Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тегеурінді теңге кімге тиімді?

13.11.2025, 12:00 155

15 қараша – Ұлттық валюта теңгенің айналымға енген күні. Осыдан тура отыз екі жыл бұрын алғашқы банкноталар қолданысқа енгізіле бастады. Осылайша төл теңгеміз айналымға шыққан болатын. Ұлттық ақшамызды енгізу тәуелсіздігіміздің қалыптасуына, егеменді ел үшін ұлттық нарықтық инфрақұрылымын құруға, сондай-ақ өздігімен ақша-несие, бюджет-салық саясатын сәйкесінше макроэкономикалық тұрақтандырудың тиімді саясаттарын жүргізу сияқты қажетті де маңызды алғашқы қадамдарын  жасауға  айрықша  жол  ашты.

Осы орайда теңгенің шығу тарихы мен бүгінгі қаржылық саясаты, әлемдік нарықтағы орны  туралы  кеңінен  тарқатып  көрмекпіз. Бұл  жайында  мамандар  пікірі  қандай?

ТАРИХТАН  ТАМ-ТҰМ…

Әлқисса, 1993 жылдың 3 қарашасында құрылған ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комис­сия теңгені дайындап, оны айналымға шығарудың тұжырымдамасын және сценарийін әзірлеген болатын. Сол құжатта төл теңгеміздің жасалатын мерзімі, айналымға енгізу, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу жолдары, қолма-қол ақшаны айырбастаудың коэффициенті мен лими­ті, валюта бағамын қалыптастыратын режим мен басқа да маңызды сұрақтардың шешімі жазылған болатын. Көп ұзамай 1993 жылдың 12 қарашасында ҚР аумағында ұлттық валютаның енгізілуі туралы шешім қабылданып, 15-20 қарашада КСРО-ның 1961-1991 жылдарда шығарылған рубльдерін ұлттық валютамыз теңгеге айырбастау іс-шаралары іске асырыла  бастады.

Ұлттық банк осы сәтте 1 теңгені  1000 сомға бағалады. Алайда  енді  ғана аяққа тұрған елдің сая­си, әлеуметтік мәселесі мен мемлекетаралық қаты­насы ескеріліп, 1 теңге  500 сом болып қайта бекітілді. Теңге купюрасының үлгілері 1992 жылдың 27 тамызы күні  бекітілген болатын. Алғашқы теңгеге  Алатау  мен  Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған  тас­тағы  таңбалар  пайдаланылды.

Теңгенің  дизайнын  Тимур Сүлейменов баста­ған, құрамында Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзел­ханов, Қайролла Әбжәлеловтер командасы жасап шығарды. Олардың қысқа мерзімде атқарған ауқымды жұмысын ерекше атап өту керек. Ол кезде елімізде ақшаны бастыратын фабрика болған жоқ.  Сөйтіп, төл теңгеміз  Ұлыбританиядағы «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын 400 жылдан астам тари­хы бар банкнот фабрикасында  басылып шықты.

Алғашқы ақша Ұлыбританияда басылып шық­қан болса, қазір Қазақстан Республикасының Банкнот фабрикасы мен Теңге сарайы секілді ақша белгілерін шығаратын меншікті өндіріс орын­дарында  дайындалатынын  атап  өткен  жөн.

ТЕҢГЕНІ  АЙНАЛЫМҒА  ЕНГІЗУ  ЕЛІМІЗДІҢ  ТӘУЕЛСІЗ  ЕКЕНІН  АЙҚЫНДАЙ  ТҮСТІ

– Ұлттық валютамыз – теңгені айналымға енгізу Қазақстан Республикасының экономикалық тұрғыда да тәуелсіз екенін айқындай түсті. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз ғана жолы болатын. Өйткені 90-жылдардың басы еліміз үшін аса қиын кезең болды. Еліміз бойынша өндірістер жаппай құлдырап, экономикалық байланыс үзілген соң бұрынғы  одақтас  республикалар  арасындағы  ақша-­несие қатынастары тоқтады. Тауар (айналымдары) тасымалы қысқарды, халық­ты азық-түлікпен қамтамасыз ету ісі карточкалық жүйеге көшірілді. Мекемелер арасындағы есеп бартерлік әдіспен (яғни затпен) жүргізілді. Өндіріс­терде өнім өндіру тоқтады. Теңгеміздің өмірге енуі осылай басталды. Бұл өте қиын да қауырт кезең еді. Бюджеттік мекемелер мен банктер әкелген ақшаны санау кезінде касса қызметкерлері күні-түні жұмыс істеді. Басқа да қызметкерлерден кезекшілік құрылды. Айырбастау барлық есеп айы­рысу кассалық орталықтарында, банктерде жүргізілді. Сондай-ақ, кассирлер инкассаторлардың күзетуімен кейбір айырбастау пунктеріне барып жұмыс істеді. Банктің ішінде күніне 4-5 сағат көз іліп, жұмыстары­на қайта кірісіп отырды. Әрбір кассирдің, инкассатордың, есепшінің жұмысы бірнеше есе көбейді. Ақшаны тасымалдау кезінде жолда кедергілерге тап болмас үшін мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен облыстық ішкі істер басқармасының қызметкерлері аянбай көмек көрсетті. Әлемдік тәжірибеде қолдан ақша жасау­ға жол бермес үшін әр 7-8 жыл сайын банкноталардың дизайны өзгеріп, жаңа түрі шығып тұрады. Жаңадан қорғаныш элементтері енгізіліп, банкнота дайындауда жаңа технологиялар қолданылды. Осылайша, Ұлттық Банк әлемдік тәжірибеде бар жаңа қорғаныш элементтеріне тұрақты негізде талдау жүргізеді. Бұл ұлттық валютаны жоғары деңгейде қорғауға және қолдан жасауға жол бермеуге мүмкіндік береді, — дейді ҚР Ұлттық Банкі Қызылорда филиалы директорының орынбасары Толқынбек  Жексембаев.

ТЕҢГЕНІҢ  НАРЫҚТЫҚ  ЭКОНОМИКАДАҒЫ  АЙНАЛЫМЫ

ҚР Ұлттық Банкі Қызылорда филиалының ақ­паратына сүйенсек, жаңа банкноттық серияда айналым­ға  шығу  кезеңдері  төмендегідей:

– 1-серия – 1993 жылғы «Портреттер» сериясы;

– 2-серия – 1993 жылдан 2003 жыл аралығында шығарылған  «Әл-Фараби» сериясы;

– 3-серия – 2006 жылғы «Бәйтерек» сериясы;

– 4-серия – 2011 жылдан 2022 жыл аралығында шығарылған «Қазақ Елі/Самұрық» сериясы;

– 5-серия – 2023-2025 жылдар аралығында шығарылуы  жоспарланған  «Сақ  стилі»  сериясы.

Қазіргі уақытта өзінің дизайны, орындалу сапа­сы, қауіпсіздік деңгейіне қарай, Қазақстан банкноттары әлем елдері арасында бірнеше рет ең үздік ақша атанғанын атап өткен жөн. Айналымдағы монеталармен қатар Қазақстанда коллекциялық монеталар да бар. Олар – негізінен мәдени-ағартушылық міндетті арқалайтын монеталар. Өте қиын технология бойынша соғылып, көркемдік безендірілу жағынан да озық технологияларды пайдаланып жасалады. Монеталар сәулет, тарих, мәдениет салаларындағы ескерткіштерге, Қазақ­стан тарихындағы танымал тұлғаларға, жануарлар әлеміндегі сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан жануарларға арналады. Ереже бойынша олар шектеулі тиражда соғылып, Қазақстан Рес­публикасының аумағында және коллекциялық құны бойынша шетелдерде сатылуға арналады. Тәуелсіздік тынысы, ұлт байлығының белгісі болып келетін теңгеміздің бұл тарихы – егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін жол. Қалай десек те, тәуелсіз еліміздегі бейбіт тіршілігіміздің дөңгелегі төл теңгемізбен айналуда. Алдағы уақытта да теңгенің ішкі және сыртқы нарықтық экономикада айналымы  арта  бермек.

МАМАНДАР  НЕ  ДЕЙДІ?

Теңгенің қолданысқа енуі бойынша алғашқы жылдары тұрақсыздық, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қиын кезеңдері болды. Бұл заңдылық та. Осы кездері әр өңір өз күнін өзі көріп, нарықтық мәселелермен бетпе-бет келді. Мекемелер арасындағы есеп бартерлік әдіспен, яғни затпен жүргізілді, өндірісте өнім өндіру тоқтады. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық өсім алмасуына айтарлықтай  ықпал  етті.

Мамандардың айтуынша, осы кезеңнен бас­тап біздің облыста да ақша айналымы құлдырап, бюджеттік дефицит артып, бағаның өсуі мен ақша эмиссиясы тез көтерілді. Нақты ақшаға деген қажет­тілік арта түсті. 1991-1993 жылдары ТМД елдерін­де ақша-қаржы жүйесі айтарлықтай тербеліс­ке ұшырады. 1992 жылдың қаңтарынан бастап бағаның еріктенуі бұл мәселені шешу қажет­тігін тездетті. Теңгені енгізу алдында 1992 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі мен Министрлер кабинетінің қаулысымен аудан орталықтарында және Қызылорда мен Байқоңыр қалаларында есеп айы­рысу-кассалық орталықтарын ашып, онда бюджеттік мекемелер мен екінші деңгейлі банктерге есеп айырысу жұмыстары атқарылды. Осының бәрі теңгені енгізудің алғашқы шаралары болатын. Кейін ақша айырбастау осы есеп айырысу-кассалық орталығы арқылы жүргізілді. Ұлттық теңгенің аймақта айналымға шығуы осылай іске асырыла бастаған  болатын.

Тақырып төңірегінде экономика ғылымдарының  кандидаты  Абай  Шайнуровтың да пікірін білген  болатынбыз.

Спикердің сөзінше, теңге – Қазақстан Респуб­ликасының ұлттық валютасы және елдің экономикалық тәуелсіздігінің басты нышаны. Ол 1993 жылы 15 қарашада айналымға енгізілді және сол күн еліміздің қаржы тарихындағы маңызды белес­ке айналды. Жалпы, теңгенің айналымға енуі Қазақ­станға ұлттық нарықтық экономика құру үшін алғашқы қадам жасауға мүмкіндік берді. Ұлттық валютаның негізгі рөлі – ел ішіндегі тауарлар мен қызметтердің құнын өлшеу, айырбас құралы болу және жинақ құнын сақтау қызметін атқару. Теңгенің тұрақтылығы – экономикалық өсудің басты шарттарының бірі. Себебі тұрақты валюта инфляцияны тежеуге, инвестициялық тартымды­лықты арттыруға және халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал етеді.

– Ұлттық валютамыз – теңге енгізілген жылдан бастап елімізде екі деңгейдегі банк жүйесі құрылды. Инфляция деңгейі құрықталып, экономикалық өсім қамтамасыз етілді. Қаржы жүйесі жоғары деңгейде халықаралық талаптарға сәйкес дамыды. Жүйелі жүргізілген ақша-несие саясаты шетелдік те, отандық та инвесторлар тарапынан еліміздің экономикасының нақты секторларына ұзақмерзімді және ірі көлемдегі инвестиция­лар салу үшін тартымды ахуал қалыптастыруға мүмкіндік берді. Теңге курсының деңгейі ішкі және сыртқы факторларға байланысты. Әлемдік мұнай бағасы, сауда балансы, экспорт пен импорт көлемі, сондай-ақ Ұлттық Банктің ақша-несие сая­саты теңгенің құнына тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары теңге еркін айырбас бағамы режимінде әрекет етіп, нарықтық күштердің әсерімен қалып­тасуда. Бұл тәсіл экономиканың сыртқы өзгерістерге икем­делуін арттырып, ұзақ мерзімде тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Халық­аралық деңгей­де теңгенің орны еліміздің экономикалық әлеуетімен және сыртқы сауда қатынас­тарының дамуымен тығыз байланысты. Қазақстан – мұнай, газ, уран, астық және түсті метал­дар сияқты стратегия­лық маңызды ресурстарды экспорттау­шы ел. Сондықтан теңге халықаралық саудада, әсіресе ТМД және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасындағы есеп айырысуда маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары Қазақстан теңгенің аймақтық маңызын арттыру мақсатында Ресей рублі, Қытай юані және өзге де валюталармен тікелей айырбас операцияларын дамытуда. Бұл доллар мен еуроға тәуелділікті азайтып, ұлттық валютаның халықаралық айналымдағы беделін күшей­теді. Ел егемендігі мен мемлекет тәуелсіздігінің негізгі нышандарының бірі – Теңгенің туған күні және кәсіби мереке – қаржыгерлер күні құтты болсын, — дейді экономика ғылымдарының кан­дидаты  Абай  Шайнуров  өз  сөзінде.

Халықаралық қаржы ұйымдарымен (Халық­аралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі) тығыз байланыс орнату арқылы теңге халықаралық резервтік жүйенің бір бөлігі ретінде мойындалды. Сонымен қатар, теңгенің тұрақтылығы  шетелдік  инвесторлардың Қазақ­стан  экономикасына  деген  сенімін  арттыруда.

Теңгенің беделі мен сенімділігі – елдің экономикалық дамуының айнасы. Ұлттық валютаның нығаюы ішкі өндірісті қолдап, импортқа тәуелді­лікті азайтуға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Елімізде халықтың теңгеге деген сенімі артқан, оған дәлел банктерде теңгелік салым­дар  мөлшерінің бірнеше есе өсіп,  депозиттер  құрылымында  70%-ды  құрап  отыр.

ҚУАТТЫ  ЭКОНОМИКА  БОЛҒАН  КЕЗДЕ  ТЕҢГЕ  ТҰРАҚТЫ  БОЛАДЫ

– Теңгеміз туралы айту дәл мен үшін өте ыстық. Өйткені, осы тақырып менің сарапшы болуыма тіке­лей әсер етті деп айтсам қателеспеспін. Ал енді тереңірек қарайтын болсақ, теңгемізді мемлекеттік нышандар қатарында тұрады деп айту­ға болады. Әрине, заң бойынша бекіткен ту, елтаңба, ән­ұранымыз бар. Сол сияқты мемлекеттің мемлекет екенін  айшықтайтын, тәуелсіз ел екенін көрсететін – оның ұлттық валютасы. Әрбір мемлекетке барған сайын сол елдің ұлттық валютасын көріп, танысып, әлемдік деңгейдегі орнына қарап, әрекет жасайтынымыз бар. Мұның өзі мемлекеттің тарихы­нан,  егемендігінен сыр шертіп тұрады. Теңгенің осындай  маңызды рөлі бар  екендігін атап  өткім  келеді. Отыз жылда теңгеміздің жүз еседен артық  құнсызданғаны  бар. Егер де алғашқы кезең­ге қара­сақ, теңгеміз долларға шаққан кезде 4-5 теңгеге жуық болған. Қазіргі уақытта 500 теңгенің үстіне шығып отыр. Сонда осыншама құн­сыз ғой деп сынап жатамыз. Дейтұрғанмен, бұл теңгенің қалай келгенін естен шығармауымыз керек. Ресеймен біркелкі рубльдік аймақтан бірлесіп шығамыз деген келісім болған.  90-жылдары  Кеңес үкіметі тарағаннан кейін  әр  мемле­кет өз алдына тәуелсіз мемлекет болып кетті.  Көп мемлекет рубльдік аймақтан бірінші болып  шығып  кеткен  болатын. Әркім өзінің алдына тәуел­сіз валю­таларын енгізе бастаған. Енді осындай үлкен инфляцияға тап болмас үшін үкімет сол кезде Ресей­мен бірлесе отырып келісім жасайды. Аймақ­тан бірге шығамыз деп, салдары қатты болмас үшін. Бірақ, сол келісімді Ресей бұзып, өздері бірінші шығып кетеді. Осылайша 1992 жылдары елімізді сабан ақша басып қалады. Жұрттың үйле­ріне жинағаны бір тиын боп қалады. Сол кезде Ұлттық банктің тізгінін ұстап отырған азаматтар ең алғашқы резерв қорымыз да жоқ дейді. Алғашқы алтын резерв қорын құрамыз деп жай ғана бір алтынды тауып әкеліп, «осы біздің резерв қорымыз» деп жария еткендер де бар. Теңгенің алғашқы дизай­нын  рәсімдеу, Ұлыбритания­да басып шы­ғару, оны бір күнде жеткізіп, бүкіл еліміз бойынша бір сәтте халықтың қолына тиетін етіп қамтамасыз ету өте үлкен қажыр­лы еңбек деп айтар едім. Тарих мұны білуі керек деп есептеймін. Сондықтан да төл теңге­міз бүгінгідей өмір сүріп келе жатыр. Әрине, кейбіреулер Қырғызстанның валютасы біздің теңгеге қарағанда құнды деп салыстырады. Мәселе онда емес. Әр елдің өз несие саясаты бар. Оңтүстік Корея­ның ақшасын қараңыз, Вьетнам­ның ақшасын қарап көріңіз, долларға шаққанда әлдеқайда құнсыз. Бірақ ол елдер  технология­лық өндіріс қо­йып, әлемге дайын өнім өндіру жағынан көш бастап тұр. Егер тауар өндіруші немесе экспорт­таушы ел болсаң, тіпті жалпы экономикада ақшаның құнсызданғанын да қалайды екен. Неге, өйткені, әлемдік нарықта өніміміз бәсекеге қабілетті болуы үшін. Осындай қадамдарға да баратын мемлекеттер бар. Біз ұлттық экономикамызды айшықтайтын экономикалық моделді құруды ойлауы­мыз керек. Сол кезде өзіміздің шикізатттық, ресурстық елден индустриял­ды-экономикалық елге қарай қадам басуымыз керек. Және осы жерде айтарым, теңгеміз қашан тұрақты болады? Бізде қуатты эконо­мика болған кезде. Ал қуатты экономика – бұл нақты өндіріс кәсібі бар ел. Сондықтан осы жолда қызмет жасауымыз керек деп есептеймін, — дейді Sana business академиясының директоры, экономист  Мақсат  Халық.

ТІЛШІ  ТҮЙІНІ

Иә, қазіргі уақытта сыртқы қаржылық нарықтың жағдайы қарқындап дамып келеді. Әлемдік банк жүйесі де толқымалы жағдайда тұрғаны жасырын емес. Осындай дүниежүзілік  несие  саясаты  мен  қаржылық әлеуетте  теңгеміздің  орнықты  болғаны біз үшін тиімді. Теңге  тәуелсіз  еліміздің әлеуметтік-экономикалық  ахуалының артуына  айтарлықтай  септігін  тигізуде. Ендеше ел экономикасындағы төл теңгеміздің  тегеуріні  нығая  берсін.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.

Фото: ашық дереккөзден.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: