Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелі – көп ауылы газға қосылған бірден-бір аудан

06.02.2024, 15:00 249

HALYQLINE.KZ

 «Атқарылған жұмыстар бар болғанмен, алдағы міндеттеріміз одан да көп» деген Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді.

Жалпы, өткен жыл қорытындысымен еліміздегі экономикалық даму және саяси тұрақтылықтың арқасында Шиелі ауданында макроэкономикалық бағыттар бойынша өсу динамикасы қалыптасып, негізгі әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларында оң нәтижеге қол жеткізген.

Зәулім-зәулім ғимараттар бой көтеріп, әлеуметтік нысандар ел игілігіне пайдалануға берілген, көптеген елді мекен «көгілдір отынға» қосылған. Шынын айту керек, Шиелі – көп ауылы газға қосылған бірден-бір аудан.

– Өздеріңізге мәлім, өткен жылы Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толса, Шиелі ауданы 95 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл тарихи сәтке ауданымыз толымды табыстармен жетіп отыр.

Даталы мерейтой аясында ауданда түрлі іс-шара ұйымдастырылып, тағылымы мен тәрбиелік маңызы зор рухани-мәдени, спорттық бағыттағы түрлі жиын өтті.

Ең әуелі өткен жылдағы айтулы жетістіктерге тоқталып өтсем, қуанышты жаңалық ретінде Шиелі ауданы аймағымызда егін шаруашылығы бойынша «Озат аудан» номинациясын иелендік. Биыл да сол бағытпен жұмыс істейтін боламыз, – деді аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың негізгі тапсырмасына сәйкес, ауданға инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу, салық базасын ұлғайту, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету, көркейту-көгалдандыру және аудандағы саяси ахуалды тұрақты ұстауға күш салынып жатқаны айтылды.

2024 жылға аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде 14 миллиард 977 миллион теңге көлемінде бекітілген. Оның ішінде, аудандық бюджеттің өз кірісі – 4 миллиард 229 миллион теңге.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 49 миллиард 204 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 106,7 пайызды құраған. Ауданда төрт түліктің барлық түрінде өсім бар екені айтылды. Өткен жылы барлығы 30792 гектар жерге егiс егілсе, негізгі дақыл күріштің көлемі 13176 гектар болды. Сондай-ақ, егіс көлемі соңғы жылдары 3000 гектарға ұлғайса, осы жылы ауданымызда 1000 гектар жерге жүгері өнімін егу жоспарлануда. Аудан басшысы Жалғызағаш өңіріне «Таң ЛТД» ЖШС Қытай компаниясымен бірлесіп, тамшылатып суару арқылы жүгері егуді қолға алып отырғанына ерекше тоқталды.

– «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылдың қорытындысымен жобалық құны 548 миллион 135 мың теңгені құрайтын 75 жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Осы жоба аясында Бәйтерек ауылдық округіндегі «Қызанақ пастасын өндіру цехы» ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, қайта өңдеуді қолға ала бастады. Алдағы уақытта да осындай жобалар санын көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын құрып, жұмыссыздық деңгейін төмендететін боламыз, – деді аудан әкімі.

Шиеліде биылғы жылы кезекте тұрған 142 отбасына баспана кілті табысталғаны БАҚ-та жазылды. Әрине, баспанаға мұқтаж азаматтардың мәселесі оң шешілгені екі жаққа да қолайлы.

Брифинг барысында спикер көптеген мәлімет, статистикалық дерек келтірді. Соның арасында ең маңыздыларына тоқталуға тырыстық.

– Ауданда денсаулық саласында 1 миллиард 285 миллион теңгеге Бала би, Досбол датқа, Бұланбай бауы елді мекендеріндегі медициналық амбулаториялар халық игілігіне пайдалануға берілді.

Өткен жылы ауданда 3096 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, 12 айдың қорытындысымен 3369 жаңа жұмыс орны құрылып, жоспар 108,8 пайызға орындалды. Есепті мерзімде 2319 адам бос жұмыс орындарымен, 2956 адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылды, – деді Нұржан Ахатов.

Қазір аудан халқының 30,2 пайызы – жастар. Бүгінгі күнге дейін ерікті жастардың қатысуымен барлығы 300-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 12 мыңнан астам жас қатыстырылған. Жастар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу бағыттары бойынша қоғамдық рейдтік шаралар да ұйымдастырылып келеді.

«Жеткен жетістіктеріміз – ең алдымен еліміздегі тұрақтылықтың, ел бірлігінің арқасы. Алдағы уақытта аудан жұртшылығымен бірлесіп, елді өркендету жолында тынбай еңбек ететін боламыз» деді Нұржан Сәбитұлы.

Аудан әкімі БАҚ өкілдері тарапынан қойылған бірнеше сұраққа жауап берді. «Әлеуметтік желіге қаншалықты уақытыңызды арнайсыз?» деген сұраққа, «ауданға қатысты сын, ескертпе, ұсыныстар болса, жан-жақты саралап, нақты жауап береміз. Жалпы, тұрғындарға ашықпын» деп жауап берді. Одан өзге аудандағы апатты жағдайдағы клуб үйлері, кенттен шығатын тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуге қатысты өз ойын айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: