлер слеті, ал қазан айында Арал өңірінде «Green Aral: Volunteers for Life» халықаралық апталығы өтеді деп жоспарлануда.

Спикердің сөзінше, өңірде волонтерлік қозғалысты дамыту жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Фронт-офистер арқылы еріктілер бастамаларына қолдау көрсетіліп, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға басымдық берілуде. Соның нәтижесінде жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында волонтерлікке қызығушылық айтарлықтай артып отыр.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жылдың БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан «Орнықты даму жолындағы халықаралық еріктілер жылы» деп жариялануына байланысты облыста арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Осыған орай аймақта волонтерлік қозғалысты жүйелеу және қолдау мақсатында облыстық және аудандық деңгейде фронт-офистер жұмыс істеуде.

Баспасөз конференциясында «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің Ұлттық волонтерлік фронт кеңсесінің басшысы Айбек Досымбетов те сөз алып, Қазақстандағы волонтерлік саланың соңғы жылдары сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Оның айтуынша, егер 2020 жылы ел бойынша 224 волонтерлік ұйым тіркелсе, бүгінде олардың саны 800-ден асқан. Ал еріктілер қатары 50 мыңнан 300 мыңнан астам адамға дейін көбейген. Бұл азаматтық қоғамның нығайып, қоғамдық белсенділіктің жаңа сипат алып келе жатқанын көрсетеді.

Сондай-ақ ол өңірлердегі еріктілерді оқыту, қолдау және олардың ұсыныстарын негізге ала отырып, тиімді жүйе қалыптастыру басты мақсат екенін жеткізді. Қазіргі таңда Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, волонтерлікті қолдаудың бірыңғай тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.

Айбек Досымбетовтің пікірінше, волонтерлік тек қоғамдық белсенділіктің көрінісі ғана емес, ел дамуының маңызды тетігіне айналған. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жалғастыру, еріктілердің әлеуетін арттыру және олардың бастамаларына қолдау көрсету алдағы кезеңнің негізгі міндеттерінің бірі болмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: