Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық банк базалық пайыз бойынша шешімін шығарды

29.05.2023, 15:32 222

Ұлттық банктың ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Ұлттық банктің басшысы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, шешім нақты деректер мен жаңа факторлар ескерілген болжамдарды талдау негізінде қабылданған. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын жаңартумен қатар инфляция тәуекелдерін бағалауды да жаңадан балансқа келтіріпті.

Қабылданған шешім төмендегі үш факторға негізделген.

НАҚТЫ ЖӘНЕ КҮТІЛЕТІН ИНФЛЯЦИЯ ДИНАМИКАСЫ

2023 жылдың сәуір айында жылдық инфляция біздің күтулерімізге сәйкес наурыз айында басталған төмендеу үдерісін жалғастырып, 16,8%-ды құрады. Жеміс-жидек пен көкөніс нарығындағы ұсыныстың тұрақтануына байланысты азық-түлік инфляциясы 17,9%-ға дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 18,2%-ға өсіп, жанар-жағармай бағасының көтерілгенін көрсетті. Қызметтер құны 13,7%-ға өсті, бұл жеке көрсетілетін қызметтерге сұраныстың тұрақты болуына байланысты. Бұл жерде тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі жанар-жағармай бағасының көтерілуінен болған жанама әсерді әлі көрсетпей тұрғанын атап өткен жөн.

Инфляцияның айлық көрсеткіші осы жылдың наурыз және сәуір айларында 0,9%-ды құрап, орташа тарихи мәндерден жоғары қалыптасты.

Алайда ақша-кредит саясатының нәтижесінде базалық инфляцияның әртүрлі бағалаулары инфляцияның тұрақты компоненттерінің біртіндеп баяулауын көрсетуде. Дегенмен, жанар-жағармай мен тұрғын-үй коммуналдық қызметтері бағаларының көтерілуінің жанама әсерлері оның динамикасына ықпал етеді.

Жалпы алғанда, баяулауға қарамастан, инфляциялық процестер, ішкі сұраныстың тұрақты болуынан, инерциялық сипатын сақтайды. Өзгерген геосаяси жағдай салдарынан логистикалық және өндірістік тауар жеткізу жолдарын қайта құру үдерісі бағаның өсуіне әсер етуде. Нақты сектор кәсіпорындарынан алынған сауалнаманың нәтижелері де бағаның өсуін растап отыр. Ынталандырушы фискалдық саясат пен халықтың жоғары инфляциялық күтулері маңызды проинфляциялық факторлар болып қалуда.

Биылғы сәуірде алдағы 12 айда күтілетін инфляция 16,7%-ға дейін өсті. Тұрғын үй коммуналдық қызметтері тарифтерінің жоспарланған өсуі және жанар-жағармай бағасының нақты көтерілуі халықтың күтулеріне ішінара әсер етті. Сезілетін инфляция көрсеткіші біршама төмендегеніне қарамастан, әлі де жоғары мәнді көрсетуде. Яғни, күтілетін және сезілетін инфляцияның динамикасында байқалған оң үрдіс туралы айтуға әлі ерте.

ІШКІ ЭКОНОМИКА ФАКТОРЛАРЫ

Биылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі 5,0%-ға өсіп, біздің болжамдық бағалауымыздан жоғары қалыптасты. Тауарлар өндірісі мен қызмет көрсету секторы да өсіп келеді. Құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салалары өсудің ең жоғары қарқынын көрсетіп отыр.

Соңғы айларда оң аймақта болған іскерлік белсенділік индексінің динамикасы да экономиканың нақты секторындағы оң үрдістерді растайды.

Халықтың тұтынушылық сұранысы тұрақты болып қалуда. Бұл бөлшек тауар айналымы, тұтынушылық тауарлардың импорты және тауарлар мен қызметтер үшін халықтың қолма-қол ақшасыз төлемдері туралы деректерден көрінеді. Бөлшек сауданың өсу қарқыны пандемияға дейінгі мәндерге жеткенін атап өткен жөн. Тұтынушылық кредиттеу мен инфляциялық күтулердің жоғары деңгейі азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасының кеңеюіне қолдау көрсетеді. Халықтың номиналды жалақысы мен табысының өсуі байқалуда. Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің шамамен 30%-ы отбасындағы табыс деңгейінің 300 мың теңгеден жоғары екенін атады. Бір жыл бұрын мұндай жауаптардың үлесі 10-15% аралығында болатын. Дегенмен, халықтың нақты табысы жоғары инфляция аясында төмендеп, тұтынушылық сұраныстың белсенді іске асуын тежеп тұр.    

Экономиканы қолдау мемлекеттік бағдарламалармен ынталандырылатын жоғары инвестициялық белсенділік те – ішкі сұраныс драйверлерінің бірі. Биылғы қаңтар-сәуір айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 18%-ға өсті. Атап айтқанда, салымдар көлемі көлікке және қоймада сақтауға 39,3%-ға, ауыл шаруашылығында 26,5%-ға, өнеркәсіпте 18,1%-ға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 10,0%-ға өсті.

СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА

Жаһандық инфляцияның одан әрі төмендеуі күтіледі. Оған шикізат пен тауар нарықтарындағы қысымның азаюы және логистикалық мәселелердің шешілуі ықпал етіп отыр. Биылғы сәуір айында біршама өскеніне қарамастан, ФАО азық-түлік бағасының индексі төмендеу серпінін сақтап қалды. Ал мол өнім алу мен астық мәмілесін іске асыру аясында дәнді дақылдар бағасы біздің алдыңғы болжамнан да тез төмендеп келеді. Осыған байланысты теңгенің айырбастау бағамының тұрақты болуынан азық-түліктің ішкі бағасы өсуінің одан әрі бәсеңдеуіне мүмкіндік бар.

Қазақстанның сауда-серіктес елдеріндегі инфляцияның төмен қарқыны қосымша дезинфляциялық фактор болып табылады. Бұл әсіресе Ресейде былтырғы жоғары базаның шығуы нәтижесінде және Қытайда экономиканың қалпына біркелкі келмеуіне байланысты тауарларға сұраныстың төмен болуы аясында байқалуда.

Инфляция бойынша жағдайдың біртіндеп жақсаруына қарамастан, көптеген елдегі сыртқы монетарлық шарттар тежейтін сипатын сақтайды. Өйткені бағаның жылдық өсу көрсеткіштері әлі де белгіленген нысаналы бағдардан асып түсті.

Мұнай нарығы бұрын болжанғанға қарағанда бірқалыпты дамитын болады. Ковид шектеулері алынғаннан кейін Қытай экономикасы қалпына тез келеді деген болжам орындалған жоқ. Сонымен қатар, тұрақты инфляция аясында айтарлықтай қатаң монетарлық саясатты жүргізу жаһандық рецессия тәуекелін арттырады. ОПЕК+ тарапынан мұнай өндіруді қысқарту бағаларды ұстап тұруға оң әсерін тигізе алмады. Осылайша, тежеуші факторлардың басым ықпалы мұнай құнының төмендеуіне әсер етіп болжамды бағалауды қайта қарауға әкелді.

Болжамдарымызды қалыптастыру үшін аталған факторлардың негізінде Brent маркалы мұнай бағасының траекториясын да қайта қарадық. Базалық сценарий бойынша 2023 жылы мұнайдың орташа бағасы 1 баррель үшін 82,2 долларды құрайды.  

Белгілі экономист Мақсат Халық бұл шешімге қатысты өз көзқарасын білдірді. Ол ақша-несие саясатын жақсарту үшін Ұлттық банк пен үкіметтің үндестік жұмысы қажет деп есептейді.

Мақсат Халық, экономист

Базалық пайыз елдегі барлық пайыздық мөлшерлеменің деңгейін анықтайтын негізгі пайыздық мөлшерлеме болып табылады. Оны кей жерде кілтті пайыздық мөлшерлеме, кейде қайта қаржыландыру пайыздық мөлшерлемесі деп атайды. Бәрі сол базалық пайызды білдіреді.

Егер базалық пайыз жоғарлайтын болса екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемесі де жоғарлайды. Несиелік пайыздары да және депозиттік пайыздары да жоғарылайды. Кім несие алса олар үшін тиімсіз болады, кім депозитте қор жинаса олар үшін тиімді болады.

Халықтың көп бөлігі тұтынушы болғандықтан әрине несие пайыздарының төмен болғаны маңызды. Әсіресе ипотека мен бизнеске арналған несиенің қолжетімді болуы қажет. Бірақ базалық пайыз төмен болуы үшін елдегі инфляция да төмен болуы шарт. Өйткені тұтынушылық тауарлардың бәрі қымбаттап жатса кез-келген қарыз беруші қарызды жоғары пайызбен беруге ұмтылатын болады. Қазір инфляция 16,8 пайыз болып тұр.

Инфляцияның сәл бәсеңдегенімен, қарқынды инфляция әлі сақталып тұр.

Кейбір азаматтар базалық пайызды Ұлттық банк 10%-ға дейін түсіру керек деп жатқан көрінеді. Бірақ ол дәл қазіргі жағдайда мүмкін емес.

Біріншіден, базалық пайыз төмендесе ол теңгенің курсының да төмендеуіне жол ашады. Өз тәуекелдерін есептеген екінші деңгейлі банктер бәрібір пайыздарын түсіре қоймайды.

Екіншіден, ол одан әрі инфляцияның қарқынды сипат алуына жол ашады. Ол түбінде базалық пайызды қайта көтеруге алып келеді. Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеу саясаты бар, ол инфляцияны арнайы дәліздің ішінде нысаналы ауыздықтау саясаты. Ол бойынша 2025 жылы 4%дан аспайтын инфляцияға қол жеткізу жоспарланған. Егер инфляция 4% дан төмен болса, онда базалық пайыз 6% шамасына дейін түсуі мүмкін. Ол жағдайда 7-8 % ипотекалық несие мен бизнес үшін арзан ақша қол жетімді болар еді. Бірақ бұл межеге жету үшін елдегі инфляция ауыздықталуы шарт. Ол үшін үкіметтің индустриялық бағдарламасы дұрыс жүзеге асуы қажет. Мәселенің бәрі осы жақта жатыр.

Өз еліміздегі өндірістік саясат нәтижелі болғанда ғана қалыпты, баяу инфляцияға қол жеткізуге болады. Демек Ұлттық банк пен үкіметтің үндестік жұмысы қажет. Тағы бір негізгі әсер етуші фактор бар. Ол АҚШтың ФРЖ (федералды резервтер жүйесі, орталық банкі) доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесін (базалық пайызын) инфляцияның өсуіне байланысты өсіретіндігін айтуда. Ол жағдайда доллар өзге валюталарға қатысты құнын арттырады деген сөз. Демек, өзге елдердің оратлық банктері де ақша-несие саясатын қатаңдатып базалық пайызды көтереді деген сөз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: