Соңғы бес жылда Қазақстаннан Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің нарығына жөнелтілетін бірқатар тауарлардың көлемі артқан. Атап айтқанда, көкөністер экспорты – 9, жеміс экспорты – 4,5, сүт өнімдері экспорты 2 есеге дейін ұлғайған. Әлемдік пандемияға байланысты ЕАЭО елдері арасындағы экономикалық құлдырауға қарамастан Қазақстанда агроөнім өндірісі 9 айда 5 пайыздық өсімді көрсетті. Дегенмен…
Сауда саласындағы ортақ қағидаттар, міндеттер, шарттар, ұсынымдар мен сұраныстар да Дүниежүзілік сауда ұйымының ортақ негізделген құжатына тікелей бағынысты екені белгілі. Әрине, ДСҰ-ға мүше мемлекеттер үшін. Осы ретте Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге аграрлық тауар жеткізу көлемі 33,6 пайызға өскенмен, кедергілер де баршылық.
– Оң серпінге қарамастан, іс жүзінде қазақстандық тауарлардың еркін қозғалуына байланысты мәселелер әлі де туындауда. Саудадағы сақталып отырған кедергілер мен тосқауылдар әлі жойылған жоқ. Ол сәйкесінше ұлттық деңгейде сауда қозғалысын шектейтін ЕАЭО құқығындағы қолданыстағы сілтеме нормаларымен байланысты. Қазіргі уақытта аграрлық сектордың дамуына теріс әсер ететін 20-дан астам кедергі бар. Олардың басым бөлігі фитосанитариялық және ветеринариялық-санитариялық бақылау, сондай-ақ техникалық реттеу салаларына тиесілі, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жалпы, биылғы жартыжылдықта жаһан көлеміндегі сауда көрсеткіші алаңдатарлық деңгейде. Дүниежүзілік сауда ұйымының ресми ақпаратына сенсек, алғашқы алты айда әлемдегі сауда индексі 84,5 пайызға дейін төмендеген. Ал ҚР ҰЭМ СК-нің мәліметіне сүйенсек, қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанның жиынтық тауар айналымы 55,6 млрд АҚШ долларын құраған. Сату саласы бойынша ЕО нарығына – 29%, Ресейге – 20%, Қытайға 18% үлес тиген. Елдегі карантин талаптарына байланысты экспорт 18,6, импорт 6,4 пайызға кері кетіп, экономикалық шығынға жол ашқан.
Әлем деңгейіндегі сауда саласының мамандары биылғы жағдайдың күрт өзгеруі мен көрсеткіштің күрт төмендеуін дағдарысқа балап отыр. Олай демеске шара жоқ. Өйткені Еуропа мен Солтүстік Америкада да жағдай оңып тұрған жоқ. ДСҰ-ның бағалауы бойынша экономикалық кірісі төмен елдер саяхат пен көлік салалары бойынша зардап шеккен. Ол елдердің қатарында Қазақстан да бар. Қатаң режимдегі карантин шараларының салдары елдегі автомобиль өнеркәсібін 71 пайызға дейін төмендеткен. Десек те, экспорт бойынша ең көп сұранысқа ие болған тауарлардың алдыңғы тізімінде шикі мұнай, тазартылған мыс және мыс қорытпалары, бейорганикалық химия өнімдері, табиғи газ, ферроқорытпалар, болат, бидай мен меслин және мұнай өнімдері тұр.
Бүкіл әлем бойынша енгізілген шектеу шаралары аясында Қазақстан негізгі тауар тобы минералдық шикізатты жеткізуді қысқартуға мәжбүр болды. Бұл барлық экспорт тауарларының 70%-ға жуығына тиесілі тауар болғандықтан, қазақстандық нарықтың күретамыры байланғандай күйге түсті. Түптеп келгенде, елдің сыртқы сауда айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12, өнім экспорты 18 пайызға төмендеген. Бұған дейін де дүниежүзілік банк сарапшылары Еуропа мен Орталық Азия елдерінде экономикалық құлдырау болатынын ескерткен болатын. Егер пандемияға байланысты карантиндік шаралар ұзартыла берсе, инвестициялық белсенділік те азайып, нарықтың сыртқы сұранысы тағы да төмен қарай бағытталуы мүмкін.
Қазір әр мемлекет өз нарығын қалпына келтіру үшін түрлі шаралар ұсынып жатыр. Соның нәтижесінде әуе қатынасы, контейнерлік тасымалдар мен құрылыс секторына қайтадан жан бітуі болжануда. Ал мұны жыл соңына дейін реттеу мүмкін емес, ендігі үміттің шырағы 2021 жылдың көктеміне қалып отыр. Өйткені ДСҰ 2020 жылы әлемдік тауар айналымы көлемінің 9,2%-ға төмендеуін, 2021 жылы 7,2%-ға өсуін жоспарлап отыр.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!