Бұл бастаманы ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында Әділ Жұбанов көтерді. Атырау облысында жүзеге асып жатқан ірі мұнай-газ химиясы жобаларындағы қазақстандық үлесті арттыру мәселесі туралы депутат Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қатысуымен іске асырылып жатқан «Силлено», «KMG PetroChem», «Бутадиен» жобаларында және «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы нысандарында алаңдатарлық жағдай қалыптасып отыр. Оның сөзінше, тендерлер барысында шетелдік қосалқы мердігерлер тарапынан отандық компаниялар ұсынатын бағадан 70 пайызға дейін төмен түсетін ұсыныстар жүйелі түрде кездеседі.
Мәжіліс отырысында бұл құбылыс агрессивті демпинг пен нарықтық емес баға белгілеудің белгісі ретінде бағаланды. Депутаттың пікірінше, мұндай «үнем» шын мәнінде қазақстандық кәсіпорындарды нарықтан ығыстыру арқылы жасалып отыр. Себебі отандық компаниялар заң аясында жұмыс істейді, салық төлейді, жұмыс орындарын ашады және өндірістік базасын дамытуға инвестиция салады. Ал мұндай жағдайда нақты қазақстандық үлес азайып, инвестицияның бір бөлігі шетелдік мердігерлердің шыққан еліне қайтып, ұлттық экономика үшін күтілген мультипликативтік әсерді бермейді.
Сауалда шетелдік жұмыс күшін тарту көлеміне де ерекше назар аударылды. Депутаттың айтуынша, жобалар аясында жалпы саны 10 мыңнан асатын жұмыс күшінің 30 пайызына дейін шетел азаматтарын тарту жоспарланып отыр. Оның пікірінше, ел ішінде дайын мамандар бола тұра, мұндай тәсіл еңбек нарығына қысым түсіріп, әлеуметтік шиеленіс қаупін күшейтуі мүмкін.
Әділ Жұбанов бұған дейін «Теңіз», «Қарашығанақ» және «Қашаған» жобалары бойынша өнімді бөлу туралы келісімдерді ұзарту кезінде мемлекет жұмыстар, қызметтер, тауарлар және кадрлар бойынша қазақстандық үлесті кезең-кезеңімен арттыруды міндетті түрде бекіткенін еске салды. Оның айтуынша, бұл тетік экономикалық қайтарымды ұлттық экономикаға қайта бағыттаудың нақты құралына айналды. Яғни жергіліктендіру, жұмыспен қамту және құзыреттерді дамыту арқылы елге нақты пайда әкелген. Депутат осындай міндетті тәсіл жаңа мұнай-газ химиясы жобаларына да қолданылуы тиіс екенін айтты.
Мәжіліс отырысында AMANAT партиясы ірі инвестициялық жобаларға қазақстандық компаниялардың қатысуын кеңейтуді және ел ішіндегі нақты қазақстандық үлесті ұлғайтуды жүйелі түрде қолдап келе жатқаны да айтылды. Депутаттың сөзінше, ұсынылып отырған шаралар экономикалық егемендікті нығайту бағытына толық сәйкес келеді.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бірнеше нақты ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, шетелдік мердігерлердің баға ұсыныстарының негізділігін бақылау тетігін енгізу, соның ішінде баға дәлізін және антидемпингтік құралдарды қолдану ұсынылды.
Сонымен қатар тендер талаптарын қайта қарап, қазақстандық үлестің салмағын едәуір арттыру, міндетті деңгейін кемінде 70 пайыздан төмен түсірмеу және құзыреттерді кезең-кезеңімен қазақстандық тарапқа беру тетігін енгізу қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін тартуға бақылауды күшейтіп, қазақстандық мамандарды жұмысқа орналастыру басымдығын нақты бекіту және оларды алмастырудың міндетті бағдарламаларын енгізу ұсынылды. Сондай-ақ шетелдік мердігерлердің еңбек, салық және көші-қон заңнамасын сақтауына қатаң бақылау орнату мәселесі де көтерілді.
Депутат Үкіметтен бұл мәселені жеке бақылауға алып, жан-жақты талдау жүргізіп, отандық бизнесті қорғау мен қазақстандық үлесті нақты арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуді сұрады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!