Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сабалақ» саяжайы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды

21.01.2022, 9:40 369

HALYQLINE.KZ

Тұрғындар үшін өзекті саналатын мәселелерді шешу маңызды. Әсіресе, елді мекендерді ауызсумен қамту, жол сапасын жақсарту, білім ошақтарын салу сынды мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы «Сабалақ» саяжайындағы ауызсу қоймасының құрылысын көрді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Сабалақ» саяжайын ауызсумен қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдар аралығында ұзындығы 67 шақырымды құрайтын магистральді және ішкі ауызсу желілері жүргізіліп, елді мекен тұрғындарына пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жаз мезгілінде су тапшылығын болдырмау мақсатында жеке демеуші есебінен қосымша ұңғыма қазылып, сыйымдылығы 50 текше метр болатын ауызсу мұнарасының құрылысы жүргізілді. Бүгінде жұмыстар толық аяқталып, орталық ауызсу желісіне қосылды. 

Өңір басшысы тұрғындардың игілігі үшін елді мекендерді тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жұмыстарының жоспарға сай әрі сапалы жүргізу керектігін қаперге салды.

Бүгінде облыс халықының 97 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған.

Мұнан кейін өңір басшысы «Арай-3» мөлтек ауданындағы жаңадан салынатын мектеп құрылысы үшін бөлінген жер учаскесіне барды.

Мөлтек ауданан 800 орындық мектеп құрылысын салу үшін 3 гектар жер учаскесі белгіленген. Қазір білім ордасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлеу мен құрылысқа дайындау жұмыстары басталды.

Мұнан бөлек, аумақта сот қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету үшін 1 гектар жер қаралған. Екі жоба бойынша аталған аумақтарды құммен толтыру жұмыстарын жүргізу керек. Мамандардың есебіне сәйкес, 250 мың текше метр, яғни 500 мың тонна құм керек. 

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова демографиялық көрсеткіштің артуына байланысты жаңа мектептерді салу қажеттігін атап өтіп, жаңа мектеп орын тапшылығы шешуге ықпал ететінін тілге тиек етіп, қала әкімі Ғанибек Қазантаев пен құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының Бердияр Пірімбетовке мектеп салу ісіне қажетті жұмыстардың уақытылы әрі сапалы жүргізу керектігін тапсырды.

Айта кету керек, аймақта өткен жылдың қыркүйек айында 750 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді. Оның екеуі – жекеменшік мектеп. Биыл 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, 7 білім ордасы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: