Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды

20.02.2024, 15:10 179

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі Үкімет отырысының күн тәртібінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы, су тасқыны бойынша ахуал қаралды. Сала басшылары мен өңір әкімдері атқарылған жұмыстарды баяндады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, берілген тапсырмалар бойынша алдағы жұмыс бағыттарын нақтылады.

«Үкімет басшысы Олжас Абайұлы мектептер құрылысын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Биыл тапсырылатын 10 мектептің мердігері анықталып, 9-ының құрылысы қарқын алды, 1 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы кеш шығуына байланысты жақын күндері басталмақ. Инфрақұрылым жеткізуге жергілікті бюджеттен 118,4 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді, 9-ына сараптама қорытындысы алынды, 1-еуі аяқталу сатысында. Инженерлік желілер жүргізуге облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күні мердігер мекемелер анықталды. Жобаны үйлестіруші «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамы өкілдерімен бірлескен жол картасына сәйкес жұмыс жүргізілуде», – деді аймақ басшысы.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына мердігер мекеме басшыларымен тығыз жұмыс істеу тапсырылды. Былтыр басталған 10 мектеп биылғы 1 қыркүйекте пайдалануға берілуі және сыртқы инженерлік инфрақұрылым жүргізу алдағы маусым айының соңына дейін аяқталуы керек. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері осы жылдың 1 тамызына дейін мектептер аумағын жол-көлік желілерімен, жарықтандыру, абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолдарымен және аялдамалармен қамтамасыз етуі тиіс.

Айта кетейік, биыл 6900 орынға арналған 10 мектеп, 2025 жылы 5400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өткен аптада «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамы басшыларының Қызылорда облысына іссапары кезінде арнайы мәжіліс өткізіліп, ұлттық жобаны өңірде асырудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: