Қазіргі уақытта елімізде инклюзивті білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – ерекше білім беруді қажет ететін балалардың сапалы білім алуына, қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасау.
Осы үдерісте мектеп дефектологінің атқаратын қызметі ерекше маңызға ие. Дефектолог – баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін маман. Оның негізгі міндеті – баланың дамуындағы ауытқуларды анықтау, түзету-дамыту жұмыстары арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту.
Мектеп дефектологі келесі бағыттарда жұмыс жүргізеді:
– баланың жеке даму ерекшеліктерін зерттеу және психологиялық-педагогикалық диагностика жасау;
– жеке және топтық түзету сабақтарын ұйымдастыру;
– оқушылардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету;
– мұғалімдер мен ата-аналарға әдістемелік және кеңестік көмек көрсету.
Дефектологтің кәсіби іс-әрекеті тек білім беру үдерісімен шектелмейді. Ол әр баланың тұлғалық дамуын, өзіне деген сенімін қалыптастыруға бағытталған. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға көрсетілетін жүйелі көмек олардың оқу жетістігіне, мінез-құлық дағдыларына және әлеуметтік қатынасына оң әсерін тигізеді.
Қазіргі мектептерде дефектолог маманының болуы – инклюзивті білім беру саясатының табысты жүзеге асуының маңызды көрсеткіші. Баланың қабілетіне сенім білдіру, оны қолдау және түсіну – қоғамның ізгілік пен адамгершілікке негізделген даму жолындағы басты қағидасы.
Әр бала – жеке тұлға. Олардың барлығына тең мүмкіндік беру – біздің ортақ міндетіміз. Дефектологтің кәсіби шеберлігі мен мейірімі арқылы ерекше балалар да өз әлеуетін ашып, қоғамның толыққанды мүшесі бола алады.
Фариза Мақатай,
Төретам кентіндегі №85 мектептің дефектологі
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!