Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Қызылорда облысында болған кезде Сырдария су объектілерін республикалық меншікке беру қажеттігін атап өткен болатын. Сенатор Руслан Рүстемов Палата отырысында Үкімет басшысының атына сол туралы сауал жариялады.
– Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайы Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуіне және суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайына тікелей байланысты. Суармалы каналдардың, қашыртқылардың және гидротехникалық құрылыстардың тозуына байланысты суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы нашарлаған, бұл суармалы судың жоғалуына әкеледі. Суару жүйесінің пайдалы әсер коэффициенті өте төмен. Ирригациялық жүйелер әртүрлі органға бекітілгендіктен басқару жүйесі бұзылған. Суару жүйелерінің қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты, өңірде жыл сайын шамамен 2 млрд. текше метр су жоғалады, бұл – еліміздегі жыл сайынғы су шығынының тең жартысы, – деді сенатор Рүстемов.
Депутат облыс аумағындағы ішкі шаруашылық каналдар «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасына енгізілгенін атап өтіп, Сырдарияның су объектілерін беру процесі 2016 жылы іске қосылуы тиіс екенін атап өтті. Алайда, бүгінгі күнге дейін су объектілері республикалық меншікке әлі қабылданбаған.
Сенатор осыған байланысты Премьер-Министрден ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық-мелиорациялық жағдайды жақсарту және Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайында суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін осы нысандарды республикалық меншікке қабылдауға жәрдемдесуді сұрады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!