Қызылорда облысында аудандардың барлығы дерлік өсу мен өркендеудің үлгісін көрсетіп келеді. Иә, бұлай деуіміздің себебі, аймақтағы аудандар соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму бағытында ауқымды жұмыстар атқарып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруда нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Соның ішінде, Шиелі ауданының жетістіктері ерекше назар аударуға тұрарлық. Тыңғылықты тіршілігінен ауданның әлеуеті мен болашағына зор үмітпен қарауға толық негіз бар. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков кеңінен баяндап берді.
Әкімнің айтуынша, ауданның негізгі көрсеткіштері жыл санап өсіп келеді. Әсіресе, аудан экономикасына тікелей ықпал ететін макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығы дерлік оң қарқын көрсетіп отыр. Бұл тұрғыда Шиелі ауданы облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрініп, бірінші орынды иеленген. Аудан басшысы ағымдағы жылдың 6 айындағы көрсеткіштерге тоқтала келе, ауыл шаруашылығы, соның ішінде егін шаруашылығы ауданды өркендетуде маңызды рөл атқарып отырғанын ерекше атап өтті.
— 2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 5 млрд 17,2 млн теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,5 пайызға артық орындалған. Егін шаруашылығы ауданның басты экономикалық бағытының бірі ретінде айрықша рөл атқаруда. Биылғы жылы 31 512 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Сонымен қатар, ауданнан 3 мың тоннаға жуық бау-бақша өнімі Ресей, Қырғызстан және еліміздің басқа аймақтарына экспортталуда, — деді Айтбай Насриддинұлы.
Аудан басшысы өз сөзінде әлеуметтік саланың, әсіресе білім беру жүйесінің дамуына да ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. Білім беру сапасын арттыру, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын жетілдіру бағытында нақты шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстар келешек ұрпақтың сапалы білім алуына және өңірдің интеллектуалды әлеуетінің артуына серпін бермек.
— Ауданда қазіргі таңда 38 мемлекеттік және 2 жекеменшік жалпы білім беру мектебі, сондай-ақ 18 мемлекеттік және 75 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Үш ауысымда оқыту немесе апатты жағдайда тұрған білім ошақтары жоқ. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. 2025 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша ауданның орташа балы – 84,3. Бұл көрсеткішпен біз облыс бойынша үздік төрт ауданның қатарынан көріндік. Балаларымыздың алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасау – басты міндетіміз, — деді аудан әкімі.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандағы «Сыр ұланы» лагері мен «Қарлығаш» балабақшасының тозығы жеткен, қауіп төндіретін ескі қоршаулары толығымен жаңартылып, олардың орнына қазіргі заманға сай, қауіпсіз қоршаулар орнатылды. Сонымен қатар, аудандағы мектепке дейінгі ұйымдар қызметіне жүргізілген жоспарлы мониторинг нәтижесінде заң талаптарын орындамаған 25 жекеменшік балабақша тізімнен шығарылып, жұмысын тоқтатты. Бұл – сапалы білім беру мен балалар қауіпсіздігіне деген жауапкершіліктің айғағы. Сондай-ақ, аудан бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында бірқатар маңызды медициналық нысандардың құрылысы жүргізілуде. Әрине, денсаулықты сақтау – аудан тұрғындары үшін ең құнтты бағыттардың бірі.
— Қазіргі уақытта Шиелі кентінде 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімінің жаңа ғимараты бой көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп, нысанды қыркүйек айында пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, ауданаралық аурухана базасында қосымша корпус салынып, оған МРТ құрылғысын орнату жұмыстары жоспарланған. Бұл тұрғындар үшін жоғары технологиялы диагностикалық қызметтің қолжетімділігін айтарлықтай арттырады, — деді Айтбай Насриддинұлы.

Медицина инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар тек жаңа нысандар салумен шектелмейді. Аудан басшысы сонымен қатар «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Бұл жобалардың барлығы аудан халқының денсаулығын жақсартуға және медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын да тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, 2025 жылы Шиелі ауданында инфрақұрылымдық бағыттарда да айтарлықтай оң өзгерістер байқалуда. Ауызсу мен газдандыру, құрылыс пен өнеркәсіп, көлік жолдары, электрмен қамту, абаттандыру және әлеуметтік қолдау салаларында тұрақты даму үрдісі қалыптасып келеді. Бұл бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, ауданның инвестициялық және әлеуметтік тартымдылығын да айтарлықтай арттыратыны анық.
— Бүгінде ауданда құны 363 млн теңгені құрайтын спорт кешені және 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, аудандағы барлық ауылдық округтер толығымен ауызсумен қамтамасыз етіліп, 16 елді мекен табиғи газен қамтылған. Аудан бойынша халық саны – 85 945 адам. Оның ішінде, экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны – 36 501, жұмыспен қамтылғандары – 34 668, жұмыссыздық 5,0 пайызды құрайды, — деді аудан басшысы.
Бұл көрсеткіштер аудан экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын және еңбек нарығының бақылауда екенін айғақтайды. Аудан басшысы атап өткендей, өнеркәсіп пен шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы елді мекендердің өмір сүру деңгейін жақсартуға және ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жоюға болатыны сөзсіз.
Оразкүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!