Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелі: дамудың даңғыл жолы

26.07.2024, 10:35 142

HALYQLINE.KZ

2023 жылдың соңында аудан тізгінін қолға алған Нұржан Ахатов келгелі Шиеліде мол өзгерістің ізі байқалады. Олай дейтін себебіміз, Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалы өзге аудандардан асып түспесе, кем түспейді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында жартыжылдықта жүзеге асқан және асырылғалы отырған игі бастамалардың әрқайсысына тоқталған аудан әкімі өлкенің дамуына Ел Президенті мен үкіметтің көп үлесі тигенін айтады. Аудан басшысының айтуынша, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Ең алдымен ауданның экономикалық әлеуетіне тоқталсақ. Шиелі ауданының бюджеттік кірістері 2024 жылы несиелерді қоса алғанда 14 млрд 977 млн теңге болып бекітілген. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша түзетілген бюджет несиелерді және бюджет қаражатының қалдықтарын қоса есептегенде 15 млрд 873 млн теңгеге нақтыланып, 6 пайыздық өсім алды. Болжамдалған кірісте біршама өсім бар. 2024 жылдың 1 шілдесінде болжамдалған кіріс – 6 млрд 824 млн теңге (112,5%), оның ішінде аудандық бюджеттің жеке кірісі 3 млрд 329 млн теңге болып, 129%-ға орындалды. Атап өтілген игерілген қаражат халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартуға жұмсалуда.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттың бірі – аймақтарды жан-жақты дамыту. Әлеуметтік инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру – басты міндет» деп нақты атап өтті. Инфрақұрылымды дамыту – ел дамуының қайнар көзі. Жоғарыда аталған ауқымды қаражат халық игілігіне бағытталады. Халықтың аз қамтылған бөлігіне қайырымдылық акциясы аясында 458 отбасына 8,1 млн теңгеге көмек көрсетіледі, – дейді Нұржан Сәбитұлы.

Аудан әкімі сондай-ақ, өнеркәсіп саласындағы оң бастамаларды да алға тартты. Шиелі ауданында 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны 6456-ны құрайды. 6 ай қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында 183 жобаға 2 млрд 541 млн теңге шағын несие беріліп, жаңадан 254 жұмыс орны құрылды. 2024-2028 жылдары аралығында аудан бойынша жалпы жобалық құны 95 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарда тұр. Ол жобалар толығымен іске асса, жаңадан 1308 жұмыс орны ашылады.

Шиелі жайында сөз еткенде ауыл шаруашылығынан аттап кетуге болмайды. Себебі, асыраушы салаға келгенде Шиелінің ешкімге дес бермейтіні қалың қауымға мәлім. 2024 жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 4 млрд 496 млн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда 101 пайыз өсімді білдіреді. Аудан бойынша 31501 гектарға егін орналастырылған. Негізігі күріш дақылының үлесі 12918 гектарды құрайды.

Ағымдағы жылы «Таң LTD» ЖШС Таушұқырой өңірінен жалпы көлемі 5000 гектар жердің тамшылатып суару әдісімен 800 гектары игеріліп, жүгері дақылы егілді. Бұл бағытта жобаны мемлекет тарапынан қолдау ретінде 16 шақырым жерден электр желілерін тарту мен жабдықтауға облыстық бюджеттен 149 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді, – деді аудан әкімі.

Ауыл шаруашылығы саласына негізделген «Ауыл аманаты» бағдарлаамасы аясында 548 млн теңге көлемінде 75 жоба қаржыландыруға ие болып, 100 жаңа жұмыс орны ашылды.

«Ауыл аманатынан» бөлек, «Ауыл – Ел бесгі» жобасы да жемісін беріп жатыр. Аталған жоба шеңберінде республикалық бюджеттен жобалық құны 363 млн теңгені құрайтын Шиелі кентінде салынатын су жаңа спорт кешенінің құрылысын бастауға 50 млн теңге, жобалық құны 461 млн теңгені құрайтын Бестам ауылында 150 орындық клубтың құрылысына 50 млн теңге бөлінді. Кенттегі О.Байымбетов, Б.Дүйсенов көшелерінде орналасқан 50 үйдің құрылысына жергілікті бюджеттен 103 млн теңге қаралып, ауызсу, электр желісі, жол тартылды.

Мемлекет басшысы «Ауызсу мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жол карталары мен жоспарлар нақтыланып, елді мекендерді 100% ауызсумен қамту жұмысы жүйелі жүргізілу керек» деген-тұғын. Шиелі ауданында сапалы ауызсумен ауылдық жерлердің 95%-ы, жалпы 86 мың тұрғынның 99,9%-ы қамтамасыз етілген. Биыл Қызылқайың, Қосүйеңкі елді мекендерінде ауызсу жұмысының құрылысына 447 млн теңге қаржы бөлініп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Ақтам, Лесхоз елді мекеніне су тұщытқыш орнатуға арнайы 17 млн теңге бөлінді.

Жыл сайын Шиеліде халық санының өсімі байқалғаннан соң, сәйкесінше мектепке қажеттілік те пайда болатыны анық. Қазіргі таңда өңірде бас-аяғы 38 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде үш ауысымдық және апатты жағдайдағы оқу орны жоқ. Былтырғы жылы облыс әкімінің қатысуымен Байсын ауылында 250 орындық мектеп балаларға пайдалануға берілген еді. Биыл міне, Жансейіт елді мекеніндегі жобалық құны 998 млн теңгені құрайтын 100 орындық жаңа мектептің құрылысы, 784 млн теңге бөлінген Г.Ковтунов атындағы жаңа мектеп те ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде қолданысқа беріледі.

Денсаулық сақтау саласы мен спорт саласында да өсім бар. Биылғы жылы облыс көлемінде 11 дәрігерлік амбулатория құрылысы жоспарланса, оның 5-еуі – Шиелі ауданында. Кентте көпбейінді аудандық аурухана ғимаратына блок қосу, МРТ құрылысын орнатуға 733 млн теңге қарастырылды.

Ал спорт саласына тоқталар болсақ, жыл басынан бері аудан спортшылары әртүрлі жас ерекшелігі бойынша Азия, облыстық және республикалық чемпионаттарда 39 алтын, 27 күміс, 25 қола медаль еншіленді. Сондай-ақ, бәрімізге мәлім, «Қайсар» футбол клубының жанынан құрылған «Қайсар-Шиелі» де жасақталып, бүгінде біріншіліктің екінші лигасында өнер көрсетіп келеді.

Иә, Шиелінің қарқыны жаман емес. Жаңа әкімнің жаңа серпін алып келгені көрініп тұр. Бір жағынан осы БАҚ өкілдеріне есеп беру марофонын да шиеліліктер бастайтынын ерекше атап өткен жөн.

Аудан орталықтарын көркейту, халықтың кешкілік серуендейтін, бос уақыттарын тиімді өткізетін орындарды көбейту мақсатында орталық стадион мен «Ы.Жақаев» саябағын қайта жаңғырту, Тәуелсіздік көшесінің бойын абаттандыру, «Базар» арығының жағалауынан «Көрікті жағажай» аллеясын ашу жұмыстары қолға алынуда, – деп қорытындылады аудан әкімі баспасөз жиынын.

Халық-хабар

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: