Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдарияда құрылыс қарқыны бар

31.01.2023, 9:10 453

HALYQLINE.KZ

Соңғы жылдары барлық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында көш бастап келе жатқан Сырдария ауданында биыл атқарылатын міндеттер мен алдағы жоспарлар туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде баяндалды. «2022 жыл Сырдария ауданы үшін бірлік пен берекеге толы табысты жыл болды» деген аудан басшысы Мұрат Ергешбаев өткен жылы істелген жұмыстар мен алдағы қызметтер жайында айтты.

Өткен жылы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылды, барлық маңызды салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткіздік. Ауданымыз барлық көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарға шығып, аудан экономикасына тікелей ықпал жасайтын өнеркәсіп саласында да, шаруашылық бағытында да оң нәтиже қалыптасты, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Аудан экономикасының өсуіне бірден-бір себеп, бюджеттен бөлінген қаражат толықтай қамтылып, оның 70-тен аса пайызы әлеуметтік салаға бағытталған, өнеркәсіп өндірісі 4,3 есеге ұлғайып, өңдеу 55,9 пайызға өскен. Және ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі орындалып, инвестиция 219 пайызға, тұрғын үй құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9 пайызға артып отыр. Ауыл шаруашылығы саласынан «Үздік аудан» атанып, өткен жылды айтулы нәтижемен қорытындылаған Сырдарияда ауыл шаруашылығы бойынша үнемі қарқынды жұмыстар жүргізілетіні жасырын емес.

– 2022 жылы ауданда шаруашылық құрылымдары 33 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, барлық өнім түрі ысырапсыз жинап алынды. Егін шаруашылығымен бірге өңір экономикасының негізгі резервінің бірі – мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Аудан бойынша бүгінгі таңда 38 мың бас мүйізді ірі қара, 31 мың бас қой мен ешкі, 20 мың бас жылқы, 1,6 мың бас түйе, 12,5 мың бас құс өсірілуде, – деді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.

Сондай-ақ, аудандар мен ауыл-аймақтардағы басты мәселеге айналған жұмыссыздық түйткіліне тоқталып, ауданда жұмыссыздық деңгейі едәуір пайызға тұрақтап, 902 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, 2023 жылы Сырдария ауданында ерекше қарқынды жұмыстар атқарылып, өткен жылы аяқсыз қалған құрылыстар мен жол саласының жобалары жүзеге асатынын жеткізді.

Биыл барлығы 11,6 млрд теңгенің 71 жобасы бюджеттен және демеушілер есебінен әзірленіп, республикалық және облыстық бюджетке ұсынылды. Осы жобалардың 2023 жылға республикалық, облыстық бюджеттен жалпы құны 7,7 млрд теңгеге 45 жоба қазіргі таңда толық алынды. Қалған жобаларды бюджетті нақтылау кезеңінде алуға жұмыстар жүргізілуде. Биыл да жол жөндеу үшін бірқатар жоба жүзеге асады. Жалпы, 27,6 шақырым асфальт жабындылары төселіп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Елді мекендердің ішкі көшелерін және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 21 жоба қаралған. Оған тиісті қаржы көздерінен 942,2 млн теңге бөлініп отыр. Оның 11 жобасы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен іске асатын болса, қалған 10 жобасына облыстық бюджеттен қаржы қарастырылуда, – деді ол.

Халықтың сұранысы және басты қажеттіліктерінің бірі – елді мекендерді жарықтандыру. Биыл Сырдария ауданына қарасты Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендері толықтай электр желілерімен қамтылып, жаңасына ауыстырылатын болады. Оған қоса, Сырдария ауданының ең үлкен Шаған ауылы бойынша электр желілері жаңғыртылып, 1,1 млрд теңге қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, аудан елді мекендеріндегі су мұнараларын жаңартып, су құбырларын жүргізу бойынша да жұмыстар қолға алынуда. Газдандыру мәселесіне келсек, бүгінде Тереңөзек кенті толығымен газбен қамтамасыз етілген.

Қалжан ахун, Сейфуллин, Тоқмағанбетов және Шаған ауылдарын газдандыру бойынша 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылып, 2023 жылы Қалжан ахун ауылына газ жүргізуге республикалық бюджеттен 298 млн теңге қаржы бөлініп отыр, – деді аудан басшысы.

Аудан әкімі аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өткізілетінін де айта кетті. Нақтырақ айта кетсек, Тереңөзек кентіндегі спорт клубы ғимараты, Тоқмағанбетов пен Қалжан ахун ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік бекеттер де толық жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен қабылдаған «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Тереңөзек кентінен 300 орындық 1 жаңа мектеп құрылысы енгізілген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: