Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбек пен табыс тоғысқан жыл

31.12.2025, 8:50 32

HALYQLINE.KZ

Арал аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың қатысуымен аудандағы сала қызметкерлерінің жыл қорытындысымен «Жыл үздіктерін» марапаттауға арналған «Еңбек пен табыс тоғысқан жыл» атты мерекелік салтанатты іс-шара шымылдық түрді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ел экономикасын еселеп, дамуын ілгерілеткен тағы бір жыл тарихқа айналуда. Санаулы сәттерден соң 2025 жылмен қоштасып, жаңа 2026 жылды қарсы аламыз.

Жылдар жігіндегі жалынды кеште аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жиналған жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, Жылан жылы атқарылған жұмыстар мен толымды жетістіктерді баяндап, ілкімді бастамаларға тоқталып өтті.

– Қадірлі жерлестер, баршаңызды төрімізге аттағалы тұрған жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын. Жылқы жылы Шығыс күнтізбесінде өте қуатты, серпінді әрі жаңа өзгерістерге толы жыл ретінде сипатталады. Бұл жыл – біз үшін тек уақыттың өлшемі емес, маңдай тер мен адал еңбектің, сабыр мен сенімнің сыналған кезеңі болды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, жұдырықтай жұмылып атқарған жұмыстарымыздың нәтижесін көрдік. Әрбір жетістік – елдің тілегімен, халықтың қолдауымен келген олжа. Жылқы жылы елімізге татулық пен тұрақтылық, береке мен ырысын молынан ала келсін. Отбасымызға амандық пен бақ-береке сыйласын. Әрбір келген жаңа жылдың өзінің қуанышы, бақыты мен сыйы қатар келетініне кәміл сенімдіміз. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Шаңырақтарыңызда күтпеген қуаныштар көп болсын, — деген Аманжол Сақыпұлы жыл бойы аудан көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстарды кеңінен баяндап өтті.

Республикада барлық сала бойынша көш бастап келе жатқан Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының ерекше қолдауының арқасында және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының айрықша еңбегімен облысымыз қарқынды даму үстінде.

Сондай-ақ, аудан басшысы ауданда жаңадан бой көтерген заманауи ғимараттарды, ашылған әлеуметтік нысандарды, пайдалануға берілген тұрғын үйлерді, жүзеге асырылған ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды атап өтіп, бірқатар міндетке тоқталды.

Мерекелік іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан аудан азаматтары түрлі марапат төрінен көрінді.

Балық шаруашылығы саласының ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, Арал ауданының Құрметті азаматы Ә.Әйімбетов Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен марапатталса, «Тұрарбек» шаруа қожалығының төрағасы М.Латипов Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен және «Жалғас» шаруа қожалығының төрағасы Ө.Өтебалиев Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Сонымен қатар түрлі сала мамандары облыс әкімінің Алғыс хатын иеленсе, жыл бойы нәтижелі еңбек етіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан бір топ сала үздіктері түрлі аталым бойынша марапатталып, құрмет төрінен табылды.

Көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлаған салтанатты іс-шараның соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: