Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ел аманатын айтқан екі ел ағасы

26.06.2025, 10:40 148

Қазақстан Республикасының Президенттеріне бетпе-бет ел мен жердің тағдыры жайлы халықтың аманатын айтып жеткізу екінің біріне емес, мыңның біріне бұйыра бермейтін бақ және де ол батырлық, батыл­дық, шешендік һәм көсемдік дер  едік.

«Елімізге келген Елбасыларына халықтың атынан ел аманатын кім айтады?» дегенде таңдау алақандай Аралдың екі бірдей азаматына түскені айдан анық. Оның бірі – Қазақстанның Құрметті журнали­сі, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Арал ауданы­ның Құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағамбетов, екіншісі Қазақстан Республикасы кооперациясының үздігі, Арал ауданының Құрметті азаматы, Арал аудандық ардагерлер  кеңесінің  төрағасы Әбілбай  Садықбаев  болатын.

Ш.Дәрмағамбетов – қара сөзден қаймақ алған, бар өмірін қалам­ның ұшында өткізген, ауданнан асып облыс, республикаға танымал жорналшы. Сөзге де, ойға да жүйрік қалам­гер. Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Шәкең осы сала­да жүріп Қазалыдағы оқытушылар курсында оқып, одан кейін Қызыл­орда педагогикалық институ­тына түсіп, тарих-география факультетін бітіріп шығады. Мұнан соң журналистік қызметке бейімделіп, Қаратерең ауылдық радио-газетінде, аудандық «Социалистік Арал», «Толқын» газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып, 1966 жылдан 1991 жылға дейін облыстық «Ленин жолы», «Сыр бойы» газеттерінің Арал, Қазалы аудандары бойынша тілшісі болып абыройлы қызмет атқарады. Есімін ел таныған азамат атанып, бедел биігіне көте­рілді.

Шәкеңнің ел мен жер мәселеле­рін көтерген проблемалық мақалалары, өнегеге толы ойлы очерктері, таным­дық зерттеу туындылары талай баспасөз бәйгесінің алдын бермей, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Қысқасы, Шәкірат Дәрмағамбетов есімі бас  басылымдарда  атойлап  тұрды.

Ал, Әбілбай Садықбаев та осал азамат емес. Еңбек жолын Аралтұзда ауыр жұмыстан бастаған балаң жігіт Шымкент қаласындағы кооператив техникумына түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шыққан соң, Ұялы жұмыс­шылар жабдықтау кооперациясына бас есепші қызметіне тағайындала­ды. Осылайша 1966 жылдан бастал­ған сауда саласындағы қызметі Бөген, Қарақұм, Қамбаш тұтыну коопер­ациялары мен орталық универмагтың бас есепшісі, Қамбаш, Арал тұтынушылар кооперацияларының басқарма төрағасы, аудандық тұтынушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымдарына  жалғасып, халықтың құрмет, қошеметіне бөленді. Әбекең жазу-сызудан да кенде емес. 1992-2004 жылдары «Қазбаспасөз» АҚ Арал-Қазалы ауданаралық бөлімшесін басқарып, Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне өтіп, халықаралық «Дала» журналының Ақтөбе, Қызылорда облыстары бо­йынша  меншікті  тілшісі қызметтерін атқарып, қалың журналистер ортасынан ойып тұрып орын алғаны бар.

«Құдай маған көне сөзге күнімді түсіріп көрген жоқ, айтсам жанымнан жаңасын айтамын-дағы» деп Жетес би атамыз айтқандай, Әбекең сөйлер сөзге келгенде ешкімнен жөн сұрамаған, ешкімге ес жібермеген, жағынан жаңылмаған, тілінің бүрі бар  бекзат  болмысты  жан  болатын.

Қош, бұл екі ағамыз жайлы айта берсек әңгіме көп. Енді негізгі мәселеге  көшейік. Ауданымызға елге белгілі  азамат Нәжімәдин Мұса­баев әкім   болып  келіп,  2005  жылды  «Жетес би  жылы»  деп  атап, зор салтанатпен атап өтті. Бұл жыл аралдықтар үшін елеулі оқиғаларға толы айтулы жыл болды. Атап айт­сақ, осы жылы 27 сәуір күні Қазақстанның тұңғыш Президенті ауданымызда болып, қала халқымен кездесу салтанатында Шәкірат Дәрмағамбетов ағамыз Президентке ел аманатын жеткізіп, сөз сөйледі. Бұл жайлы сұрағанымызда Шәкең былай деді. «Таңертең сағат 8:00-де аудан әкімі Нәжімадин Мұсабаев телефон шалып, «Қазір облыс әкімі Икрам Адырбеков осындағы 7-8 адаммен сөйлеседі. Ішінде сіз де барсыз» деді. Әкімшілікке келсем, Әріп Өксік­баев, Сағи Абатов, Алтыбай Құмаров, Ебейсін Исаев, тағы екі-үш адам отыр екен, оларға мен де қосылдым. Жарты сағаттан кейін облыс әкімі келіп, облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қысқаша айтып өтті. Соңынан «Сіздерде қандай ұсыныс-пікірлер бар?» деп шетімізден жеке-жеке сөйлетті. Бәріміз де облыс, аудан көлімінде өз ұсыныс­тарымызды айттық. Сосын тарадық. Түскі сағат 12:00-де аудан әкімі  телефон  шалып:

— Шәке, ертең Президент келеді, сонда  сіз  сөз  сөйлейсіз, — деді.

— Бұл  дұрыс па  өзі? — дедім.

— Иә, Президент аппаратынан қоңырау шалды, сізді сөйлейді деп, өзгертуге  болмайды.

— Оу, не айтамын сонда? — дедім.

— Менің басымды ауыртпа, өзім де әзірлік үстіндемін, өзің не айтқың келеді, соны  айт, — деді Мұсабаев.

Түстен кейін тағы біреу телефон шалып: «Сөзіңіз бес минуттан артық болмасын» деді. Мен: «Жақсы» дедім. Кешкісін тағы біреу звондап: «Сөзіңіз екі минуттан аспасын» деді. Сосын мен оған: «Осы кім сөйлейді, сен сөйлейсің бе, әлде мен сөйлеймін  бе?  Мен сөйлесем, өзім білемін» дедім. Ертеңіне Президент келеді деп Сағи Абатов екеуімізді қазіргі әкімшіліктің алдына әкеліп қойды. Облыс, аудан әкімдері әзірлік қамында. Көп кешікпей жеңіл машина келіп, ішінен Президенттің бір өзі түсті. Барып қарсы алдық. «Ағалар, аман-сау барсыңдар ма?» деп қолымызды алып, трибунаға қарай жүрген кезде оған бәрі қосылды. Бұрынғы райком, қазіргі аудандық кірістер бөлімінің қапталынан биік мінбе жасаған екен, соған көтерілдік. Алды­мен Адырбеков, оның ізін ала Назарбаев, содан соң мен, Сағи Абатов, осы төртеуіміз шықтық. Адырбеков ауданымызға Президентіміздің келгенін айтып, Назарбаевқа сөз берді. Облыс әкімі алдында маған «Президент сөзін аяқтаған соң өзіңіз сөзіңді бастай бер» деген. Назарбаевтың қасында мен тұрмын. Адырбеков пен Абатов біздің артымызда. Әбішұлы сөйлеп болғаннан кейін мен сөз бастап, үш  мәселеге  тоқталдым.

— Құрметті Әбішұлы! Сіздің апат аймағындағы Аралға деген көзқара­сыңызға, қамқорлығыңызға дән ризамыз. Жаңа ғана Аралға келген сапарыңызда халыққа берілген Сары­бұлақтың таза ауызсуының құла­ғын аштыңыз. Бұл үшін үкіметтен көптеген қаржы бөлдіңіз. Енді міне, Арал халқы республика бо­йынша ең таза суды пайдаланып отыр. Осы үшін Сізге ел-халқымыз атынан алғысымызды айтамын. Бұл – бір, -деп қойдым да, — екінші, Арал теңізін сақтау жөнінде үлкен үлес қостыңыз. Қызылорда облысын тарату жөніндегі қаулыға қол қоймадыңыз. Оған да халқымыздың атынан алғыс айтқым келеді. Үшінші, бұл Сізге ел атынан өтінішім, қазір «Жезқазған-Бейнеу» темір­жолын тарту сөз болып жатыр. Оның «Жезқазған-Шалқар» бағытындағы жобасы да айтылуда. Біздер осы теміржолдың «Жезқазған-Сексеуіл» арқылы Аралға келуін қалаймыз. Осыған көмек көрсетсеңіз, — деп сөзімді  аяқтадым.

Мұнан соң Президент қайтадан сөз  сөйлеп:

— Оның бәрі қаржыға байланыс­ты, қай жағы дұрыс болады, оның бәрі ойластырылады. Сіздер экологиялық қатердің кіндігінде отыр­сыздар, сол жағынан мүмкін көмектесермін, — деді.

Сөйттік те бәріміз төмен түсіп, Ұлы Отан соғысына қойылған үлкен ескерткіш жанында суретке түстік. Осылайша ауданымызға келген Президенттің алдында үш мәселемен сөйлеп, екі мәселеде алғыс айтып, үшінші мәселеде ел аманатын жеткіздім», — деді.

«Хан бір сөйлейді» дейді ғой халық. Президент те бір сөйлеп қоюы керек еді. Ол олай етпеді, екінші мәрте сөз сөйлеп, өзіне айтылған өтінішке түсініктеме беруі алаңға жиналған халыққа және сол халық­тың аманатын жеткізген Шәкеңе деген шынайы құрметі болар дегім келеді.

2019 жылы елімізде Президент сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев­тың орнына Қасым-Жомарт То­қаев Президент болып сайланды. Сол жылы Президент 19 мамырда Қызыл­орда облысына келетіні белгілі болды. Оған облыстың шешуі қиын біраз күрделі мәселелері айтылуы тиіс. Әсіресе Арал мәселесі – тек қана облыстың емес, республика үшін де әлем назарын аударып отыр­ған бірінші кезектегі айтулы проб­лема. Оны кім айтады? Мәселе оңай емес, айтатын адам да осал болмауға, жөн-жосықты білетін, ойға жүйрік, сөзге шебер «еліне елеулі, халқына қалаулы» дегендей, елге сыйлы белгілі  азамат  болуы  тиіс.

Осылайша таңдау Арал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбай Садықбаевқа келіп түсті. Бұл хабар Әбекеңе де күні бұрын жетті. Айтар сөзінің жобасы, уақыт мөлшері де белгілі болды. Сондықтан да өз-өзіне аса сақтықпен, салиқалы қарап, тас түйін дайындалды. Сөзінің жобасы әдеттегідей Прези­дент аппараты қызметкерлерінің сүзгісінен өтіп мақұлданды. Бұл да жақсы,  өзгеріс  жоқ,  көңіл  тоқ.

Белгіленген уақытта ел Президен­ті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қызылорда қаласына келді. Облысымыздың барлық өңірінен келген өкілдерге, қала тұрғындарына зал лық толы. Осындайда Алла ойға оралады екен, Жаратқанға жалбарына отырып, айтатын сөзін тастағы таңбадай тағы бір айқындап алды. Міне, Әбекеңнің де кезегі келіп, мінбеге көтерілді. Аралдың азаматы не дер  екен  деп  зал  тым-тырыс.

— Құрметті Кемелұлы, он екі айдың сұлтаны атанған Рамазан айында Сыр өңіріне қош келдіңіз! — деп аз-кем тоқталып, Президенттен бастап залдағылардың назарын өзіне аударып алды да, сөзін әрі қарай жалғастырды. – Тәуелсіздіктің бас­тапқы жылдары Қазақстан Респуб­ликасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында екі жарлықтың жобасы жатқанынан хабардар едік. Оның біріншісі Қызылорда облысын тарату болса, екіншісі, экологиялық апаттың кіндігіндегі Арал тұрғындарын еліміздің өзге өңірлеріне көшіру туралы еді. Әрине, ол бір ел басына ауыр күн туған өтпелі  кезең-тұғын.

Дегенмен, Елбасы Аралдың келе­шегіне зор сеніммен қарап, «Ғасыр жобасы» атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасын жүзеге асыру жөнінде тарихи шешім қабылдады. Үкіметте жоқ қаржыны Дүниежүзілік Банктен несиеге алдырып, мәселені  оңтайлы  шешті.

Осылайша Елбасының тікелей қолдауымн «САРАТС» жобасының бірінші кезеңінде тоғыз қақпалы «Көкарал» бөгеті салынып, Кіші Арал теңізі сақталып қалды. Жағалаудан жүз шақырымға дейін тарты­лып кеткен теңіз қайта суға толып, Арал қаласына он жеті шақырымға жақындады. Теңіз деңгейі көтеріліп, тұздылығы азайды. Балықтың түр-түрі көбейді. Қазір ауданда ауланған балықты өңдейтін 8 балық зауыты жұмыс  істейді. Олардан өңделген балық Еуропаның көптеген еліне жөнелтілуде. Бір қуаныштысы, бұрын көшіп кеткен балықшылар қайта елге келіп, Кіші Аралдың жағалауында балық кәсіпшілігі қайта  жанданды.

Сіз, Қасым-Жомарт Тоқаев мыр­за, Үкімет басшысы және Сенат төрағасы болған жылдары Аралдың экологиялық мәселесіне қатысты қолдау көрсетіп, кезінде мемлекеттік комиссияға төрағалық еттіңіз. Және 2017 жылы Өзбекстан Республи­касының Президенті Шавкат Мир­зиеевпен кездесіп, Арал өңірі мәселесіне қатысты жоғары деңгейінде мемлекетаралық келіссөз жүргіздіңіз. Біз Сізді Елбасының сара саясатын жалғастырушы ретінде білеміз және болашақта «САРАТС» жобасының екінші кезеңінің толықтай іске асуына қамқоршы болады деген нық сенімдеміз. Сізге ұзақ ғұмыр, жаңа қызметіңізге сәттілік тілейміз, — деп Әбекең сөзін аяқтағанда залдағылар ду  қол  соғып, қошемет көрсетті.

Ел  басшысына  ел  аманатын  осылайша  жеткізген  Әбілбай  Садық­баев ағамыз осыдан кейін үстінен ауыр жүк түскендей жеңілдеп сала берді. Мұнымен бірге жаңадан  сайланған  Президенттің ұлықтау рәсіміне де қатысып, Астананың салтанатты  сарайы­ның төрінен орын  алғаны бар. Бұл да Әбекеңе деген аралдықтардың зор құрметі болатын.

Міне, Ел  басшыларына халық­тың атынан айтқан осы екі ағамыздың аманат тілектері жерде қалмай, бүгін­дері жүзеге асып жатқанына баршамыз куәміз. Айталық, Шә­кірат Дәрмағамбетов ағамыздың Президент Н.Назарбаевқа айт­қан «Жезқазған-Арал» теміржолы «Жез­қазған-Сексеуіл-Шалқар-Бейнеу» бағытында  салынып, екі ау­данды да өкпе-ренішке қалдыр­май, айтыс-­тартыссыз мәселе оңтайлы шешілді. Қазір Арал тұрғындары «Қызыл­орда-Сексеуіл-­Жезқазған-Астана» бағытындағы жолаушылар поезына кез келген  жерден  мініп, діттеген  жеріне  қиналмай  жетуде.

Мұнан соң Президент Қасым-­Жомарт Тоқаевқа Әбілбай Садықбаев ағамыздың айтқан ел аманаты – «Сырдария арнасын реттеу және солтүстік Аралды сақтап қалу» жобасы­ның екінші кезеңін жүзеге асырып, Арал мәселесін түпкілікті шешу де күн тәртібінен түспей келеді. Сол кездесуден кейін-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Көкарал» бөгеті мен Сырдария арна­сын қайта қалпына келтіру жөнінде үкіметке жедел тапсырма беріп, жөндеу жұмыс­тары  жолға  қойылды.

Мұнымен бірге «САРАТС» жобасының ІІ кезеңін жүзеге асыру мақсатында да облысымызда арнайы тыңдаулар мен басқосулар өтуде. Сондай басқосу жуырда Арал қаласында да өтті. Бұл басқосу «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасы аясын­да өтіп, оған ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұр­жі­гітов, Парламент мәжілісінің депутаты М.Жайымбетов, облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов, аудан әкімі А.Оңғарбаев, олармен бірге әртүрлі деңгейдегі сала мамандары мен ардагерлер  қатысып,  Арал мәселе­сі кеңінен талқыланғаны мәлім. Яғни САРАТС жобасының екінші кезеңінің жүзеге асатын мерзімі де жақындап  келеді.

Әрине, мұның бәрі жеке мүдде емес, халықтың қалауы, елдің ертеңі, болашағы болғандықтан, ол жүзеге асуға  тиіс.

Осы орайда Ел басшыларына ел аманатын айтқан, айта білген, бүгіндері бірі жүз жасқа, екіншісі тоқсан жасқа бет бұрған екі ел ағасына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбастарына әрқашан  амандық  тілейміз.

Жұмабай  ЖАҚЫП,

Арал  ауданының 

Құрметті  азаматы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: