Ағымдағы жылдың күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі су шаруашылығы екеніне бәріміздің көзіміз жетуде.
Арал-Сырдария бассейніндегі жағдай мемлекеттік мекемелерді де, бұқараны да алаңдатуда. Облыс әкімі Гүлшара Наушақызы тиісті орталық және жергілікті билік органдарымен үйлестіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.
Мысалы, тек осы жылдың басынан бері Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевтің қатысуымен су тапшылығы мәселесі қаралды. Аталған министрліктің вице-министрі Серік Қожаниязов үш рет арнайы келді.
22 мамыр күні вице-министр Серік Қожаниязов пен облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жахановтың қатысуымен облыстың су мамандары, депутаттар, облыс тұрғындарымен басқосу өтті. Кейбір ел ағалары хатпен ұсыныстарын жеткізуде. БАҚ-ғы және әлеуметтік желілердегі көзқарастар да сарапталуда. Барлығы жүйеленіп, ұсыныстар жинақталып, жұмыс істелуде. Баршаңыздың да елге болсын деген ниеттеріңіз үшін ризашылық білдіреміз.
Бүгінгі күні дамыған мемлекеттер экономика мен қоғамдық сананы «экологияландыруға» және табиғатты қорғау бойынша кешенді шараларды белсенді іске асыруға көше бастады.
Сондықтан да, экология, суға қатысты сұрақтар планеталық санаға дейін көтеріле беретіні бұрыннан да белгілі. Осыдан барып суға қатысты қазіргі және азаматтардың бір сәттік әлеуметтік қажеттіліктеріне емес, салмақты шешімдер қабылдануы тиіс.
Айта кетсек, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш әлем халықтарына табиғатты қорғау, экожүйелерді қалпына келтіру және планетамен қарым-қатынаста үйлесімділікке ұмтылу жайында үндеу жасаған болатын. Ол жер ресурстарының уақытынан бұрын сарқылып, биоалуантүрлілік бұрын-соңды болмаған және қорқынышты жылдамдықпен азайып бара жатқандығын айтады. Сондай-ақ, бүкіл экожүйелер біздің көз алдымызда жойылып, сулы-батпақты жерлердің құрғап, шөлдердің керісінше алға жылжуда екендігін атап өтті.
Қазіргі таңда халықаралық мүдделерді тоғыстыратын күрделі жағдайларда даналық, сабырлық, ұйымшылдық пен тұтас қоғамның қажырлы еңбегі талап етілетіні бәрімізге түсінікті.
Әрине, өңіріміздің тұрақты дамуы, сумен тұрақты қамтамасыз етуге тығыз байланысты.
Ежелгі грек тарихшысы Геродоттың «Сыр өзені» жайында «елін емізіп жатқан өзен» деп жазған дегенді оқып едім. Ендеше «Сыр-Ананың» ғұмыры ұрпақтарының тағдырымен тамырлас.
Арал теңізі өз тарихында біресе айдыны тарылып, біресе суы тасып, сан өзгерістерге түсіп келе жатқандығы белгілі. Кезінде жергілікті ғалымдардың Арал теңізінің құрғап қалған табанынан екі бірдей қаланың орнын тапқаны есімізде.
Сол кезде Ә.Марғұлан атындағы археология институтының басшысы, Қазақстан Ұлттық академиясының академигі Карл Байпақов: «Теңіздің бұған дейін де құрғап қалып, кепкен табанға қоныс салынғанын енді сеніммен айта аламыз. Әзірге сондай қалалардың екеуі ғана белгілі. Бірақ, олардың саны бұдан әлдеқайда көп. Деректерге сүйенсек, қырықшақты шаһардың тұрғанын пайымдауға болады»,-деген еді. Аралдың тарихы бүгінгі күніміз үшін үлгі-тағылым, болашақ үшін ескерту болып тұр. Су жетпейін демейтін шығар, әрқайсысымыздан жанашырлықпен үнемдеу қажет.
Яғни, Құдай салып, біз көтеретін мәселенің салмағы күннен-күнге артып келеді. «Сабыр түбі – сары алтын» деген нақыл сөз бар. «Сабыр» – арабтарда жанға батырып барып, дертті емдейтін қасиетті шөптің атауы екен. Жанымызға бүгін батса да арты дұрыс шешілетініне, әрбір жүйелі сөздің де, іскерлік ұсыныстардың да өміршеңдігіне сенім артайық.
Ендеше, барлық деңгейдегі тиімді шешім табу жолындағы жасалып жатқан шаралардың тиімді және жемісті болуын тілейік.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!