Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбекқорлық – ердің ісі

18.07.2024, 11:40 865

Білім мен еңбек – адамзат үшін ең маңызды қажеттілік. Мұнсыз алға ілгерілеп, табысқа жетемін деу – әсте бекершілік. Сондықтан ең әуелі пайдалы білім иесі болуға талпыну қажет. Табысқа жетелейтін, жетістікке жеткізетін білім мен ғылым ғана. Білім иесі сан мыңдаған белесті бағындырады, еңбегімен үлкен табыстарға қол жеткізеді, адалдан нан табуға талпынады. Ерінбей еңбек етеді, алға ұмтылып әрекет жасайды, ешкімге масылдық танытпайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз» деген болатын.

Жолдауда еңбекқор адам, кәсіби маман ғана ең сыйлы адам болуы тиіс екендігі айтылуда. Еңбек адамы елге пайдасын тигізіп, мемлекетті дамытады. Қай уақытта да еңбек адамы құрметсіз қалған емес. Еңбек адамдарына ел өз бағасын беріп, дәрежесін көтеріп отырған. Ешқандай еңбек етпестен, он екі мүшесі сау бола тұра, кісі баласына масыл болу, кежегесі кері тартып, жалқаулықтан арылмау – ең жеккөрінішті іс. Бардың қадірін білмей, қолындағысын оңды-солды ысырап ету де – дініміз құп көрмейтін амал. Сондықтан адам баласы жақсылыққа ұмтылып, адам баласына игілігімен пайда тигізе білуі қажет.

Бабаларымыз: «Еңбек етсең – еленерсің» деген екен. Бала кезден еңбекпен тәрбиеленіп, атакәсіппен  өскен  ұрпақ елінің елеу­лісі, халқының қалаулысына айналады. Адал еңбекпен еті өскен ұрпақ ер жеткен соң елдің де ертеңін   ойлайды. Абай атамыз: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың;  адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлының бірі боласың» дейді. Еңбек адамы күш-қайратын, ілім-білімін елі мен халық игілігі үшін жұмсайды. Ерен еңбегі­мен ізі қалады. Тарих оны ұмыттырмай, есімі ел жадында сақталады. «Адамшылықтың болмысына  қызмет  ету – үлкен сауап іс. Әзілхан Нұршайықов: «Бала тәрбиесінің ең үлкені – еңбекке  баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат  болып  қалыптасады»  деп  айтқан.

Адамның еңбегі қоғам үшін жасалған игі­лікке  айналуы қажет. Ардақты Пайғам­бары­мыз (с.ғ.с.): «Алла үшін адамдардың ең сүйіктісі – адамдарға пайдалы болғаны» деген екен. Адамдарға қол ұшын созып, сүрінгенге демеу болып, жақсы істерге жол көрсету – шынайы мұсылманның бейнесі. Мұсылман адам жауап­кершілік жүктелген ісіне немқұрайды қарамай, жалқаулыққа салынбай, кісі бала­сына масыл­дық етпестен тіршілігіне тиянақты, ұқыпты және жауапты болуы керек. Білімсіз­дік, жал­қаулық, масылдық, жауапсыздық сынды жағымсыз  сипаттарға  жол  бермеуіміз  қажет.

Маңдай тер, адал еңбек болған жерде береке­-бірлік болады. Абай атамыз: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп насихат қалдырған. Отбасыда айтылып отыруы тиіс ең керекті сөздің бірі осы болуы керек. Иманмен сусындаған ата-бабаларымыз, ақжаулықты аналарымыз кісінің ақысын жемеуге, қоғам мүлкіне қол сұқпауға тәрбиеледі. Ақ адал, маңдай термен тапқан нанның адал әрі тәтті екенін өз еңбектерімен үлгі етіп көрсетті. Мұның барлығы – қанда бар асыл қасиетіміз.

Дініміз адалдан мал табуға, маңдай тер төгіп, еңбек етуге үндейді. Қасиетті Құран аятында былай деп келеді: «Уа, иман келтіргендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға ұмтылыңдар және сау­даны қойыңдар. Егер білген болсаңдар, сендер үшін жақсы. Намаз өтелген кезде, жер жүзіне таралыңдар да Алланың берекетінен несібе іздеңдер. Сондай-ақ Алланы көбірек зікір етіңдер. Әрине құтыларсыңдар» деп айтқан («Жұма» сүресі, 9-10-аяттар). Аталған аят құлшылық уағында тіршілікке сәл тоқтау қоя тұрып, Алла­ны еске алуға, парыз ғибадатты орындауға шақырады. Ал жамағат болып жұма намазын өтегеннен кейін жер бетіне таралып, Алланың бұйыртқан несібесін ақ адал еңбекпен табу – парыздан кейінгі парызымыз. Себебі, хадисте: «Адал кәсіп табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз» делінген.

«Жер бастым деп мәз болма, артыңда ізің қалмаса» деген екен байырғы ұлылар. Әр адамның артында адал еңбектің ізі қалу керек. Арам дүниеден бойын таза ұстап, арлылықтан айнымауы тиіс. Бабаларымыз: «Адал еңбек­пен мал іздемек арлы адамның ісі» деп айтқан екен. Адам бойындағы ар-ұят қана адал еңбекке жол ашады. Ары – намысқа, намысы – еңбек етуге, еңбегі – адалдыққа, адалдығы – ел игілігіне пайда әкеледі. Мұсылман әрқашан білімді, еңбекқор болуы керек. Дініміз осыны бұйырады, осыған жетелейді. Бабаларымыз адал еңбекті сүйді. Бірі ұсталықпен, бірі мал шаруашылығымен айналысса, енді бірі кетпен шауып, егін екті. Ұрпақтарына адалдан еңбек  етуді  үйретті. Абай  атамыз  «Сегіз  аяқ» өлеңінде:

«Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол – бай тап,

Адам бол – мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде»  дейді. Әр адамның тіршілікке бір ебі болады. Нәпақасын адалдан табуға  бойындағы  ебін, мүмкіндігін, қарым-қабілетін қолдануы қажет. Қулық-­сұмдықпен, ұры-қарлықпен, арам жолдармен мал табуға құмартпаған жөн. Әрине ұрлықпен, араммен, жаманшылық жолмен келген   дүниенің  көл-көсір пайдасы болар-ау, бірақ берекесі болмайтыны ақиқат. Береке – адал еңбекте, маңдай терде. Алла Тағала былай бұйырады: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына әр­дайым еңбек ету керектігін, адал жолмен табыс  табудың әрдайым сауапты іс екенін насихаттап айтатын болған. Хадистерінің бірінде: «Сауап тұрғысынан ең ұлы амал­дардың бірі – еңбекпен жанұясына нәпақа табу» десе, бір хадисінде: «Анығында сендердің біреулеріңнің арқан алып, тауға барып иығында отын көтеріп келіп, базарда сатып, сол арқылы Алла Тағала оны мұқтаж қылмағаны, оған кейде беріп, кейде бермейтін адамдардан сұрағанынан әлдеқайда қайырлы» деп айтқан.

Біз Алладан не нәрсенің де берекесін тілеген халықпыз. Тапқаның аз болсын, көп болсын берекесі маңызды. Береке адалдықта, таза нәрседе болады. Еңбегің адал болса, ол жерде береке тұрарын ұмытпаған жөн. Саңлақ саха­ба хазіреті Омар (р.ғ.): «Еңбек етіңдер, табыс табың­дар, Алла Тағала ризығымды жұмыс істемесем де жібереді демеңдер! Алла Тағала аспан­нан  ақша  жаудырмайды» деп насихат  айт­са, енді бір сөзінде: «Кейбір адамды көргенімде ол маған ұнап қалады. Кейін ол адам жайында сұрғанымда, оның жұмыссыз екендігін біліп, оған деген құрметім бірден жоғалып кетеді» деп терең мағыналы ой тастайды. Адамды тоқтық та аздырады, кейде жоқтық та аздырып жібереді. Жоқтық деген сөз – дұрыс кәсіп, ақ адал жұмыстың болмауы. Сондықтан, азып-тоз­бау үшін ең алдымен еңбек адамы болып, адал кәсіп жасау – нағыз жанның тыныштығы. Хәкім Абай атамыз: «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деп қалай теңеп  айтқан дерсің,  осындайда.

Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) сахаба Сағыд ибн Мұғазбен (р.ғ.) қол алысып амандасады. Қолдарының күстеніп кеткенін байқап, себебін сұрайды. Сахаба болса, отбасын адал еңбегімен асырау үшін еңбектеніп жүргенін айтады. Бұл жауапқа тәнті болған ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Міне, Алла Тағала осындай қолды жақсы  көреді» деп еңбек адамының қолына ілтипат  көрсеткен  екен.

Лұқман Хәкім де баласына көп өсиет айт­қан. Соның бірінде: «Ұлым, адал кәсіп етіп, жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады. Біріншіден, дінін әлсіретеді, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниеттерге  жетелейді. Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады. Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді, қоғамға жек көрінішті болады» деген екен. Әрбір ата-ана жастайынан балаларына Лұқман Хәкімнің осы насихатын айтса, артық етпейді  деп  білемін.

Жалқаулық, масылдық – адам жанының әуелден дұшпаны. Сондықтан, алға қарай талпыну үшін жалқаулықтан, өзгеге телміріп қол жаюдан түбегейлі алыс болу қажет. Абай атамыз қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігер­сіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» деп жағымсыз істің бәрі осы жалқаулық пен бойдағы еріншектіктен туарын айтып кеткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні сахабаларына: «Кімде-кім маған адамдардан ешнәрсе сұрамаймын деп кепілдік берсе, мен де оның жәннаттық болатынына кепіл боламын» дейді. Сонда Сәубан (р.ғ.) есімді сахаба: «Иә, Алланың Елшісі! Бүгіннен бастап адамдардан ешнәрсе сұрамайтын боламын» дейді. Осы жағдайға куә болған сондағы адамдар сахаба Сәубанның (р.ғ.) дүниеден өтем дегенше адам баласынан ешнәрсе сұрамағандығын айтқан екен. Жалқаулықты жеңген адам ешкімге қол жаймайды, ешқашан телмірмейді. Жоқ-жітікке еңбегімен тапқан табысын бөліп, зекет-сада­қа  беріп, мол  сауаптарға  кенеледі.

Ардақты Пайғамбарамыз (с.ғ.с.) дұғаларының ішінде адамның әлсіз тұсы осы жалқау­лықтан сақтануды қоса тілеген. Үмметіне үйретіп кеткен дұғаларының бірінде былай келеді: «Иә, Алла! Анығында мен Сенен ғана жәрдем тілеймін. Мені әлсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, жауыз­дықтан, тура жолдан бұрылып кетуден, біреуге тәуелді болудан өзіңнен пана тілеймін». Адамның шамасы жетпеген жерге оның дұғасы жетеді деген. Кежегемізді кері тартқан жал­қаулық дертінен құтылу үшін әрдайым дұға етіп жүрген абзал екен. Жалқаулық пен масылдық – адам баласы үшін жақсылық жолдарын жабатын шайтанның бірден-бір құралы. Ал, асыл дініміз ислам жатыпішер жалқаулықтан, біреуге қол жаятын масылдықтан  әрдайым  тыйып  отырады.

Адамда талап болса, тау қопарады. Абайша айтсақ, ең алдымен адам баласын алға  жетелейтін талабы тұру керек, екіншісі еңбек­сүйгіштік қасиеті бойда болу қажет, үшіншісі терең ой ғана табысты етеді. Бабаларымыз «Еріншектің ертеңі бітпейді», немесе «Жалқау­лық – жаман ауру» деп бізді мұндай жағымсыз істерден ты­йып  отырған. Еңбек бәрін жеңбек. Адал еңбек адамды шынықтырады, төзімділікке тәрбиелейді, мол жақсылыққа жеткізеді. Сондықтан, қай кезеңде болмасын ең алдымен еңбек адамын құрметтеп, қолдап, өскелең ұрпақ­қа үлгі етіп көрсетуіміз қажет. Сонда ғана жас ұрпақ еңбексүйгіш әрі елге сыйы артады. Жалқау­лыққа салынбай, масылдыққа бой алдыр­май, еңбек ету – нағыз ердің ісі екенін есте  ұстағаны­мыз  жөн.

Қайырбек  ОТЫЗБАЕВ,

Қызылорда  қалалық 

«Мүсірәлі  ата»  мешітінің  имамы

«Халықты» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: