Бұл туралы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында айтылған.
Қазақстанда Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия жұмысын қайта бастап отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін комиссияның қызметі жаңартылған форматта әрі жаңа құраммен жалғаспақ. Жоғары аудиторлық палатада комиссия төрағасы Әлихан Смайылов ұлттық қор қаражатын жұмсау заңдылығы мен тиімділігіне тоқталып өтті.
– Комиссияның жұмысын қайта бастауымыз керек. Ведомствоаралық іс-қимыл мен ұлттық қор қаражатының тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін жауапкершілік аймақтарын нақты айқындау қажет, – деді ол.
Жиында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына байланысты да ұлттық қорды ұтымды пайдалану мәселесі қарастырылған. Смайловтың сөзінше, Ұлттық қор қаржысы мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауы керек.
– Ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауы тиіс. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды, – деді жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Бұған дейін Үкімет Ұлттық қордан көп көлемде қаражат алуды жалғастыра беретін болса, 2035 жылға таман қор ақшасы таусылатыны туралы болжам айтылған-ды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!