Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елге қызмет ету – үлкен бақыт

21.02.2025, 12:15 52

HALYQLINE.KZ

Адамды адам еткен – еңбек емес пе, сол еңбек табыс тауып, жағдайды жақсартуға жол ашатын әрі абыройға жеткізетін алтын арқау десек болады. Ондай асыл борышты осы жолда жүрген әрбір жан жақсы біледі. Бүгінгі кейіпкеріміз Ерболат Маханбетов те – елге қызмет көрсету үшін білекті бекем түрген жігерлі азаматтардың бірі. Ол қалалық «Су жүйесі» мекемесінде он жылдай уақыт қызмет жасайды. Еңбектің ыстық-суығына көнген, бүгінде тәжірибелі мамандардың қатарында.

Ерболат Қызылорда аграрлық-техникалық колледжін автокөлікті жөндеу және техникалық қызмет көрсету мамандығы бойынша бітірген соң «Қызылорда РемЛокомотив»,«Ремводпроект» мекемелерінде, «СМП Бейнеу» серіктестігінде түрлі еңбек сатысынан өтті.

Наны тәтті еңбектің шеберлік мектебінде шыңдалды. Соның нәтижесінде облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

– Мені мемлекет басшысының: «… Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс» деген сұңғыла сөзі қанаттандырады. Қазіргі қаланың коммуналдық қызмет көрсету саласы өте жауапты жұмысты талап етеді. Біз техникалық құрылғылардың, агрегаттардың ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сол үшін уақыт пен мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сапалы қызмет жасауды жолға қойдық. Бүгінде ерінбей жасалған еңбектен көптің ризашылығын көремін. Еңбек рақатын сезінемін. Осы орайда қатарластарыма елге қызмет ету үлкен бақыт екенін жеткізгім келеді. Мұндай ізгі ниет отбасылық тәрбиенің негізгі түйініне айналған. Жұбайым Жадыра Қуанышқызы №6 қалалық емханасында аға мейірбике болып еңбек етеді. Екеуміз екі ұлымызды халықтың ұлы болғанын қалаймыз, – дейді Ерболат Аханұлы.

Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: