Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тасбөгетте толымды тірлік бар

29.01.2025, 17:10 56

HALYQLINE.KZ

Бүгін Тасбөгет кентінің әкімі Айдын Тыныштықбай бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы кентте атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен жылы кенттің инфрақұрылымын дамыту бағытында мемлекеттік бюджет, демеуші көздері және инвестиция есебінен бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асты. Атап айтсақ, кенттегі әлеуметтік нысандар орналасқан 6 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, «Сабалақ» саяжайының 22 көшесіне, сондай-ақ, кенттегі 6 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылды. Сонымен қатар, Ә.Оразбаев көшесінің 1,8 шақырым бөлігіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Е.Ертуғанов, Ш.Есенов, А.Иманов көшелері абаттандырылды. Наурыз және Тасарық шағын аудандарындағы 10 үйдің шатыры жөндеуден өтті.

Тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында кент әкімі аппаратының үнемделген қаржысы есебінен Ғ.Мұратбаев, Қ.Баймағанбетов, Т.Жүнісов, Ә.Молдағұлова көшелеріне 12 дана, «Сабалақ» саяжайына 2 дана аялдама орнатылды.

– Өткен жылы «Сабалақ» саяжайы тұрғындарының көптен бері көтеріп келген мәселесі аймақ басшысының тікелей қолдауымен оң шешімін тауып, саяжайға «көгілдір отын» желісін жүргізу үшін 3 кезеңнен тұратын жоба дайындалды. Жобаның жалпы құны 3 млрд теңгені құрайды. Бүгінде саяжайдың ішкі газ желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде, – деді кент әкімі Айдын Маратұлы.

Биылғы жылы да кенттің инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жоба әзірленген. Оның ішінде, кенттегі 4 көшеге орташа жөндеу, «Сабалақ» саяжайына жаяу жүргіншілер жолын салу, 2 дана балалар ойын алаңын салу, жаңа бейітті қоршау, 16 көпқабатты тұрғын үйдің шатырына жөндеу жұмыстарын жүргізу, кент көшелерін жарықтандыру сынды жобалар қамтылған. Аталған жобалар қаржылай қолдау тапқаннан кейін тиісті құрылыс жұмыстары бастау алмақ.

– Өздеріңізге белгілі, кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыс орындарын ашып қана қоймай, экономикамыздың одан әрі өсуінің көрсеткіші болып табылады. Биыл да көптеген тұрғынға мемлекеттік бағдарламалардың игілігін пайдаланып, кәсіптерін ашуға, кеңейтуге кеңес берілді. Нәтижесінде 74 тұрғын өз жобаларын сәтті қорғап, 626,2 млн теңге көлеміндегі қаржылай қолдауға ие болды, – деп қорытындылады кент әкімі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: