Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елтаңба – елдіктің сөзі, Жандарбек – кемелдіктің көзі

27.08.2022, 16:15 261

HALYQLINE.KZ Елтаңба авторы, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Жандарбек Мәлібекұлының 80 жасқа толу құрметіне орай жуырда наурыз айында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған халықаралық-ғылыми тәжірибелік конференцияға шақырту алдым, өкінішке қарай, қызметтік мүмкіндік мұрша бермеді. Сырдың саңлақ перзентін Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің авторы, тарихи тұлға ретінде қазақтың қай баласы да құрмет тұтады, мен де жерлес екенімді мақтанышпен атап, жалынды сөзімді жеткізгім келді. Жандарбек ағамен қызмет барысында да, інілік ізетпен де бірнеше мәрте кездескенбіз. Туған жерге келгенде бір рет ұшырасуға тырысып, арқа-жарқа болып, жүздесіп қаламыз. Өткен жылы Жаңақорған ауданының әкімі қызметінде жүргенімде аудандық мәслихатпен бірлесіп, ол кісіге Жаңақорған ауданының құрметті азаматы атағын бергенімізде арқамнан ауыр жүк түскендей, ел мен аға алдында бір парызым өтелгендей қуанып едім, биылғы мерейтойы аясында тағы бір жарқын жаңалыққа куә болуыма тура келді. Туабітті мінезі деп ойлаймын, Жандарбек аға – салиқалы, ақылман, өте қарапайым, жомарт жүректі, томаға тұйық кісі. Ел тарихындағы таңдаулы тұлғаның бірі болса да атақ сұрап алақан жайған, жағдай айтып, жоғын қамдаған кісің бұл емес, барға қанағат, жоққа сабыр сақтаған салиқалы болмысын баршасы біледі деп ойлаймын.

Жандарбек Мәлібекұлы Мәлібеков 1942 жылы 24 наурызда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында туған. Ташкент политехникалық институтының сәулет факультетін бітірген. Түрлі жобалардың Бас сәулетшісі, Өзбек өнеркәсіптік ғылыми-зерттеу институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі болды. Әмбеге аян, 1992 жылы қаңтар айында «Жас алаш» газетінде ҚР Рәміздеріне бәйге жариялағандығы туралы шағын хабарлама шықты. Ол кезде Жандарбек аға Өзбекстанда қызметте еді. Жұмыс болғасын бәрі белгілі, шаруасы шаш етектен келеді. Ал, рәмізге қатысты ойды мен арқалы ағамның өз аузынан естіген едім.

«Бәйге туралы хабарламаны оқығаннан кейін, «осыған қатыссам» деген бір ой келді. Алдымен ойланып-толғанып, қабырғаммен кеңестім. Елтаңбаны қалай етіп жасасам деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым. Бұрындары Ташкенттегі Қазақ мәдени орталығында «Достық» деген газет шығарған болатынбыз. Газеттің «шапқасына» шаңырақ күлдіреуішінде айқасқан екі қол салғанбыз. Осыны елтаңба негізіне алғым келді. Әрі ойланып, бері ойланып, бір ай уақыт қалғанда ойымдағы нұсқаны жасауға кірістім. Бірінші Абай атамыздың өлеңдерін, қара сөздерін еске алдым. Қара сөздердің мағынасы тым тереңде жатыр ғой. Мен Абайдың кітаптарын жан қалтамнан тастамайтын болдым. Әсіресе, «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» дегені үлкен философия емес пе? «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан аулақ бол» дей келе, «Ғылым, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деп ақыл қосады. Қазақтың қадір-қасиетін, жаратылысы мен болмысын осы сөздер қамтып тұрған жоқ па? Ендеше, Елтаңбаға осы құндылықты сыйғызуға тырыстым. Екіншіден, Қазақстан Тәуелсіздік алып, Отан болып отыр. Ал дана қазақ «Отан – от басынан басталады» дегенді айтады. Сондықтан Елтаңбаға киіз үйдің төбесінен қараған көрінісін алғым келді. Уықтары сәуле секілді шашырап тұруы ол құт-береке символы секілді. Осы киіз түйде ұлттың ұлық ұлдары әл-Фарабиі де, Абылайы да дүниеге келді ғой. Және киіз үйдің тұтас тіршілігінен қазақтың барлық дәстүрі мен мәдениетін табуға болады. Демек Елтаңбаға таптырмас дүние. Жалпы, шаңырақ шеңбер пішіндес қой. Сол шеңбер – дүниенің бір тұтастығын, таусылмайтын өмір ағысын білдіреді. Енді мұны мәдениетімізбен ұштастыру керек. Болды. Археолог Кемал Ақышевтың Есіктегі Сақ қорғанын зерттеп жазған кітаптарын ақтарып отырып, Сақ ханзадасының тәжіндегі ою-өрнектерді ұзақ қызықтадым. Көп жылдары кеңестік тарих – қазақты үйі жоқ, күйі жоқ, көшпелі халық деп топшылап келді. Ал Есіктен табылған Сақ ханзадасы біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген. Міне, осы мазмұнды Елтаңбаға әспеттеп қондырдым», – деді ол.

Қазақтың күні малмен біткен, онсыз күні қараң. Ал тұлпарға теңеу шексіз. Бидайдың бейнесі – байлықтың белгісі. Сондай-ақ Елтаңбадағы үштік – тұрақтылықтың, татулықтың тұғыры. Сонымен қатар ертеректе қазақ даласында жылқыкиік деген аң болған деседі. Бірақ кейіннен тұқымы құрып кетіпті. Сол киелі аң жеті санын сабақтайды. Кезінде академик Салық Зиманов «Жеті буынды мүйізді таңдағандарың дұрыс болды, мүйіз дегеніміз тоқтаусыз өсудің белгісі. Осы жеті ата кеткеннен кейін, тағы да жеті ата келеді. Бұл – қазақ халқының өлмейтіндігінің, мәңгілігінің белгісі» дегенді айтқан. Ал шаңырақтың астында тұрған екі сызық – басқұр. Қатты дауылды күндері киіз үйді желдің ұшырып әкетуінен қорғайды. Яғни отанымыздың іргесі берік, белі бекем болғанын баяндаған. Былай қарағанда, Елтаңбаның әрбір деталы ұлттық бояуға қаныққан. Сондықтан ол жеңімпаз атанды. Сөйтіп, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен «Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы» деген мәртебелі куәлікті тапсырды. Иә, оны аңыз адам десе болады. Ол туралы ауылдастары аузы құрғағанша тілек айтуға бар. Соның бірі – Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Алшынбай Тұртановтың студенттік шақтан досы Жандарбек аға туралы естелігі жетерлік.

«Студенттік кезіміз. Лекция жүріп жатқан болатын. Профессор Ю.Алмухамедов аудиторияға кіріп: «Іштерінде қазақтар бар ма? Қане орындарынан тұрындар» – деді. Аудиторияда отырған 6 қазақ орнымыздан сарбаздай сап түзеп тұра қалдық. Профессор бізді көзбен бір шолып өтіп: “Казахстан является Меккой современной и древней математики. В Казахстане родился Аль-Фараби, Аббас Жаухари. А я ученик великого академика Орынбека Жаутикова”, – дегенде төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Шынында, Жандарбек мықты математик болатын.

Бір күні “Кешкі Ташкент” газетінде Ташкент қаласының автобус аялдамаларын заманауи келбетке түсіру үшін конкурс жариялапты. Бірінші орынға 250 рубль тігілді. Біз мұны оқып, Жәкеңе өтініш айтып, қатыс дедік. Конкурсқа Өзбекстанның сол кездегі бас архитекторы Бабажанов төраға болды. Ол конкурсқа қатысушыларды аралап жүріп, Ж.Мәлібековтың эскиздерін жинап алып, мінбеге шықты. Сосын Жандардың бір-біріне ұқсамайтын 7 жұмысын көпшілікке көрсетіп, “Міне, талант, міне, қиял шыңы, міне, жұмыс!” деп авторына “бірінші орынды белгілеңдер», – деді. Ақкөңіл, ақжарқын, жомарт Жәкең өзінен төмен оқитын 5 қазақ студентіне жүлдені теңдей бөліп берді.

Бұл бірі ғана. Онан бөлек монша, дүкен, тұрмыстық комбинат, жабық базар, цирк сәулетін жасап, сыйлыққа алған ақшасын бір тиынға қарамай бізбен қылдай бөліскені – ашқұрсақ студенттерді жарылқайтын, досқа адалдығы дер едім», – деп есті естелігін ақтара жөнелді. Әрине, мұндай мысал өмірде көп. Жандарбек ағаның жомарттығы, аңғал азаматтығы, қарапайымдылығы, қамқорлығы ұзақ әңгіме десем жаңылмаймын.Биыл мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы қарсаңында, яғни наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иесі Жандарбек Мәлібекұлына Бірінші дәрежелі «Барыс» орденін тапсырды. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Жандарбек Мәлібекұлын “Қызылорда облысының Құрметті азаматы” атағымен марапаттады. Бұл – Жандарбек ағаның қайраткерлік еңбегіне берілген лайықты баға! 

Руслан РҮСТЕМОВ,

Қызылорда облысы мәдениет және спорт басқармасының басшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: