Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордадағы «ТОП-6» құрылыс

03.08.2023, 12:20 234

Алаштың Ақмешіті бүгінде қарқынды құрылыс алаңына айналған. Адам өмірінің жылдан-жылға кемелденгені сияқты қала да бірте-бірте дамудың даңғыл жолына түскен. Бұлай болуы – заңдылық. Уақыт бір орнында тұрмайды.  Осыған дейін де Қызылорданың республиканың өзге шаһарларымен жарыса дамып жатқандығы  БАҚ  беттерінде  жазылып, көк  жәшіктен  көрсетілді. Сыр елінің бас қаласын бастан-аяқ айтсақ та артық емес. Сондықтан оқырман назарына Қызылордадағы  қарқынды «ТОП-6» құрылыс туралы  сөз етпекпіз.

ОРТАЛЫҢ  АЛАҢ  ЖАҢА  КЕЙІПКЕ  ЕНЕДІ

Көп адамның көңіл сергітетін орны – орталық алаң. Дәл қазір мұнда биіктігі 30 метрге жететін, түрлі-түске енетін үлкен субұрқақ орналасқан. Енді  алаңның  кейпі өзгереді. Жоба  бойынша субұрқақ­тар аумағына брусчаткалар, жол­жиек тастар орнатылады. Жарықдиодты шамдар қойылып, газондар, көпжылдық жасыл көшеттер отыр­ғызылады. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішімдемелер орналастырылады. Ыбырай Жахаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай  абаттандырылады.

Мына фотоға назар аударсаңыз, болашақтағы алаң кейпі көз алдыңызға келеді. Егер дәл осылай абаттандырылатын болса, шетел асып, көңіл жайландырар жер іздеп әуреге  түспейсіз.

«АНАҒА  ТАҒЗЫМ»  ОРТАЛЫҒЫ  –  РУХАНИ  ҚҰНДЫЛЫҚ  ОРДАСЫ

– Мемлекет басшысы Қасым-Жома­рт Тоқаевтың қолдауымен құны 3,7 млрд теңге тұратын Өнер орталы­ғы құрылысын бастадық. Құны 1 млрд 600 млн теңге тұратын Неке сарайы­ның құрылысын бастадық. Құны 2 млрд 900 млн теңге тұратын Қан орталығы құрылысын бастадық. 7 ай ішінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 9 млрд теңге қаражат тартылды. Қазіргі тұрған ғимарат бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарымыздың құрметіне арналады. Ана – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, елдің ынтымағы мен несібесіне тілекші, бірліктің ұйытқысы. Келешекте жас отбасылар мен кейінгі буын жастар бұл орталықтан рухани құндылық алады деген сенімдеміз, – деген аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың сөзі  бар-тын.

Аналарға көрсетілетін құрмет қай кезде де артық емес. Оларға әлемнің бар жақсысын арнау – міндет. Отбасы құндылығының артуына септігін тигізетін бұл нысанға Сыр еліне белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсен­баев бір жарым миллиард теңге  бөліп  отыр.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов та бұл нағыз отба­сы құндылығын арттыратын, отбасы­ларға  үлгі болатын нағыз руха­ни орталық болады деп нақтылап еді. Отбасылық іс-шаралар, семинарлар мен курстар осы орталықта  жүзеге  асырылмақ.

ӨНЕР  ОРТАЛЫҒЫ  ӨРЕНДЕРГЕ  ҚЫЗМЕТ  ЕТЕДІ

Ұлтты әлемге әйгілі ететін – оның өнері мен мәдениеті, өркение­ті, салты мен дәстүрі. Бұл тұрғыда біздің еліміз, оның ішінде Сыр елінің жұртшылығы өнерден құралақан емес. Жүз шайыр дүниеге келген өңір өнерсіз болуы мүмкін емес. Бұны бағзы заманнан бері Сыр өңірінің өнерпаздары дүйім әлемнің алдында дәлелдеп келеді. Талай талант­тың бағын жандырып, қанаттарын қатайт­қан нағыз өнерпаздардың өңірінде Өнер орталығының бой көте­ріп жатқандығы сырбойы­лықтардың  қуанышын  еселеді.

Мыңдаған келушіге арналған жаңа  Өнер сарайының алғашқы іргетасы қаланды. Құны 3,7 млрд теңгені құрайды. Екі қабатты өнер сарайының құрылысы шамамен бір жарым жылда салынып бітеді. Ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі  деп  жоспарлануда.

Іргетасын қалауға қатысқан аймақ басшысы Н.Нәлібаев елге барын­ша қызмет қылатын орталық болатынын  жеткізген  еді.

– Іргетасы қаланған жаңа Өнер сарайы тек мәдениет саласының қызмет­керлеріне  ғана  емес, Сыр  рухания­тына қызмет ететін, шығармашыл тұлғалардың кие­лі ордасы­на айналады деп сенеміз. Себе­бі руханиятқа жұмсалған әрбір қаржы  жауһар туындылардың өмірге келуіне, ұлтты әлемдік аренада танытуға, талантты өрендердің шабытын шарықтатуға  жол  ашады, – деді  ол.

Айта кетейік, көрермендерге концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін симфониялық оркестр құру  жоспарлануда. Оркестрдің  салтанатты  тұсаукесер рәсімі жаңа Өнер  орталығында  өтеді.

НЕКЕ  САРАЙЫ  НИЕТТЕС  ЖҰПТАР  ҮШІН

Отбасы  құруға  ниеттенген жас­тар осыған дейін ескі ғимаратта орна­ласқан азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесіне жүгінетін. Жас жұбайлар  үшін  ең  маңызды және тарихи салтанатты рәсім ұйымдас­тыратын кабинетімен жабдықталмаған  ғима­ратқа  қатысты  тұрғындар мен жаңа өмірге бірге қадам басуға келген жастар тарапынан да ұсыныстар  жиі  айтылып  келді. Осыны ескерген аймақ басшысы Неке сарайы салтанатты ғимаратын салу туралы тапсырма берді. Аталмыш әлеуметтік  нысанның бой көтеруі  аймақтың құрылыс-индустриялық сәулетін арттырумен қатар отбасы-­демографиялық саясатты жүзеге асыруға үлес қосуға талаптанған жастардың өміріндегі ең маңызды сәттерін әсерлі етуге зор мүмкіндік сыйлайды.

Айта кетейік, заманауи үлгіде салынатан ғимараттың жалпы ауданы – 2100 шаршы метр. Әлеуметтік нысан пайдалануға берілген соң мұнда облыс тұрғындарына АХАТ қызметімен қатар отбасы құндылықтарын дәріптейтін әлеуметтік-мәдени іс-шаралар да жүргізіледі деп  күтілуде.

Қазір жастардың талғамы тым бөлек. Неке куәлігін алу салтана­тының еуропалықтар секілді болғанын қалайды. Енді сондай үрдісті жас жұбайлар талғамдарына сай жалғастыра  алады.

ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА  МЕКТЕБІ  –  БІЛІМ  САЛАСЫНДАҒЫ   БАСТЫ  ЖАҢАЛЫҚ

Қызылорда қаласының сол жағалауында физика-математика бағытындағы мектеп-интернат ғимараты бой көтереді. Бұл – аймақтағы білім саласын дамыту жолындағы басты жаңалық. Өйткені өңірімізде білім додаларында бәйгенің алдын бермей, оқ бойы оза шауып жүрген дарын­ды балалар жетерлік. Сондықтан олардың білімін одан әрі жетілдіру үшін тереңдете оқытатын мектептер керек-ақ. Бұл бастаманың да басына барып, облыс басшысы сәттілік тілеп, болашақ жастар үшін маңызды құрылыс нысаны екенін тілге  тиек  еткен  болатын.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жома­рт Кемелұлы Жолдауында «Орта білімнің  сапасы – табысты ұлт  болудың  маңызды  шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы  жағдай  жа­салуы  тиіс» деген болатын. Президент қазіргі цифрландыру, индустрияландыру заманын­да ІТ саласына деген сұраныс пен техникалық ғылымдардың маңыздылығын ескере келе, жараты­лыстану-математика бағытындағы  пәндерге басымдық беруді тапсырды. Бұл ретте ел дамуына өзіндік үлес қосатын мамандарды оқыту, ІТ саласына  жаңа леп әкелетін бағыттарды дамы­ту – біздің ортақ міндетіміз! Бүгін – Сыр жұртшылығы үшін  айрықша  қуанышты күн. Құны  8 млрд теңгені құрайтын жаңа мектеп оқушыларға  сапалы білім беруге мүмкіндік жасайтын барлық заманауи жабдықтармен жарақталады. Мектеп құрылысы келесі жылы аяқталып, оқушылар мен ұстаздар игілігіне  беріледі. Шын мәнінде баланың игілігінен артық құндылық жоқ. Ал, өмірде өшпейтін із – балаға берген білім мен мейірім  болса керек, – деді  аймақ  басшысы  Н.Нәлібаев.

АВТОВОКЗАЛ  АРМАН  ЕМЕС

Сол жағалаудан бой көтеріп жатқан жаңа нысан биылғы жылдың соңына дейін салынып бітуге тиіс. Құны 975 млн теңгені құрайтын зама­науи үлгідегі автовокзал жолау­шыларға барлық қолайлы жағдайды жасауға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет ететін болады. Жаңа автовокзал ғимаратында тек жолаушылар залы ғана емес, соны­мен қатар ірі сауда және қоғамдық тамақтандыру орындары, автокөлік жөндеу цехтары жұмыс істейді.

Жаңа автовокзал пайдалануға берілгеннен кейін 124 рейсті құрайтын 55 автобус маршруты ашылады. Олардың арасында Ташкент қаласына қатынайтын 1 халықаралық рейс, Астана, Алматы, Шымкент, Жез­қазған, Түркістан, Сарыағаш, Жібек жолы (Черняевка) және Ақ­төбе қаласына 8 республикалық рейс, сондай-ақ 46 ішкі ауданаралық рейс бар. Нысан жаз мезгілінде күніне 3700-ден астам, қыста мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсете алады.

ТҮЙІН. Құрылыс  қарқыны  күшті.  Әсіресе  Сырдың  сол жағалауында салынып  жатқан  нысан көп.  Барлығы ел үшін, халықтың  игілігі  үшін. Жұрт  жақсы мақсатқа  пайдалана  алса,  негізгі  мұрат  та  ізгіленді  деген  сөз.

Керім  КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: