Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорған: Өркендеу жолындағы өнімді қадам

31.07.2025, 15:05 187

HALYQLINE.KZ

Тарихтың тереңінен тамыр тартқан, шипалы жері мен шежірелі елі үйлесім тапқан бұл өлке – еңбек пен рухтың алтын бесігі. Еліміздегі ең алғашқы емдік балшық шипажайы осында бой көтерсе, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласының да өркені кеңейіп келеді. Өткенге тағзым, бүгінге тірек, ертеңге сеніммен қарайтын Жаңақорған жұрты уақыт талабына сай жаңарып, жаңғырып келеді.

Осы орайда, 2025 жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстарды саралаған аудан әкімі Мажит Самитов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында БАҚ өкілдерімен жүздесіп, өңір дамуының негізгі басымдықтарын атап өтті.

Жартыжылдық көрсеткіштерге сүйенсек, аудан экономикасында ауыл шаруашылығыныңүлесі әлі де жетекші орында тұр. Бұл саладан түсетін табыс жыл санап артып келеді. Атап айтқанда, есепті кезеңде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 10 млрд 433 млн теңгеге жетіп, былтырғыдан 17,6 пайызға артқан. Егіс көлемі де 37 050 гектарға дейін ұлғайған. Ауылдан басталған тіршілік экономикаға серпін беріп қана қоймай, келесі кезекте өнеркәсіп пен кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуге де алғышарт болуда. Жаңақорғандық кәсіпкерлер бүгінгі күннің талабына бейімделіп, шағын және орта бизнес өкілдері белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 584-кежетіп, олардың 91,6 пайызы нақты жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіштің артында мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар мен жеңілдетілген несиелер бар. Дәлірек айтсақ, жарты жылда 224,9 млн теңгенің 18 жобасына қаржылық қолдау көрсетілген.

Жаңақорған ауданында жол мәселесі тек қозғалыс құралының жайлылығы ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін басты тетік ретінде қарастырылып отыр. Сондықтан бұл саладағы жұмыс жоспарлы әрі жүйелі. Аудан басшысы Мәжит Самитовтың айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта бірнеше маңызды бағыт бойынша нақты қадамдар жасалған.

– Атап айтқанда, облыстық деңгейдегі «Байкенже – Қарғалы – Шиелі» тасжолының бір бөлігі қайта жаңғыртылуда. Бұдан бөлек, ауданаралық және ауданішілік жол желілері де назардан тыс қалған емес. Қазіргі таңда «Самара – Шымкент – Екпінді» және «Әбдіғаппар – Төлек ата – Хорасан ата» бағыттарындағы күретамыр жолдарда орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалар аяқталған соң, аудандық маңыздағы жолдардың қанағаттанарлық жағдайы 98 пайызға жетеді деп күтілуде. Ауылдардың ішкі көшелері де біртіндеп жаңарып келеді. Қазіргі уақытта 15 елді мекенде 35 көше жөнделіп, 50 шақырымнан асатын жол жаңғыртылуда. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш те өсіп, ауылішілік жолдардың сапасы 66 пайыздық межеге көтеріледі. Жолмен қатар жүргіншілердің қауіпсіздігі де ұмыт қалмаған. 7 ауылдық округтегі 8 көшеде жаяу жүргіншілер жолы салынып жатса, 10 елді мекеннің 27 көшесінде жарықшамдары орнатылуда. Халықтың жайлы өмір сүруі – біздің басты мақсатымыз. Жол салу, жарық жүргізу, тротуар төсеу – бәрі де тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз орта қалыптастыру жолындағы нақты іс. Жаңақорғанның бүгінгі беталысы – өркендеу жолындағы нық қадамның айқын көрінісі, — дейді аудан әкімі.

Сыр өңіріндегі ежелден егіншілікпен аты шыққан бұл аудан биыл да дала төсін дүбірлетіп, еңбек майданында толайым табысқа қадам басып отыр. Аудан шаруалары биылғы егіс науқанында 35 453 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған. Соның ішінде басты дақыл – күріш көлемі 7 300 гектарды құрап отыр. Жер емген шаруаның бел жазбай тер төгуінің арқасында бүгінде көктемгі күдік жазғы үмітке ұласқан.

Аудан әкімінің дерегінше, бүгінде Жаңақорғанда ауыл шаруашылығымен айналысатын 781 шаруашылық құрылымы бар. Оның 460-ы егін шаруашылығын қолға алса, 234-і күріш егуге маманданған. Сондай-ақ, су тапшылығы Сыр бойы үшін соңғы жылдары ең өзекті мәселеге айналып отыр. Осыны ескерген аудан билігі дер кезінде шешім қабылдап, көктемгі егіске дейін 8 ауылдық округтегі 43 шақырымды құрайтын 17 канал толық тазаланған. Бұл жұмыстарға аудандық бюджеттің шұғыл шығындарға арналған резервінен 28 млн теңге бөлініпті.

– Мәселен, Сунақата ауылдық округіндегі «Әмір» шаруа қожалығы 14 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгізіп, бақша-көкөніс дақылдарын еккен. Жалпы аудан бойынша 100 гектарға жуық алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп отыр. Бұл тәсіл бір жағынан суды аз жұмсап, өнім көлемін арттыруға сеп болса, екінші жағынан тың тәжірибеге жол ашуда.

Сонымен қатар, биыл күздік бидай 3 050 гектарға, тары 192 гектарға, мақсары 1 445 гектарға, көкөніс 545 гектарға, бақша дақылдары 1 970 гектарға орналастырылған. Сонымен бірге 15 210 гектар ескі, 4 325 гектар жаңа жоңышқа егілді. Күріш егілетін танаптардың сапасын арттыру үшін 4 000 гектарға жуық жер лазерлік тегістеуден өткізілді, — дейді аудан басшысы.

Мажит Самитұлы өз баяндамасында жұмыспен қамту, білім беру, медицина сынды әлеуметтік маңызы бар салаларға да арнайы тоқталды. Атап айтар болсақ, жыл басынан бері 259 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, барлығы 1 300-ден астам азаматқа жұмыспен қамту шаралары көрсетілген. Ал 217 тұрғынға жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін грант берілген.

Білім сласында да біршама өнімді істер бар. Қазіргі уақытта аудандағы барлық мектептің материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мектептер жаңа үлгідегі құрал-жабдық, заманауи кабинеттермен қамтамасыз етіліп, білім беру сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Ең бастысы, бұған дейін өзекті мәселе болып келген апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің проблемасы толық шешімін тапты, — деді аудан әкімі.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: