Деген екен…
Кешегі Кеңес заманында бір азаматтың мектепте он жыл бірге оқыған кластасы сол ауданға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келіпті. «Біздің арамыздан да мақтаныш болар азамат шықты-ау» деп қуанған кластасы басқа бұймы жоқ, тек құттықтап шыққысы келіп кабинетіне барса хатшы қыз:
– Бірінші хатшының қабылдау күні бүгін емес, – деп кіргізбейді.
– Айналайын, менің бұйымтайым жоқ. Кластасымын. Тек құттықтаймын да шығамын, – деген соң икемге келген хатшы қыз, аты-жөнін қағазға түсіріп, бастығына кіріп шығып:
– Аға, айттым өзі шақырады, – дейді.
Адамдар кіріп-шығып жатады. Бірінші хатшы бұны шақырмайды. Бір кезде топырлап он-онбес адам бірінші хатшыға бірге кіреді. Хатшы қыз:
– Аға, біраз күтіп қалдыңыз. Мына кісілер ұзақ отырады. Көп күтіп қаласыз-ау, – дейді.
– Айналайын, мен туралы дұрыстап айтыңыз ба? – деп сұрайды.
– Айттым, аты-жөніңізді қағазға да түсіріп алдына қойдым, – дейді хатшы қыз.
– Онда ертең келермін, – деп қайтып, ертеңіне қайта келеді. Адамдар кіріп-шығып жатыр. Бұны бірінші хатшы шақырмайды. «Е… Жұмыстарын ыңғайлап, оңаша өткендерді еске алып сөйлескісі келіп, кейінге қалдырып отыр ау» деген оймен күтіп отыра береді. Бір кезде алдындағы телефон тұтқасын көтерген хатшы қыз:
– Енді ешкімді қабылдамайды. Қайта беріңіздер, – дейді.
– Айналайын, мен туралы дұрыстап айтып па едің? – деп сұрайды әлгі азамат.
– Айттым, аты-жөніңіз жазылған қағаз алдында тұр, – дейді хатшы қыз.
Ертеңіне тағы келеді. Осы жағдай тағы қайталанады. Үш сағаттай күткен әлгі азамат хатшы қызға:
– Айналайын, бастығыңызға айт. Ертең өледі, – дейді де қабылдау бөлмесінен шығып кетеді.
Ештеңеге түсінбей, аңырып қалған хатшы қыз, есін жиып апыл-ғұпыл бастығына кіріп:
– Ағай, екі күннен бері келіп жүрген кісі сізді «ертең өледі деп айтты», – дейді.
– Не? – деп қайта сұраған бірінші хатшы, – Күзетшілерге айт. Дереу алып келсін.
Үлкен ғимараттан шығып үлгірмеген азаматты күзетшілер алдына салып алып келеді.
Кластасын көрген бірінші хатшы:
– Бұл сен бе? – дейді.
– Мен, таныдың ба? – дейді кластасы.
– Таныдым, – деген бірінші хатшының сөзін естіген кластасы кілт бұрылып, есікке беттейді. Бірінші хатшы:
– Тоқта, мені ертең өледі деген сен бе? – деп сұрайды.
Сонда артына қайырылып тұрып кластасы бірінші хатшыға:
– Иә, мен. Марқұм менің әкем өлерінен үш күн бұрын адам танымай қалып еді. Сенің де мені адам деп танымағаныңа үш күн болды, өлуіңе көрінген шығар деп айтып едім. Таныдың ғой, енді өлмейтін шығарсың, – деген екен.
Есекей Құдайберген,
Қазалы ауданы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!