Былтыр іске қосылған шыны зауыты тұрақты өнім шығарып, өнімнің 70%-ын ішкі нарыққа, 30%-ын Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдеріне экспорттауда. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
«Зауыттың негізгі қуаттылығы 197 мың тонна. Зауыт іске қосылғаннан бері жобалық қуаттылықтың 85%-ын игеріп, 167 мың тонна өнім шығарды. Шыны зауытының аясында шағын және орта кәсіпкерліктің белдеуін дамытуға мүмкіндік мол. Зауыт жанынан құны 130 млрд теңгеден асатын түрлі шыны бұйымдарын шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын құрылады», – деді аймақ басшысы.
Оның сөзінше, келер жылы жылына қосымша 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылып, шыны бөтелкелер және алғашқы айна зауытының құрылысы басталады. Бұл 3 жобаның жалпы құны 32,3 млрд теңге. Құны 1 млрд теңгені құрайтын әк және құрғақ құрылыс қоспаларын шығару цехы іске қосылды. 2024 жылы аймақта құны 27,1 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!