Былтыр мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 5,9 млрд теңгені құрайтын 327 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарына ауданда 2693 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Оның ішінде, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2626 болып, тіркелгендер үлесі 97,5 пайызды құрады. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында құны 138 млн теңгенің 14 жобасы қаржыландырылды. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» бойынша құны 1,7 млрд теңгенің 47 жобасы екінші деңгейлі банктер тарапынан субсидияланды. «Ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 139 адамға 205,3 млн теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. Ал, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 1,6 млрд теңгенің 72 жобасы қолдау тапты. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының Қызылорда филиалы арқылы құны 1,5 млрд теңгеге 25 ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтары алынды.
Былтыр ауданда 34,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 21,9 мың гектар жерге егіліп, әр гектарынан 60 центнерден өнім алынды.
– 2024 жылы аудан бойынша барлығы 131 мың тонна астық қамбаға құйылды. Суды үнемдеу мақсатында ауданда 13 шаруашылық құрылымы 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3340 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Шаруашылықтар жаңбырлатып суару әдісімен 100 гектар жерге әртүрлі дақыл орналастырып, нәтижелі өнім алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді аудан басшысы.
Өткен жылы құны 1 млрд теңгеге Сәкен Сейфуллин және Асқар Тоқмағанбетов ауылдары газдандырылып, аудан халқын табиғи газбен қамту деңгейі 45 пайызға жетті.
– Шаған және Нағи Ілиясов ауылдарына құны 3,1 млрд теңгені құрайтын газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Елді мекен тұрғындары биыл табиғи газдың игілігін көретін болады. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан халқын газдандыру деңгейі 61 пайызға жетеді деп күтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда облысында құны 800 млрд теңгені құрайтын қуаттылығы 1100 мегаваттық жаңа бу газ қондырғыларының құрылысы жоспарлануда. Жаңа бу газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағында салынады, оған 270 гектар жер бөлінді. Жоба нәтижесінде ауданымыздың экономикасын дамытуға септігін тигізеді, – деді Б.Сәрменбаев.
Аймақ басшысының бастамасымен 2024 жылы «Руханият» жылы деп жарияланды. Айтулы жылда Сырдария ауданының мәдениет саласына үлкен қолдау көрсетіліп, клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары жұмысын бастады.
– Аудан орталығында неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Руханият» орталығы бой көтерді.
Өткен жылы орталықтарда 35 жаңа үйірме ашылып, онда 504 жас пен жасөспірім шығармашылықпен қамтылды. Ауданның мәдениет мекемелері былтыр 1436 мәдени іс-шара ұйымдастырып, аудан өнерпаздары 1272 байқауда 238 жүлделі орындарды жеңіп алды.
Құны 185,4 млн теңгеге Бесарық ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Аманкелді, Жетікөл, Н.Ілиясов, Шаған, Іңкәрдария, Ақжарма, Қалжан ахун елді мекендеріне «ЛЭД» экран, музыкалық аппаратуралар мен аспаптар, басқа да құрал-жабдықтар алынды, – деді аудан әкімі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!