Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елдің ерен перзенті

21.10.2022, 12:15 383

HALYQLINE.KZ

Арал аудандық мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржановтың 85 жылдық мерейтойына арналған мерекелік кеш өтті. Салтанатты іс-шарада алдымен еңбек ардагерінің өмірі мен қызмет жолы жөніндегі бейнеролик көрермендер назарына ұсынылды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мерекелік кешке аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысты.

– Еңбек жолын «Арал балық шаруашылығы» өндірістік бірлестігінің инженері болып бастаған ағамыз Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Балық шаруашылығы министріне дейінгі қызметтердің бәрін де абыроймен атқарды. Қай істе де өзін білімді маман, ел мүддесін басты міндет санайтын азамат ретінде таныта білді.

Қазір зейнет жасында болса да, еңбекқорлығы арқылы жұртшылықтың шынайы алғысы мен құрметіне бөленіп келеді. Осындай ақсақал ағаларымызды ардақтап, құрметтеу біздің парызымыз деп білемін. Бүгінгі жастарымыз әрдайым өзіңіздей абзал аталарының жолын ұстанып, өнегесін үлгі тұтып өседі. Әрқашан ортамызда деніңіз сау болып, аман-есен жүріңіз! Сізге зор денсаулық, мәнді де мағыналы ұзақ ғұмыр, бақыт тілеймін! – деп ізгі лебізін білдірді.

Одан соң Құдайберен Саржанұлының өмірлік достары, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының акдемигі, Қазақстан ұлттық құрылтайының мүшесі Бисенов Қылышбай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ғылым мен техника саласындағы ҚР-ның әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Металлургия және кен байыту институты» Ақ босаға директоры Бақбаулет Кенжалиев, Қазалы, Жаңақорған, Арал ауданының «Құрметті азаматы», Еңбегі сіңген құрылысшы, Еңбегі сіңген балық шаруашылығының қызметкері, «Жалаңтөс Баһадүр» қорының төрағасы Нажмадин Мұсабаев сахна төріне шығып, мерейтой иесіне тілектерін арнады. Екі ғасырдың куәсі болған ардагердің балық шаруашылығының өркендеуі мен Арал өңірі үшін еткен еңбектеріне тоқталып, ізгілікті бастамалары ел жадында сақталатындығын жеткізді. Қазақы дәстүрмен замандастарының иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Қанзада Әбілғазиева Құдайберген Саржанұлымен бірге жұмыс істеген кездегі естеліктерімен бөлісті.

Мұнан кейін сөз алған көршілес Қазалы ауданының мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап аудан әкімінің құттықтауын табыс етті.

Салтанатты кеште ҚР-ның Мәдениет қайраткері, Қазақстан компазиторлар одағының мүшесі, «Аралдың құрметті азаматы» күйші, композитор, ақын-жырау Мұрат Сыдықов өзінің жырын арнап, «Мұраттың төкпесі» күйін нақышына келтіре орындады.

Іс-шара барысында жергілікті ақындардың арнау өлеңдері айтылып, мерейтой иесі зор құрметке бөленді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: