ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында елдегі донорлық жүйені дамыту және қан тапсыратын азаматтарды қолдау шараларын күшейту мәселесі көтерілді. Бұл туралы депутат Қарақат Әбден Премьер-Министрдің орынбасары Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Депутаттың сөзінше, донорлық – жай ғана қайырымдылықтың көрінісі емес, ол мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызы бар жүйе. Оның айтуынша, қан донорлығысыз заманауи медицинаның бірде-бір бағыты толыққанды жұмыс істей алмайды. Сондықтан бұл мәселе абстрактілі сала емес, нақты адамдардың өміріне қатысты мемлекеттік маңызы бар міндет ретінде қаралуы тиіс.
Мәжіліс отырысында келтірілген дерекке сәйкес, қазір Қазақстанда 19 қан орталығы жұмыс істейді. Олар 420 медициналық ұйымды қан компоненттерімен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын жаңа ауруханалар ашылып жатқанын, хирургиялық және травматологиялық төсек-орын саны артып келе жатқанын, операция көлемі ұлғайып отырғанын мәлімдеп келеді. Осыған байланысты депутат елдегі донор саны осы сұранысқа сай ма, ал донорларды ынталандыру тетіктері жеткілікті ме деген мәселені алға тартты.
Сауалда трансфузиолог мамандардың мәліметі де келтірілді. Оған сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда донор болғандар саны ел халқының небәрі 1,2 пайызын құраған. Бұл шамамен 215 мың адам. Дәрігерлер соңғы жылдары қан тапсыруға ниетті азаматтар саны азайып келе жатқанын да тіркеп отыр. Депутат мұны алаңдатарлық белгі ретінде бағалады. Өйткені қанды сатып алу, шетелден әкелу немесе зертханада өндіру мүмкін емес, ол тек адамнан адамға ғана беріледі.
Қарақат Әбден өз сөзінде «Ауыл» партиясының бұл бағыттағы жұмысын да атап өтті. Оның айтуынша, партия соңғы төрт жыл бойы «Мен донормын!» акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді. Соның аясында елдің барлық өңірінде партия мүшелері тоқсан сайын 500 литрден астам қан тапсырады. Бұл жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген. Алайда депутат азаматтық белсенділік пен ерікті ниет жүйелі мемлекеттік саясаттың орнын баса алмайтынын айтты.
Мәжілісте бүгінгі таңда донорға төленетін өтемақы мөлшері де сынға алынды. Депутаттың мәлімдеуінше, қазір қан тапсырған адамға 0,25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 983 теңге көлемінде өтемақы беріледі. Бұл мөлшер 20 жыл бұрын бекітілген және содан бері қайта қаралмаған.
Сауалда Қазақ тағамтану академиясының ұсынымдарына сәйкес, донор қан тапсырған күні кемінде 4700 килокалориялық тамақтану рационын алуы қажет екені айтылды. Ал мұндай тағамның нақты құны бүгінде 5 мың теңгеден асады, бұл шамамен 1,25 АЕК-ке тең. Депутат осыған сүйене отырып, қазіргі өтемақы мөлшері донордың физиологиялық қажеттілігін де өтемейтінін жеткізді.
Мәжіліс отырысында халықаралық тәжірибе де мысалға келтірілді. Айтылған мәліметке қарағанда, Ресейде қан донорына берілетін өтемақы шамамен 9 мың теңгеге жуықтайды, Беларусьте 6,6 мың теңге көлемінде, Германия мен Аустрияда 27 мың теңгеге дейін, ал АҚШ-та 30 мың теңгеден асады. Депутат мұның «қанға ақы төлеу» емес, өз денсаулығын қатерге тігіп, өзгенің өмірін құтқаруға үлес қосқан адамға деген құрметтің көрінісі екенін атап өтті.
Депутаттық сауалда тромбоцит донорлығы мәселесіне де айрықша тоқталды. Оның айтуынша, тромбоциттер онкологиялық ауруларды, ауыр жарақаттарды және қан ауруларын емдеуде аса қажет компонент саналады. Алайда оны тапсыру процедурасы қарапайым қан тапсырудан әлдеқайда күрделі. Бұл үдеріс екі сағатқа дейін созылады, арнайы дайындықты қажет етеді және донорға физикалық тұрғыдан ауырлау түседі. Соған қарамастан, мұндай донация үшін төленетін өтемақы көлемі де сол баяғы 0,25 АЕК болып қалып отыр.
Қарақат Әбденнің айтуынша, дәл осының салдарынан тромбоцит тапсыруға қызығушылық төмен. Ал бұл компонентке негізгі сұраныс Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған. Себебі дәл осы екі мегаполисте елдегі ең ірі онкогематологиялық орталықтар орналасқан.
Мәжілісте қолданыстағы заңнама жергілікті атқарушы органдарға донорларды қосымша ынталандыру шараларын енгізуге мүмкіндік беретінін де еске салды. Атап айтқанда, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 12-бабындағы норма бойынша жергілікті билік мұндай қолдау тетіктерін қолдана алады. Депутаттың айтуынша, Ақмола облысында бұл тәжірибе 2012 жылдан бері табысты іске асып келеді.
Сауалда келтірілген есепке сәйкес, тромбоцит донорларын қосымша 1 АЕК көлемінде ынталандыру үшін Астана қаласының жергілікті бюджетінен жылына 28,5 млн теңге, ал Алматыда 17,2 млн теңге қажет болады. Депутаттың пікірінше, халқы миллионнан асатын қалалар үшін бұл – ауқымды шығын емес. Алайда оның нәтижесі жүздеген адамның өмірін сақтауға ықпал етуі мүмкін.
Осыған байланысты «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары бірқатар нақты ұсыныс айтты. Атап айтқанда, қан донорларына берілетін өтемақыны республикалық бюджет есебінен 0,25 АЕК-тен 1–1,25 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылды. Сонымен бірге Астана мен Алматының жергілікті бюджеттері есебінен тромбоцит донорларына қосымша жыл сайынғы ынталандыру тетігін қарастыру қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдарға донорлықты дамыту жөніндегі жыл сайынғы жоспарларды бекіту тапсырылуы тиіс екені көтерілді. Мұндай жоспарларға көрнекі жарнама, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс, көшпелі акциялар ұйымдастыру және ірі кәсіпорындармен серіктестік орнату бағыттары енгізілуі керек деген ұсыныс жасалды.
Сондай-ақ донорлықты дамыту көрсеткіштерін денсаулық сақтау басқармалары басшыларының қызмет тиімділігін бағалау өлшемдеріне енгізу, корпоративтік донорлық тетіктерін жолға қою, бизнес өкілдерінің, еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың қатысуын күшейту мәселелері де көтерілді.
Депутаттың сөзінше, донорлыққа жағдай жасау – артық шығын емес, бұл адам өміріне салынған инвестиция. Сондықтан ол қоғамда тұрақты донорлық мәдениетін қалыптастыру ісіне депутаттарды, партияларды, қоғамдық ұйымдарды және барлық белсенді азаматтарды жұмыла атсалысуға шақырды.
Коллаж: halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!