HALYQLINE.KZ Үндістан 2022 жылы Ресейден шикі мұнай тасуын (импортын) 10 есеге арттырған. Мұны «Bank of Baroda» баспасөзіне сүйенген «Анадолу» агенттігі таратты.
Банктің мәліметінше, Үндістан өткен жылы Ресей Федерациясынан сатып алынған шикі мұнайдың әр тоннасынан шамамен 89 доллардан пайда тапқан.
Қазір Үндістан импортындағы Ресей мұнайының үлесі 20 пайыз шамасына жетіп қалған. Бұл көрсеткіш 2021 жылы небәрі 2 пайыз ғана болған.
Осылайша, өткен жылы Ресей шикі мұнайының импорты 10 есе өсті. Ресей Федерациясы бұл елге мұнайды төмен бағамен сатуды жалғастырады деп күтілуде.
Еске сала кетейік, Ресей әскері Украинаға басып кіргелі бері Еуропаға жөнелтетін мұнай экспорты азайып кетіп, жаңа тұтынушы іздей бастады. Соның нәтижесінде олар Қытай мен Үндістанға шикі мұнайын өте арзан бағаға сатуға мәжбүр болған. Үндістанның шикі мұнай импортының артуы – тікелей аталған соғыс жағдайымен байланысты.
Еуропаға шығатын мұнайы азайған Ресей Қазақстанның Батыс елдеріне шығатын мұнай құбырын әр түрлі сылтаумен бірнеше мәрте бөгеп тастады. Қазір біздің еліміз мұнайды Ресейден айналып өту жолдарын қарастыруда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!